Алғашқы мұсылмандар
Алғашқы мұсылмандар
09.03.2019 21:35
1123
0

Екінші болып Әли мұсылман болады. Ол кезде ол Мұхамбеттің үйінде бірге тұратын. Әбутәліптің әбден кедейленіп, күнделікті ас-ауқаты мұң болған кез. Мұхамбет оған салмақ салмас үшін, Әлиді сұрап алды. Әбутәліптің өзіне өлгенше қарасып тұрды. Қолдан келген жәрдемін аямады.

Үшінші пайғамбардың өкіл баласы Харистің ұлы Зайд мұсылман болды. Хадиша Мұхамбетке тұрмысқа шыққанда өзінің бір қызметшісін күйеуіне жәрдемші болсын деп сыйлайды. Қызметші ұстауға пайғамбардың ары жібермейтін. Себебі, ол біреуге салмақ салғанды жек көретін. Жыртылған аяқ киімін де, өзі жамап, үзілген түймесін де өзі қадап кете беретін. Ол Зайдқа үйіне келген күні азаттық сыйлап, баласындай етіп асырап алды. Оның есімінің өзі «азат адам» дегенді білдіреді.

Пайғамбар өзінің отбасында исламның алғашқы құлшылықтарын жасырын жасап жүрді. Әбутәліп бұл өзгерісті біліп қойды. Ол Мұхамбетті шақырып:

— Әй, ұлым, сені жаңадан дін ойлап тапты деп жұрт өсектеп жүр ғой? Бұл не әңшгіме? – деді. Расул:

— Ата, бұл ешқандай да жаңа дін емес. Бұл бабамыз Ыбырайымның діні. Ол табынған Ұлық Алла мені де пайғамбар етіп таңдады. Сіздің де Исламды қабыл алғаныңызды хош көремін, — деді. Әбутәліп:

— Ұлым, сен ешқашан жалған айтпайсың. Мен сенен дәлел сұрамаймын. Бірақ, қазір сенің дініңді ашық насихаттай алмаймын. Менің заманым басқа. Қатарым бөлек. Өмір бойы араласқан жерлестерім мені «ата-бабасының дінінен безді» деп өсек қылады. Бірақ жан-тәніммен саған болысам. Мен тірі тұрғанда бұл Меккеде саған ешкім қастық қыла алмас. Алған бетіңнен қайтпа. Алла саған жар болсын, — деп батасын берді. Оның жүрек жарды тілегі пайғамбарға жігер сыйлады.

Төртінші Әубәкір Сыдық мұсылман болды. Ол осыдан жиырма жыл бұрын бір түс көреді. Түсінде жақсы іс көреді. Көк аспанда бір ай пайда болып, ол Қағбаның ішіне кіреді. Толған ай сол жерде мыңдаған бөлшекке бөлініп, Меккедегі әрбір үйдің ішіне кіріп шырақ жақты. Ең бірінші шуақ Әубәкірдің шаңырағына барып шашылды. Ең қызығы айдың бөлшектері Меккемен шектелмеді. Олар тоқтаусыз көбейіп, шартарапқа тарыдай шашырап жатты. Ол таңертең тұра сала балгерге түсін жорытады. Ол:

— Түс – түлкінің боғы деген. Мәнісі жоқ көп түстің бірі ғой, — деп қысқа қайырды. Бірақ, түсі Сыдықтың ойынан кетпей қойды.

Бірде ол керуен жасақтап Шамға сапар шегеді. Жолда, баяғы, жиырма жылдан аса Мұхамбетті күтіп жатқан Бақираға кездеседі. Оны оңаша шығарып , көрген түсін айтады. Бақира:

— Сенің атың кім? – деді.

— Әубәкір. Руым – Құрайыш, — деді.

— Ә, сен әйгілі өтірік сөйлеуді білмейтін Сыдық екенсің ғой. Түсіңді былайша жоримын.  Дегенмен анығын бір Жаратушы өзі біледі.  Ұзамай Меккеден ең ұлық пайғамбар шығады. Ол әлемге Рахманның нұрын шашады. Оған түскен киелі кітап қана қияметке дейін сақталады. Мен қате айтпасам, сен оның ең сенімді серігі боласың. Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер деген осы. Басыңа бақ қонып, екі дүниенің абыройы мен дәулеті қатарынан дарыған Құдайдың сүйген құлы екенсің. Ұзағынан болсын дейміз, — деді. Мұны естігенде Әубәкірдің жүрегі езіліп сала берді. Пайғамбар келетін уақытты күтіп алуға іштей ширығып дайын жүрді.

Бірде «Пайғамбар шықты» деген хабарды ести сала ежелгі досы Мұхамбеттің үйіне қарай асықты. Келген бойда:

— Уа Мұхамбет, ел-жұрт сені пайғамбар деп шулап жүр. Мен саған сенем. Дегенмен,  қазір Хиджазда өзін «пайғамбармын» деп айтатын жалғаншылар көбейіп кетті. Мен хақ пайғамбарды тапқым келеді. Маған бір кереметіңді көрсетші, — деді. Сол кезде Жебірейіл келді де Әубәкірдің көрген түсі мен түс жорыту оқиғасын Расулдың көңіліне сала қойды. Пайғамбар бейне бір көріп отырғандай Әубәкір мен Бақираның әңгімесін айна қатесіз айтып берді. Сосын Құранның алғашқы сүрелерінен қирағаттап үзінді оқыды. Құранның құдіретті әуезі мен мағынасы Сыдықтың санасындағы бүкіл күмән мен күдікті тас-талқан қылды. Көңілінің кірі шайылып, жаны жігерленді. Ол бір сәтке тұңғиық ойға батып, үнсіз отырып қалды. Жүрегіне ғайыптан бір сенім ұялады.

— Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын, — деп иман келтіріп, мұсылман болды.

Бесінші Оспан мұсылман болды. Оның Сағди деген әпкесі бар еді. Ол балгерлікпен айналысатын. Бір күні Оспан оның үйіне барды. Дастарқан басында отырғанда әпкесі:

— Әй Оспан, мен саған бір жақсы хабар айтайын. Ұзамай үйленесің. Пайғамбардың қызын аласың. Құмалақтар солай сөйлеп тұр, — деді. Оспан абдырып қалды. Себебі, бұл кезде арабтан пайғамбар шықпаған. Олар «пайғамбарлар яхуди жұртынан ғана шығады» деп ойлайтын. Оған пайғамбар деген сөздің өзі қызық естілді. Ол:

— Қандай пайғамбарды айтып отырсың? Арабтан нәби шықпаған. Ал мені бөтен жұрттан қыз алады дегенің тіпті ақылға сыйымсыз, — деді. Әпкесі:

— Меккеден пайғамбардың шыққаны туралы хабар біраздан бері елге тарап жатыр. Меніңше ол жалғаншы емес. Ол – бұған дейін де адалдығымен аты шыққан Мұхамбет. Мен оны жалғаншы деуге аузым бармайды- деді.

Оспан ол жерден көңілі алабұртып шықты. Ол бірден Әубәкірдің үйіне жол тартты. Себебі, шыншылдығымен танылған Мекке сардарының бірі сол еді.

— Мен Мұхамбет туралы тосын жаңалық естідім. Сенің не білгенің бар? — деді. Әубәкір:

— Мен оны кеше көрдім. Ол өзі Құран деп атаған уахи кітабынан үзінді оқыды. Айтсам сенбейсің, оның сөздерін кахиндердің сандырағымен  салыстыруға да келмейді. Саптаған сөзінің сойы бөлек. Ойы тым терең. Аяттарын естігенде жүрегіңді шымырлатады. Бүкіл жұлын-жүйкеңмен жан-жүрегіңмен жаратушы бір құдіреттің бізге жолдаған аманатын ұққандай боласың. Өз басым Мұхамбетті ары қарай тексеруге арым жетпеді. Ол шынымен де хақ пайғамбар. Қағбаның иесі болған Ұлық Алла біздей қарабет құлдарын ұмытпапты. Арабтан пайғамбар шықты! Енді осы шындықтың шырағын сөндіріп алмай, Мұхамбетке тірек болар күнді ойлайық, — деді. Оспан тап бұлай әсерленген адамды бұрын-соңды көрмеген еді. Тіпті яхуди мен христиандардың тақуалары да тап осылай тебіренбейтін. Ол іштей «Әубәкірді осыншама толқытып жіберген нендей күш» деп ойлады. Оспан:

— Мені де дереу Мұхамбетке жеткіз. Сені осындай күйге түсірген Құранның құдіретін мен де тыңдап көрейін, — деді.

Олар Расулдың үйіне келді. Оспан оған қоятын сұрақтарын іштей дайындап келе жатты. Бірақ, пайғамбарды көрген соң сұрағының бәрін ұмытып қалды. Құран аяттарын тыңдаған кезде Әубәкірден бетер әсерге бөленді. Бейне бір кеудесіне жарық нұр құйылып жатқандай күйге енді. Көңілде зәредей де күмән қалмады. Іштей «мен енді мұсылманмын» деп күбірлеп отырды.

Одан кейін Сәдуақас, Әбдірахман, Зубайр, Аббастың ұлы Омар сияқты Меккенің ірі жігіттері Мұхамбеттің үйінен шықпайтын болды.

 

Дегдар сайтынан

 

0 пікір