ӘЛ-КИНДИ
ӘЛ-КИНДИ
19.11.2019 23:07
183
0

ӘЛ-КИНДИ (миләди 801-867 ж.ж.) (Арабтан шыққан данышпан)  Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Юсуф Йағқуб (Жақып) ибн Исхақ әл-Кинди. Әкесі аббасидтер халифасы әл-Мәһдидің, одан кейінгі халифа Һарун ар-Рашидтің Куфа қаласына әкім етіп тағайындаған әмірі болатын. Әл-Киндидің асылы Басра шаһарынан шыққан араб еді, арғы тегі арабтың атақты Кинда атты тайпасынан. Сол шаһарда туылып, сонда ер жетті. Сосын білім қуып сол замандағы білім шаңырағы Бағдат шаһарына келді. Әл-Кинди астроном әрі дәрігер, әрі философ, әрі математик әрі музыка мен геометрияның, астрологияның білгірі болды. Бағдат шаһарында өмірінің ақырына дейін біліммен айналысып, сол қалада қайтыс болды.      

Әл-Кинди ежелгі грек өркениетінің өшпес мұраларын зерттеушілердің бірі әрі бірегейі болды. Ол ғылым мен ғұламаларды аса құрметтейтін. Таным көкжиегінің шегі де, шеті де жоқ деп танитын. Оның осы пікірін айқындайтын мынадай сөздері бар: «Пенделік білімнен биік білімнің барлығы туралы ақылды жанның иманы кәміл. Ондай жандар білім деңгейінің өсуіне еш дандайсымай, әрқашан қарапайымдылық танытады. Ал егер бір наданның білімі өсе қалса, ол сол үшін асып-тасып, білімнің шегіне жеттім деп ойлайды. Сонысымен басқа адамдарға жеккөрінішті болады».      

Кейбір зерттеушіледің пайымдауларынша мұсылман әлемінде зерттеу әдісі дәл әл-Киндиге ұқсас философ болмаған. Ол өз шығармаларында грек философы Аристотельдің ғылыми әдістерін қолданады. Оның түрлі ғылым салаларында жазған еңбектері көп. Ол ежелгі грек философтарының еңбектерінің бірсыпырасын араб тіліне аударды. Сол еңбектерді түсінуі қиын қасаң мәселелерді түсінікке жеңілдетіп, санаға оңай сіңуін жолдарын енгізді. Тіпті, сол замандардағы ғұламалардың бірі: «Қазіргі мұсылман әлеміндегі тәржімашылардың ең үздігі төртеу. Олар: Хунейн ибн Исхақ, Йағқуб ибн Исхақ әл-Кинди, Сәбит ибн Қурра және Омар ибн әл-Фаррахан ат-Табари», – деген.      

Әл-Кинди жастайынан сол замандағы оқу бағдарламасы бойынша тіл ұстарту, грамматика, Құран жаттау, шешендік өнері, әдебиет, фиқһ, өлең өлшемі сияқты пәндерден дәріс алды. Сосын Бағдатқа барған соң философия мен түрлі ғылымдарға ден қойды. Аристотельдің Метафизика, Теология кітаптарын араб тіліне тәржімалады. Ғалымдардың айтуынша осы екі еңбектің аударылуы араб философиясының дамуына үлкен үлес қосып, елеулі өзгеріс енгізді.     

  Әл-Кинди басқа ғылымдардағы білімдарлығымен қоса араб тілі мен әдебиетін жетік меңгерді, өлең өнері мен әдеби сынның қыр-сырын терең игерді. Алайда философия ғылымдары мен физика ғылымының оптика саласын басқа ғылымдардан жоғары қойды. Ол сондай-ақ, түрлі тақырыптарда өлең де шығарған.    

   Сонымен бірге философия ғылымы саласында данышпандық пікірлер айтқан. Бұл ғылымның артқышылғы жайында ол: «Ғылымдардың ішіндегі ең дәрежесі асқақ, шоқтығы биігі – философия. Бұл ғылым адамның ой-саналық мүмкіншілігіне қарай заттардың ақиқатын түсіндіреді. Шынайы философ ақиқатқа жету үшін тер төгіп, өзі де сол ақиқатқа амал етеді», – деп ой толғайды.      

 Әл-Киндидің халифаның ұлы әл-Муғтасимге дәріс беруі оның түрлі тақырыптарда кітаптар жазуына себеп болған. Десе де ұлы ғұламаның халифаның ұлынан өзге де дарынды шәкірттері болды. Көптеген ғұламалар оның дәрістеріне қатысып, тәлім алатын. Атап айтар болсақ, сол заманның ғұлама ғалымдары Хаснауи, Нифтауи, Сәлмәуи, Рағмауи, Әбу Исхақ Ибраһим, Ахмад ибн ат-Тайиб ас-Сарахси, Әбу Зейд әл-Балхи әл-Киндиден дәріс алған. Осылардың барлығы да білім жолында ұлы ғұламаның үйіне барып, оның алдында тапжылмай отырып дәріс тыңдайтын. Әл-Кинди оларға сан салалы ғылымның алуан түрлі тақырыптарында дәрістер оқитын. Содан соң олар ұстаздарымен бірге өздерін толғандырған ғылыми мәселелерді талқылап, көкейтесті сауалдарына тұщымды жауап алар еді. Тіпті, әл-Кинди кейбір сауалдарға жауапты жазбаша кітапша түрінде жазып қайтаратын.      

Осындай себептерге байланысты әл-Кинди кітаптарының көпшілігі аса құнды ағартушылық-тәрбиелік сипатта жазылған әрі ол еңбектер Ислам өркениетінде өшпес мұра болып саналады. Ол туралы кейінірек европалық ғалым Майерхоф өзінің Ежелгі Грецияның ғылыми мұраларының Ислам өркениетіне әсері атты еңбегінде: «Шындығында да Бағдат шаһарында өмір сүрген әл-Кинди ең бірінші мұсылман философы болды. Оның арнайы мектебі болмады, бірақ ол жеке дәрістер беретін», – деп жазады.     

  Расында да әл-Кинди философия ғылымын оның өкілдерінен тартып алып, басқаша сипатта дамытқан дана ғалым. Ол өзінің алдында тәлім алған талай шәкірттері арқылы ғылым саласындағы жаңа толқынды қалыптастырды. Оның пікірлерінен нәр алған кейбір шәкірттері кейінірек Бағдат қаласының өзіндік философиялық мектебінің негізін салды.    

   Әл-Киндидің атағы мұсылман әлемінен гөрі Европа құрлығындағы көбірек шықты. Оның себебі ұлы ғұламаның мұсылман әлеміндегі шәкірттерінің аз болғандыған болуы керек.     

  Ұлы ғалымның көп қырлы дарындылығы ғылымның сан саласында көрінді. Ол медицина мен химия, физика салаларында кітаптар жазды. Өз заманындағы халифалардың сарайында қызмет еткен дәрігерлердің ең білгірі әрі біліктісі бола білді. Солай бола тұра ол дәрігерлікті өзіне арнайы мамандық етіп алмады. Оның ауру-сырқауларды емдеп жазатын шипагерліктен гөрі медицина ғылымын зерттеп, осы салада кітаптар жазуды жоғары қойды.      

 Әл-Кинди шипагерлік өміріндегі ғажап оқиғалардың бірі мынадай. Ұлы ғұламаның саудагерлікпен атағы шыққан көршісі болады. Оның сауда-саттық істерін басқаратын ұлы болады. Сол саудагер әл-Киндиге көп зарар беріп, ол туралы өсек-аяң тарататын. Ғұламаны діннен шыққан кәпірлердің қатарына қосатын.      

 Бірде аяқ астынан әлгі саудагердің ұлы қатты науқастанып қалады. Ол ештеңеге мән бермейтін меңіреу, ішқұсалық дертіне ұшырайды. Әкесі ұлының дертіне қатты қайғырып, оның шипасын іздеп шарқ ұрып, әрі-бері шапқылайды. Екінші жағынан сауда-саттық істері де тұйыққа тіреледі. Өйткені ішкі және сыртқы қарыздар мен жұртқа алашақ-берешектердің жай-жапсарын тек ұлы ғана білетін.      

Атақты саудагер ұлын Бағдат шаһарының белгілі дәрігерлерінің барлығының алдына алып барады. Алайда дәрігерлер науқастың дертінің қатерлігінен қорқып оны емдеуден бас тартады. Саудагер тығырықтан шығар жол таба алмай әбден сандалады. Сонда оған жаны ашыған жандардың бірі: «Ау, ғасырдың данасы әрі шебер шипагері дәл қасыңда тұрмайтын ба еді? Соған барсаң сөзсіз ұлыңның дертінің дауасын табар едің ғой», – деген ақыл айтады. Ақырында лажы таусылған саудагер соңғы үміт ретінде өзі талай жәбірлеген ғұлама көршісінің үйіне амалсыздан бас сұғады.    

   Әл-Кинди науқастың жағдайын қарап шыққан соң дертінің шипасын іздейді. Ақырында қасына музыка аспаптарында шебер ойнайтын шәкірттерін алдырады. Ұлы шипагер адам жаны мен жүрегінің дауасын жазбай танитын білгір болатын. Оның алдына саз аспаптарын көтерген төрт шәкірті келеді. Ұстаздары оларға науқастың бас жағында тұрып әлдебір сазды тартуға бұйырады. Олар дәрігердің әмірін екі етпей қолдарындағы аспаптарын ұра жөнеледі. Біраз уақыт өткен соң әл-Кинди науқастың тамырын ұстап, жүрек соғысын байқайды.

Сан түрлі аспаптардан құлаққа жағымды сазды үн төгілген сайын науқастың жүрегінің соғысы үдей түседі. Көптен бері сөйлеуден қалған ол біраз уақыттардан соң орнынан қозғалақтап, тілге келеді. Әл-Кинди музыканттарға әрі жалғастыра беріңдер дегендей ым қағады. Сол-ақ екен саз аспаптарынан алуан түрлі үн төгіледі.       Сосын әл-Кинди бұрыннан бейтаныс бұл емдеу әдісін бағанадан бері бақылап тұрған науқастың әкесі – саудагерге бұрылып: «Енді ұлыңнан керекті нәрселеріңді сұрап ал», – дейді.  Саудагер құдды ұйқысынан айыққан адамдай кейіпте отырған ұлынан сауда-саттық істеріндегі маңызды сұрақтарын қойып, оның жауаптарын қағазға жазып алады. Содан соң музыкант-шәкірттер ұстаздарының бұйыруымен ойнап жатқан әуендерін тоқтатады. Сол-ақ екен, науқас баяғы мүлгіген қалпына қайта түседі. Оның әкесі олардың сазды қайтадан орындауларын өтінеді. Алайда әл-Кинди: «Әттең, олай ете алмаймыз. Өйткені бұл оның саналы өмірінің соңғы шақтары ғана болатын. Оны дертінен ешкім де толық айықтыра алмайды. Бұл Алла Тағаланың тағдыры», – деген уәжін айтады.      

 Бұл оқиға әл-Киндидің медицина саласындағы дарындылығы мен керемет көрегендігінің бір белгісі.       Жалпы әл-Кинди ғұламалық ғұмырында екі жүз қырық бір кітап пен зерттеу еңбектерін жазған. Осындай терең білімдарлығына тәнті болған кейбір ғалымдар ол туралы: «Ол – өз заманының жарық жұлдызы, ескі ғылымдарды игеру тұрғысынан, әсіресе, логика, философия, геометрия, математика, музыка, астрология салаларында өз ғасырының дарабозы. Ол – арабтан шыққан алғашқы философ», – деп пікір айтқан.     

  Шындығында да әл-Кинди араб философы болатын. Өйткені ол мұсылман философтарының арасындағы ең таза араб тектісі еді. Сонымен бірге ол ең алғашқы мұсылман философы.       Әл-Кинди химия саласында Кимия әл-Итр, Рисалат фил-Итр уа ануаъуһ, Китәб әт-Тәнбиһ алә худаъ әл-Кимиаиин деген кітаптар жазған. Сондай-ақ осы салада жалған алтын мен күміс жасаушыларға қарсы кітап жазған. Кейбір ғалымдар белгілі бір элементтерді қосу арқылы жай металдарды бағалы металдарға айналдыруға болатындығы туралы пікірді қолдайтын. Әл-Кинди сияқты білімпаздар мұндай жаңсақ пікірді ғылыми түрде сынап, жоққа шығарды.      

 Әл-Кинди сондай-ақ оптика ғылымымен көп шұғылданды. Ғылымның осы саласында бірталай еңбектер жазды. Сондықтан қазіргі заманғы оптика ғылымының дамуына әл-Киндидің де сіңірген еңбегі бар. Өйткені оның еңбектері осы саладағы ғылыми ізденістерге, әсіресе Ибн әл-Һәйсәмнің зерттеулеріне кең жол ашып берген еді. Осы себептерге орай ұлы ғұламаның аталмыш ғылым саласына сіңірген еңбегіне арнайы тоқталып өтпекпіз. Әл-Кинди және оптика ғылымы       Әл-Кинди оптика саласына ерекше маңыз берген мұсылман философы. Ол һижри 260 жылдары ғылыми танымның түрлі салаларында көп тер төкті. Сондай еңбектерінің бірі оптика ғылымы саласын зерттеуші мұсылман ғалымдары мен ортағасырлық Батыстағы ғұламаларының еңбектеріне елеулі әсерін қалдырған Ихтилаф әл-Маназир атты кітабы.      

 Бұл ғылым әл-Кинди үшін өзі оқыған басқа ғылымдардан гөрі ерекше орын алды. Сонымен бірге ол философияның метафизика саласына да аса зор маңыз берген. Өзінің метафизика туралы негізгі пікірлерін әл-Кинди былайша жеткізген: «Элементтер әлеміндегі күллі заттар бүкіл тараптарға сәулелер шашып тұрады. Сәуле энергиясы әлемдегі заттардың барлығын бір жүйеге біріктіреді. Сондықтан да әрбір зат басқа бір заттарға әсер етеді. Мысалы, жұлдыздар жер әлеміне әсер етеді. Магнит, от, дауыстар, алуан түрлі түстер жанындағы заттарға әсер етеді. Тіпті, сана түкпіріндегі сөз де белгілі бір мөлшерде сыртқа қуат шығарып, басқаға әсер етеді».      

 Әл-Киндидің Ихтилаф әл-Маназир кітабы Эклидиустың осы салада жазған кітабындағы пікірлерден туындаған сараптама еңбек емес еді. Керісінше, грек ғалымының ғылыми теориясына жасалған сын әрі ондағы кемшіліктердің орнын толықтыратын толыққанды еңбек болатын.      

 Жалпы Эклидиус өз еңбегінде оптика саласындағы өзінің жалаң теориялық ойларын ғана жеткізген болатын. Әл-Кинди Эклидиус айтып өткен сәулелердің түзу сызықпен түсуі туралы мәселені тәжірибе тұрғысынан бекітуге болатын мәселе деп санады. Сондықтан да ол аталмыш еңбегінде зерттеуден тыс қалған осы мәселені жан-жақты зерттеп, олқылықтың орнын толтыруға тырысты.     

  Әл-Кинди дәлелдеуге тырысқан Эклидиустің екінші көзқарасы сәулелер көрінетін заттардан емес, көрушінің көзінен шығады деген пікір болатын. Әл-Кинди осы тұрғыда айтылған физиктердің және Платон, Аристотельдің пікірлерін сынап өткен соң былайша тұжырымдайды: «Сыртқа сәуле шашу теориясы көру үдерісіндегі айқындылықты анықтайды. Көрінетін заттың айқындығы мен дәлдігі көру шеңберіндегі орнына байланысты болады. Тіпті көру процесі көрінетін заттан шығып көзге жететін әсерлерден болса да. Бірақ та сол уақытта барлық заттарды көре аламыз. Көз жанарына түскен формалар алыстығы мен бағытына байланысты емес.

Әл-Кинди бұл тұрғыдыға тұжырымын былай жеткізген: «егер де көру үдерісі көрінетін заттардың формаларының көз жанарына түсуі арқылы жүзеге асатын болса, онда көздің алдында қиғаш кейіпте тұрған шеңбер формасы көзге шынайы формасымен түсуі керек. Сонда ғана көз оның шеңбер екендігін байқай алады. Алайда қиғаш тұрған шеңбер әдетте бір сызық болып қана көрінетіні белгілі». Әл-Кинди оптикалық сәулелердің күш-қуатының әркелкілігі мен содан шығатын көру түйсігінің күш-қуатының әркелкілігіне байланысты геометриялық түсініктеме береді. Ол бұл үшін оптикалық және жарық сәулелерін сырттан жарық түсіру тәжірибесін қолданған. Ол бір затты бір шырақтан гөрі екі шырақпен жарықтандыру абзалырақ болатындығы секілді. Яғни оптикалық сәулелер арқылы жарықтандырылған нәрселер анығырақ көрінеді. Жалпы айтқанда әл-Кинди өзінің әл-Маназир атты кітабында оптикалық ойық туралы Эклидиус айтып өткен геометриялық негіздерді сақтаған. Алайда ол оптикалық сәулелердің физилогиялық табиғаты туралы тереңірек талқылап, оның көрінетін заттарға әсері туралы зерттеуді жөн деп тапқан.

Осы тұрғыдан алғанда әл-Киндидің Ихтиләф әл-Маназир кітабы оптика ғылымының дамуына ерекше үлес қосты. Бұл ғылыми мұра оның соңын ала келген әл-Фараби, Ибн Хазм, әл-Йағқуби сияқты араб тілдес зерттеушілердің және Роджер Бекон, Жан Бишам сияқты Батыс ғалымдарының ғылыми ізденістерінде үлкен әсер қалдырды. Расында да әл-Кинди бүкіл араб жұрты мен күллі мұсылман үмметінің үлкен мақтанышына айналған ұлы данышпан. Оның ғалымдығын Шығыс пен Батыстың білімдарлары бірауыздан мойындаған.

Осындай артына кереметтей өшпес мұра тастап кеткен ұлы данышпан әл-Киндиді Алла Тағала разы болып, рахымына бөлесін!

 

0 пікір