ӘЛ-ХУАРИЗМИ
ӘЛ-ХУАРИЗМИ
19.11.2019 23:15
210
0

 ӘЛ-ХУАРИЗМИ (миләди 775-835ж.ж.) Алгебра ғылымының негізін салушы  Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Абдулла ибн Муса әл-Хуаризми. Миләди 775 жылы Хорезм елінде, қазіргі Орталық Азия аймағында дүниеге келіп, сол аймақта ер жетеді.       Содан соң білім қуып Бағдат шаһарына барады. Бұл білім ошағында біраз уақыт тұрақтап қалады. Сол заманда билік құрған аббасидтер династиясының халифасы Мамунның қол астында сол замандағы Бағдаттағы білім ордасы – Мактабат әл-Хикмада жұмыс істейді.       Әл-Хуаризми есепке жүйрік математик әрі аспан әлемінің қыр-сырынан хабардар астроном. Ол математика ғылымының бір саласы қазіргі алгебра ілімінің негізін салушы. Әл-Хуаризми жаңа ғылымның атын араб тілінде әл-жәбр («түзету амалы») деп атап, математика ғылымынан бөлек қарастырды. Осы алгебраны ғылыми-логикалық әдіспен жазып шыққан алғашқы ғалым. Соның арқасында алгебра ілімі бұрынғы қарапайым қалпынан одан ілгері дамып, биік деңгейге көтерілді. Кейінірек Батыс ғалымдары әл-Хуаризмидің сол еңбектерінен көп пайдаланды.      

 Ұлы ғұламаның еңбектерінің ең бастысы да сол алгебра ілімін қарастыратын әл-Жәбр уал-Муқабалә кітабы. Оның бұл еңбегін жазуына шариғаттағы өлген адамның артында қалған мирасын мирасқорларына теңдей бөлу мәселесіндегі үш негізден: түбір, мал және түбірге де, малға да жатпайтын қалдық санды есептеу мәселесі себеп болды.       Әл-Хуаризми әл-жәбр сөзін алгебралық теңдеулерді шешу үшін қолданған. Уақыт өте келе бұл сөз бүкіл әлемде кеңінен қолданыла бастайды. Кейінірек ағылшын, француз ғалымдары да да математика ғылымының осы саласын солай атап, осылайша қазіргі мектептерде оқылатын алгебра пәні дүниеге келеді. Сөйтіп, әл-Хуаризмидің араб тілінде әл-жәбр деп атаған ілімі уақыт өте келе «алгебраға» айналады.      

 Сондықтан да әл-Хуаризми алгебра ілімінің атасы деп аталады, ал оның аталмыш еңбегі араб және Батыс өркениетінің дамуына ерекше үлес қосты. Бұл кітаптың жазылуына абассидтер халифасы әл-Мамун де түрткі болған еді. Ол осынау тарихи еңбегін жазып шығуы үшін әл-Хуаризмиге көп көмек көрсетті.      

 Әл-Хуаризмидің әл-Жәбр уал-Муқабалә кітабы жалпы адамзаттың ғылыми  жетістерінің дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми жәдігер. Одан кейінгі ғасырларда дүниеге келген математик ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеу еңбектерінде аталмыш кітапқа көбірек арқа сүйеді. Кітаптың құндылығын бағалаған европалық ғалымдар оны латын тіліне де аударды. Содан бастап әл-Жәбр уал-Муқабалә бірнеше ғасырлар бойы Батыс ғалымдарының математикалық зерттеулерінде сілтеме жасайтын маңызды ғылыми бұлақтарының біріне айналды. Сондай-ақ, бұл ғылыми еңбек араб тілдес математик-зерттеушілердің ғылыми қайнарларының ең бастысы әрі бірегейі болды.      

 Аталмыш еңбекті миләди он екінші ғасырда европалық Роберт Ауф атты ғалым латын тіліне аударып, Испанияның Толедо қаласында басылып шықты. Әрі сол кезден бастап төрт ғасыр бойы Европаның оқу орындарында оқулық құралы ретінде пайдаланылды.      

Сондай-ақ, Европаға араб цифрларының кіруіне де әл-Жәбр уал-Муқабалә кітабының үлкен үлесі бар-тын. Ал қазіргі уақытта бүкіл әлем қолданатын бұл цифрлар мұсылман әлеміне Үндістаннан жеткен еді. Бірде һижраның 156 жылы Бағдат шаһарында халифа әл-Мансұрдың мәжілісіне бір үнді ғалымы келіп кіреді. Ол үнді ғалымдарының жұлдыздарды бақылау мақсатында құрастырған есептеріне өте жүйрік болатын. Ғалым осы салада жазылған аса құнды еңбекті мұсылмандардың әміршісіне арнайы сый ретінде әкелген беті еді. Сонда кітапты қолына алып, әрі-бері аударып көрген халифа қасындағы ғұламаларға қарап: «Жұлдыздардың жүрісін бақылайтын бұл кітапты арабшаға аударып, түсіндірме жазу керек болар», – деген ұсыныс айтты. Содан соң Мұхаммед әл-Фазари атты ғалым сол еңбектің негізінде астрономия ғылымы саласында Китәб әс-Синд Һинд әл-Кәбир атты кітап жазып шықты. Кітап атауының мағынасы «Мәңгіліктің үлкен кітабы» дегенді білдіретін. Өйткені үнді тіліндегі әс-Синд Һинд сөзі «мәңгілік» деген ұғымды беретін. Ислам әлемінің ғалымдары аббасид халифа Мамунның дәуіріне дейін осы кітапты басты сілтеме құралы ретінде қолданып келді.      

Ал халифа Мамун билік құрған дәуірде әл-Хуаризми аталмыш еңбекті өңдеп, тың деректер мен дәлелдер қосып, заманына сай етіп жаңғыртып, қайта жазып шықты. Астроном ғалымдар әл-Хуаризмидің жаңашылдығына тәнті болысты. Шыққан күнінен бастап бұл кітап қолдан қолға тимейтін құнды еңбекке айналды.      

Китәб әс-Синд Һинд әл-Кәбир кітабы арқылы мұсылман әлемі цифрлар мен сандарды, жаңа есеп жүйесін қалыптастырды. Құран Кәрімде келген өлген адамның мирасын мирасқорларының арасында теңдей бөліп тарату жүйесі де осы сандардың негізінде жүйеленді.      

Сонымен бірге әл-Хуаризми математикалық амалдарда қолданылатын алгорифм қағидасын да енгізді. Осы қағиданың атауының өзі ұлы ғалымның есімінің негізінде шыққан. Сондай-ақ, математика ғылымындағы әл-Хуаризмидің пікірлестері мен жақтастары «әл-Хуаризмишілдер» деп аталынған. Сөйтіп, қазіргі кезде қолданыста жүрген сандық таңбалар Европа құрлығына таралуының қысқаша тарихы осындай. Бұл тарихи істе ұлы математик әл-Хуаризмидің атқарған рөлі өте ерекше.  Ғылыми еңбектері. Әл-Хуаризмидің ғылыми еңбектері көп. Атап айтар болсақ, оның атын айдай әлемге паш еткен бұдан бұрын аталып өткен әл-Жәбр уал-Муқабалә кітабы, әл-Хисаб әл-Һинди, сондай-ақ, ежелгі грек астрономы Батлеймостың көзқарастарын талқылаған Тақуим әл-Булдән кітабы, ат-Тарих, әл-Жәмъ уат-тәфриқ және тағы басқа еңбектері. Халифа Мамунның нұсқауымен жазылған аспан денелері мен ғаламды зерттейтін Сурат әл-Ард деген кітабы да бар.      

Әл-Хуаризми жұлдызнама, астрология ғылымын да оқып-үйренген. Бірақ оның айтқандары әрдайым расқа шыға бермеген. Бірде халифа әл-Уасиқ қатты науқастанып жатқан шағында ұлы ғалымды өзіне шақырып алып, өзін қандай жағдайлар күтіп тұрған болжап беруін сұрайды. Әл-Хуаризми әміршінің өмірі ұзақ болатындығын айтып жұбатады. Алайда халифа көп ұзамай сол ауруынан қайтыс болады.      

Халифа Мамун өз кезегінде Әл-Хуаризмиді Бағдаттағы білім ошағы – Дар әл-Хикмаға басшы етіп тағайындайды. Ұлы ғалым осы білім ордасында күні-түні тынбай еңбектеніп, біліммен шұғылданады. Көптеген кітаптарын жазып шығады. Күннің қозғалысы жайында көп зерттейді.      

 Әл-Хуаризмидің артына қалдырған ғылыми мұрасы мол. Дей тұрғанмен, олардың арасында оның атын мәшһүр етіп, биік мәртебесі көтеріп, мерейін асырған еңбегі – әл-Жәбр уал-Муқабалә кітабы. Осы еңбегі арқылы ол ғылымда бұрын-соңды орын алмаған жаңалық ашты. Сандарды есептеу, математикалық амалдарды шешу жолдарын бір жүйеге түсірді. Бұл ктіапты ол халифа Мамунның тікелей бұйрығымен жазып шықты. Ондағы мақсат адамдардың мирас, сауда-саттық, жер өлшемі мәселелерінде есептеудің оңай жолын ойлап табу болатын. Ақырында бұл еңбек көзделген мақсаттардың үддесінен шығып қана қоймай, жалпы математика ғылымының дамуына жаңа серпін берді. Автор кітабында қиын есеп-хисаптарды оңтайлы шешу жолдарын тауып, геометриялық фигураларды дұрыс өлшеу тәсілдерін көрсеткен.      

 Батыстың ғалымдары ұлы ғұлама әл-Хуаризмидің ғылымның дамуы жолында сіңірген қажырлы еңбегіне жоғары баға берген. Солардың бірі шығыстанушы ғалым Ром Ланд Ислам және арабтар атты кітабында: «Мұсылмандардың Құран өсиеттері мен әмірлерін мүлтіксіз орындауларын қамтамасыз ету мақсатында әл-Хуаризми әл-Жәбр ілімін қалыптастырды. Оның бұл ілімі осы салада жазылған көне грек тәсілдерінен асып түсті...     

  Әл-Хуаризмидің аталмыш кітабы он екінші ғасырда латын тіліне аударылып, он алтыншы ғасырға дейін Европа университеттерінде математика ғылымы саласында оқытылатын негізгі кітап ретінде қолданылып келді. Әл-Хуаризмидің ғылыми еңбектерінің әсері тек оқу орындарымен шектелмей, сондай-ақ, Леонардо Фибоначи, Метрей Йакоб, Леонардо да Винчи сияқты атақты европалық ғалымдардың еңбектерінде де байқалды».     

  Иә, расында да Әбу Абдулла ибн Муса әл-Хуаризми ұлы ғұлама, тұтас Орталық Азия аймағының һәм күллі мұсылман халықтарының ортақ мақтанышы. Оның математика ғылымында салып кеткен іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр.

 Алла Тағала осынау ұлы мұсылман математигі әл-Хуаризмиге разы болып, рахымына бөлесін!

0 пікір