ӘЛ-БЕЙРУНИ
ӘЛ-БЕЙРУНИ
13.11.2019 11:19
1076
0

 ӘЛ-БЕЙРУНИ (миләди 973-1048 ж.ж.) Даңқты философ әрі атақты астроном   Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмад әл-Бейруни. Шамамен Һижри 362 миләди 973 жылы Хорезм аймағындағы Кат деп аталатын елдімекенде туылып, һижри 447 миләди 1048 жылы сол қалада қайтыс болған. Аталмыш мекен қазіргі Өзбекстан республикасында орналасқан Бейруни қаласы.      

Әл-Бейруни өмірінің алғашқы жылдарын Хорезм аймағында өткізіп, сонда ботаника ғалымдарының бірінің көмекшісі болып жұмыс атқарады. Ол ботаник-бағбанға өсімдіктердің тұқым-дәнектерін жинап беріп, оларды сұрыптап отыратын. Алайда ол Хорезмде көп жылдар тұрақтамады. Сол кездегі билікке оппозияциялық бағыттағы саяси күштерді қолдағандығы үшін Журжан шаһарына қоныс аударуға мәжбүр болды. Осындан кейін ұлы ғұлама Журжан қаласындағы сұлтан Әбул-Хасан Қабустың сарайында һижри 400 жылға дейін қалды. Содан кейін өз елі Хорезмге қайтып оралды. Оны сол кездегі әмір үлкен қошеметпен жақсы қарсы алды. Ол әл-Бейруниге саяси қызметке тағайындады. Бұл ұлы ғұламаның өміріндегі әсіресе ғалымдық ізденістеріндегі ең белсенді кезең болатын. Ғұламаның бұл кезеңдегі ғылыми жетістіктерінің аз болуының себебі оның көп уақытын саяси істермен шұғылданумен өткізгеніне байланысты болса керек.      

Һижраның 407 жылы әл-Бейруни сұлтан Масғуд әл-Ғазнауидың билігі тұсында Ғазна қаласына қоныс аударады. Сұлтан Масғуд оны құрметтеп қарсы алып, лайықты қошемет көрсетеді. Әл-Бейруни осыдан соң қырық жыл бойы Ғазна қаласында қалады. Ал отаны Хорезмге тек қайтыс болатын жылы ғана оралады.     

Сұлтан Масғұд әл-Ғазнауи әл-Бейруниді сарайына алдырып, оның мол білімі мен саяси тәжірибесінен тәлім алғысы келеді. Сондай-ақ оның астрономия саласында жазған Мәликук уа садиқук атты энциклопедиялық сүбелі еңбегіне сый-сияпат көрсетпек болады. Әл-Бейруни ол кітапты өзін қырық жыл бойы құрметтеп, қадірлеген сұлтанның құрметіне әл-Қанун әл-Масғуди фи әл-Һәйә уа ән-Нуджум («Масғұдтың аспан жүйесі мен жұлдыздар туралы әл-Қанун кітабы») деп атады.      

 Сұлтан Масғұд әл-Ғазнауи бұл энциклопедияны өзіне сыйлағаны үшін қатты разы болып, ғалымға оған тең келетін әрі осы ұзық жылдардағы өзіне деген қалтқысыз қызметі үшін үлкен сыймен қарымта қайтарғысы келеді. Сөйтіп, ұлы ғұламаға бір пілге жүк болатын күміс әшекейлерден тұратын тарту тартады. Алайда әл-Бейруни сұлтан үлкен алғысын білдіре отырып сый-сияпатын алудан бас тартады. Ол сұлтанға: «Расында мен мал-мүлік алмаймын. Өйткені мен бұл еңбегімді мал алу үшін не атақ-даңқ алу жазған жоқпын. Мен тек ғылым үшін ғана қызмет еттім. Ғылым үшін ғана», – деген уәжін айтады.      

Сұлтан ғалымның ұстанымын оң бағалап, оны одан сайын қадірлеп құрметтей түседі. Осылайша олардың арасындағы достық ұзаққа созылады. Тіпті, сұлтан оны Үндістанға жасаған барлық жорықтары мен соғыстарында кеңесші ретінде қасына ертіп жүреді. Мұның бәрі ғалымның дүниетанымының кеңейіп, білімін одан әрі жетілдіруіне көп әсер етті. Ұлы ғұлама араб тілінен басқа көптеген тілдерді игерген. Үндістанда болған кездерінде әл-Бейруни Үнді тарихы атты кітап жазып шықты. Сексен тараудан тұратын бұл кітапта үнді халқының наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптары туралы, сол кездегі әлеуметтік жағдайлары туралы, санғасырлардан қалыптасқан сан салалы ғылымы және бай тілі мен әдебиеті сөз болады. Әл-Бейруни сондай-ақ үнділердегі астономия, астология ғылымдарын, табиғат жағдайларын да көп зерттеген.    

   Жалпы әл-Бейруни өзінің ғалымдық ғұмырында тарих, медицина, астрономия, математика, жаратылыстану ғылымдарына ден қойып, ғылымның осы салалрында жүз жиырмадан аса кітаптар жазған. Тіпті ғалымдардың бірі: «Әл-Бейрунидің еңбектері түйенің жүгінен асып кететін. Бұл оның таным кеңістігінің кеңдігі мен көптеген тілдерді жетік меңгергендігін білдіреді. Ұлы ғалым грек, хорезм, парсы, араб, ассирия тілдерін меңгерген», – деген. Осындай ерекшеліктеріне байланысты әл-Бейруни ортағасырлық мұсылман ғалымдарының арасындағы ең шоқтығы биігі әрі кемеңгері болып саналады. Соған байланысты замандастары оны «Ұстаз» деп атаса, ал ортағасырлық батыста ол «Ұстаз Али Барон» деп құрметтеген.  Әл-Бейруни энциклопедиялық ғалым әрі әдебиетші       Басқа ғылымдардағы аса данышпан білгірлігімен қоса әл-Бейруни география ғылымын терең игеріп, осы салада Тәхдид ниһайат әл-Әмәкин («Мекендердің шегін анықтау») деген кітабын жазып шыққан.      

Сонымен қатар ол астронмия ғылымында да өшпес ғылыми мұра қалдырды. Бұл тұрғыда оның ғылым-білімге ерекше мән беріп, білімпаздарды құрметтей білетін сұлтанның қасында болуы оған көп пайда берді. Миләди 1003 жылы әл-Бейруни айдың екі тұтылу үдерісін бақылайды. Ал келесі жылы үшінші тұтылуын бақылайды. Ол осы табиғи құбылыстарды бақылағаннан кейін Шахтың дөңгелегі атты телескоп құралын тұрғызуды ойластырады. Ол бұл құралды ғылыми зерттеулерін жүргізуіне көп жағдай жасаған Хорезм шахының құрметіне солай атауды ұйғарады. Бұл жер белдеуінің үстіне орнатылған үлкен дөңгелек құрал болатын.      

Әл-Бейрунидің геометрия ғылымы саласындағы жетістіктерінің бірі оның тік бұрышты үшбұрыштың бұрыштары туралы есептеулері болатын. Сонымен қатар ол ғылымының осы саласында көлеңкенің ұзару кестесін жасап шығарды. Ұлы ғалым фокус ілімін де зерттеген.     

  Ал физика саласында ол сұйық заттардың физикалық жағдайлары мен салмақтары туралы түсіндірмелер жазды. Сондай-ақ кейбір металл түрлерінің салмақ ерекшеліктерін есептеп, осы тақырыпта Әл-Джәмәһир фи мағрифат әл-Джәуәһир уа әнуаъиһә уа ма йатағаллақу биһәзәл-мағна («Асыл тастарды тану мен олардың түрлері және осы саладағы мәселелер») атты кітабын жазып шықты.       Сосын әл-Бейруни қайнар бұлақтар мен су бұрқақтары, суды жоғарыға шығару жолдары туралы зерттеді. Ол жердің өзі осінен айналатындығы туралы айтып өтті. Судың құрамындағы тұзды алу жолдарын белгіледі. Ұлы ғұлама күннің тұтылуы, жер қабаттары туралы қазіргі гелолгия ғылымыны қарастыратын мәселелерді де зерттеген. Әл-Бейрунидің ғылыми зерттеудегі өзіндік бағыты      

 Әл-Бейруни ғылымның сан алуан саларындағы ғылыми зерттеулерін практикалық тәжірибелерге сүйеніп жасаған. Бұл тұрғыда оның зерттеу әдістері Ибн әл-Һәйсәмнің зерттеу әдістеріне ұқсас келеді. Өйткені бұл екі ғұлама да бұрыннан қалыптасқан ғылыми қағидалар мен жетістіктерді бас шұлғып қабылдай беруге көнбеген, әрбір пікірге сыни көзбен қарап, ғылыми тұрғыдан зерттеп, анық көзі жеткенде ғана қабылдаған. Сондықтан да әл-Бейруни ғылымның түрлі салаларының түп негізгі қайнар бұлақтарына көп шұқшиып, мүмкіндігінше әрбір кітапқа жан-жақты сараптама жасауға тырысқан.      

Әл-Бейрунидің зерттеулері мен кітаптарын жазудағы әдісі өте жеңіл. Ол өзінің ой-пікірлерін бір жүйемен тізбек түрінде беріп, жаңа ғылыми терминдерді қолданған. Оралымы қиын сөздер мен тіркестерден аулақ болған. Әрбір мәселеге сыни пікір білдіріп, кең көлемде талқылаған.      

Әл-Бейрунидің араб тілі саласында да құнды пікірлері бар. Ол туралы өзінің Ас-Сайдала фи ат-Тибб («Медицинадағы дәріханалық үрдіс») атты кітабының кіріспесінде айтып өткен. Ол мұнда: «Ғылым мен философияның тілі бола алатын тіл – араб тілі», – деп баса айтқан. Ұлы ғұлама араб тіліндегі көркем жазудың да білгірі бола білген.       Біраз жылдардан соң сұлтан Масғұдтың ұлы Маудуд әмірдің билігі тұсында әл-Бейруни химия саласында әл-Хиджара ән-Нәдира («Сирек кездесетін тастар») атты кітап жазды.      

Ұлы ғұлама әл-Бейруни саналы ғұмырының бәрін ғылым жолына, оның сан салаларында тынымсыз ізденіс пен кітап жазуға жұмсады. Ол, әсіресе, астрономия ғылымын көп зерттеген. Бірақ жылдар өте оның бұл саладағы атағы бәсеңдей берді. Өйткені ұлы ғұламаның көруі нашарлап, бойынан әл-қуаты кетіп, әлсірей бастады. Тіпті, ұлы ғұлама туралы хабарларда оның дәрі дайындау саласындағы Ас-Сайдала фи ат-Тибб атты кітабын жанашыр достарының біріне айтып отырып жаздырғаны айтылады. Аталмыш кітапта ғұламаның энциклопедиялық ұшан-теңіз білімі мен танымы байқалады. Осы кітапты жазып болған соң көп ұзамай ұлы ғұлама сексен жастан асқан шағында дүниеден өтті. Әл-Бейрунидің мерейтойы       Адамзат тарихындағы ғылымның дамуындағы үлкен рөлі мен артында қалдырған мол мұрасы үшін ЮНЕСКО мен шығыстанушылардың халықаралық ұйымы 1973 жылы ұлы ғұлама Әбу Райхан әл-Бейрунидің мың жылдық торқалы тойын халықаралық деңгейде кең көлемде атап өтті.     

  Расында да әл-Бейрунидің ғылымның математика, физика, география, философия, медицина сияқты сан алуан салаларында өте зор еңбек сіңірді. Осы торқалы тойға байланысты Мәскеу университетінің оқу залында өткен жиналыста орыс ғалымдарының Шығыстың жарық жұлдызы әл-Бейруни туралы бірі былай деп ой толғаған еді: «Әл-Бейруни әлемдік мәдениет қазынасына сүбелі үлес қосты. Бұл ғұламаның түрлі тақырыптарда жазылған жүз елуден астам еңбегі бар. Ал осылардан бар болғаны отыздайы ғана бізге жеткен. Алайда мол мұраның осы аз мөлшерінің өзі-ақ әл-Бейрунидің атын мәңгілікке қалдыруға жетіп артылады».      

Келесі бір шығыстанушы ғалым: «Әл-Бейруни – Орта Азиядан шыққан ең үлкен ойшыл. Оған кезінде «Ұстаз» деген лақап берілген», – деді.       Қорыта айтқанда осының барлығы әл-Бейрунидің білімінің ұшан-теңіздігіне дәлел. Оның мыңжылдығы тек Орта Азияда ғана емес, бүкіл Шығыс жұртында ерекше мақтанышпен аталып өтті. Өйткені оның мұрасы Шығыс жұртының ортақ мұрасы болып есептеледі.       Мысалы, әл-Бейруни еңбектерінің біразы Иран мен Ауғанстанда жазылса, енді бірі араб елдерінде жүрген кезінде араб тілінде дүниеге келген. Сондай-ақ ұлы ғұлама араб мәдениеті мен ежелгі грек мұраларын Үнді жұртына  да лайықты түрде таныстырды.       Әл-Бейруни өзінің Әл-Қанун әл-Масғуди атты еңбегінде жердің күнді айналатындығы туралы, жердегі тартылыс күші туралы құнды пікірлерін айтып өткен. Бұл өзі оқыған ежелгі грек ғалымы Батлеймостың жерді күн айналады деген пікіріне керағар болып шықты. Әл-Бейруни барлық аспан денелерінің қозғалысы жердің күнді айналатындығын дәлелдейді деген.      

 Өзінің көзқарастарының бұрынғы ғалымдардың көзқарастарымен сәйкес келе бермейтіндігі туралы әл-Бейруни Әл-Қанун әл-Масғуди кітабының кіріспесінде: «Мен өзімнен бұрын өткен атақты ғұламалардың барлық көзқарастарымен бірдей келісе бермедім», – деген. Ал әл-Әсәр әл-Бақия ан әл-Қурун әл-Халия атты еңбегінде: «Бір тәулік дегеніміз күннің толық бір айналуы. Бұл үлкен айналыс» дей келе, басқа бір жерінде: «Жыл дегеніміз күннің аспан көгіндегі (галактикадағы) бір айналымы. Өйткені осы уақыт жылдың төрт мезгілінен тұрады. Олар: көктем, жаз, күз және қыс. Содан кейін айналыс алғашқы нүктесінен қайта басталады», – деп тұжырымдайды. Жалпы айтқанда ұлы ғұлама сан қырлы данышпандығын ғылымның түрлі салаларында жалпақ дүниеге таныта білді. Ғылым жолында аянбай тер төкті. Сондықтан да ұлы ғұламаның торқалы тойын Шығыс пен Батыстың ғұламалары бірдей тойлап, атап өтті. Қазіргі адамзат ұрпағы әл-Бейрунидің есімін құрметпен еске алады. Ол жалғыз өзі бір тұтас мектептей, тұтас бір кітапханадай еді. Әбу Райхан әл-Бейруни атақты ғұлама Ибн Синамен бір заманда өмір сүрген. Олардың арасында достық қарым-қатынас болған. Екі дана бір-бірімен хат алысып тұратын. Ибн Синаның әл-Бейрунидің сұрақтарына жауап ретінде жазған кітабы да бар. Онда даналық, хикметтің сан алуан түрі сөз болады.

 Расында да әл-Бейруни Орта Азия аймағының қала берді, бүкіл мұсылман жұртының ортақ мақтанышы. Алла Тағала атақты ғұлама Әбу Райхан әл-Бейруниден разы болып, рахымына бөлесін!

0 пікір