АЙЯ СОФИЯНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
АЙЯ СОФИЯНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
23.12.2021 05:04
954
0

Түркия Республикасы Мемлекеттік кеңесі Айя Софияны мешіттен музейге айналдыру туралы 1934 жылғы 24 қарашадағы Министрлер Кеңесінің шешімін жойғаннан кейін ол қайтадан мешітке айналып, 2020 жылдың 24 шілдесі күні алғаш рет Жұма намазы оқылды.

86 жылдан кейін ғибадат жасау үшін есігі қайта ашылған тарихи ғимаратты кімдер және қашан салды, қай жылы музей және мешіт болды? Осы секілді қызықты деректерге тоқталмақпыз…

481 жыл мешіт болды

Айя София Византия императоры І Юстиниан тарапынан 532-537 жылдар аралығындағы қысқа уақытта Ыстамбұлдың тарихи түбегіндегі ескі шаһар орталығында базилика құрылымды патриархалдық собор ретінде салынған.

1453 жылы Ыстамбұлды Османлылар алғаннан кейін Фатих Сұлтан Мехмет Айя Софияны мешітке айналдырады. Биыл Ыстамбұлдың жаулап алынғанына 567 жыл толып отыр.

 

Айя София қашан музей болды?

Мешітке айналған Айя София бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. 1930-1935 жылдар аралығында қалпына келтіру жұмыстарына байланысты халыққа қызмет көрсетуге жабылып, Түркия Министрлер Кеңесінің 1934 жылғы 24 қарашадағы 7/1589 нөмірлі шешімі негізінде музейге айналады.

Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған 2020 жылдың 10 шілде күні Айя Софияның қайта мешіт болуы туралы жарлыққа қол қойып, тура екі аптадан кейін, яғни 24 шілдеде Айя Софияда алғашқы жұма намазы оқылды.

Әулие Челеби «Саяхатнамасындағы» жұмбақ Айя София

«Түркі және әлем тарихындағы ең үлкен саяхатшы» саналған Әулие Челебидің 10 томдық «Саяхатнама» еңбегінің біріншісі томында, оның тұрақтаған мекендерінің бірі – Айя Софияға қатысты қызықты мәліметтер бар. Бұл жайлы Анадолу агенттігі жинаған кейбір мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.

 

Айя София есімі қайдан келді?

Әулие Челеби Айя Софияның қалай тұрғызылғандығы туралы кейбір әпсаналар, риуаяттарды келтіреді:

«Хз. Адам (ғ.c.) көктен жерге түскеннен 5 мың 52 жылдан кейін кентті басқара бастаған Мадянның ұлы, Янконың немерелерінен Визендон патша  Ыстамбұлды жетінші рет жөндеуден өткізіп, әлемді бағындырған билеуші ​​болған. Визендонның Софияда туған қызына «Айя София» есімі берілген. Айя София – әкесі Ыстамбұлдың төрт бұрышын қайтадан жасатқанын естігенде, 2 миллиондық қазынасымен жанына келді».

Әулие Челеби, Хз. Сүлейменнің жасаған ғибадатханасын кеңейтіп жатқанда бір адамның келіп: «Мұның барлық қажетті нәрселері мен материалдарын менен алыңдар және мынадай бір ғибадатхана жасаңдар!» деп Айя Софияның құрылысына қажетті негізгі мәліметтерді айтқанын тілге тиек етеді.

«Саяхатнамада» мынадай деректер бар:

«Айя София құрылысы үшін жер Ахыркапы деңгейіне дейін қазылған кезде, жер астынан су атқылаған. Тіпті, көп-көңбек көгілдір түстес қорғасын теңізі іспетті…

Бұл қорғасын теңізі іргетас ретінде жылдар бойы тұрғасын Игнадос есімді бір инженердің жетекшілігімен 30 мың жұмысшы, 7 мың көмекші жұмыскер және 3 мың ұста жиналып, ақылдасқаннан кейін қорғасын іргетас үстінен тіректер, аркалар мен күмбездер жасаған. Асты су қойма болғандықтан жер сілкінісінен қорықпай, мықты сақталуы қажет болуы үшін іргетасын осылайша бекітеді және қойманы сумен толтырады.

Бұдан кейін Айя Софияның төрт қабырғасының құрылысын бастап, оның құрылыс өлшемдерін, ғимараттың пішіні мен биіктігін көргендердің бастары айналып, қатты таңқалатын болған».

Өте бағалы тастар қолданылған

 

Айя Софияның құрылысына әлемнің «жеті климатынан» табылған өте бағалы тастардың қолданылғанын алға тартқан Әулие Челеби, бұл жайлы: «Әлемнің жеті түрлі климатынан сан алуан, түрлі-түсті хамелеон нақышында ірі мәрмәрлар кемелер арқылы әкелініп, өте қабілетті әрі он саусағынан өнер тамған ең жақсы қолөнершілер мен шеберлердің қолымен жіті қадағалануымен жасалып, түзетіліп, құрылысқа қатты мән берілген. Олар осылай үлкен қамқорлық таныта отырып, мешіттің жартысын 7 жылда аяқтады», – деген сөзін қағазға төгеді.

Әулие Челебидің айтуынша, тастардың көп бөлігі Аяслог пен Айдынжыктан, Караманнан, Дамаск пен Кипр аралынан, ал мыңдаған жалтыраған бағандар Афина жақтан және шикі мәрмәрлар Мармара аралынан әкелінген. Ал, бас сәулетшісі Игнадос болғаны айтылған. Әулие Челебидің бұл шығармасының басқа бір бөлімінде Айя Софияның сәулетшісі ретінде Хз. Қызыр болғаны айтылған.

Бас сәулетшінің 7 жыл жоғалып кету хикаясы

Әулие Челеби «Саяхатнамасында» бас сәулетші Игнадостың осы орасан  құрылыстың 4 негізгі арка бағандары аяқталғаннан кейін жоғалып кеткенін былай жеткізеді:

«Бір түні бас сәулетші Игнадос із-түссіз жоғалып кетті. Ол Рим жеріне жасырын түрде барып, онда Рим Папасының рұқсатымен шіркеуді бастап, оны да жартысына дейін 7 жыл ішінде аяқтап, ол жерден де бір түні қашып Ыстамбұлға келген кезінде ғибадатхананы салдыртқан патшадан сөгіс алады.

Игнадос: «Мұндай алып ғимараттың негізі өте берік болуы керек. Егер мен қашып кетпесем, құрылысты аяқтау қиынға соғатыны сөзсіз еді. Сол кезде ғимарат мықты болмайды», – деп күмбездің құрылысына қайта кіріседі.

Жүз шақты тостаған тәрізді бағандарға күмбездер, сондай-ақ теріс қараған кесеге ұқсас әрі көгілдір түсті таза қорғасынмен көмкерілген үлкен күмбез жасайды. Түрлі түске енген аспан астындағы мұндай таңғажайып күмбез бұрын-соңды ешқашан салынбаған. Осы өте биік күмбездің ең үшкір жоғарғы бөлігіне салмағы жүз Ескендір таразысы ауырлығындай алтыннан бір крест қойылып, күн нұрымен шағылысып Алемтауы, Кешишдағы (Улудағ) және Странджа тауларынан байқалып тұрды».

Құлаған күмбездің қайта жөнделуі

«Саяхатнама» еңбегінде айтылғандай, Айя София құрылысы 40 жыл ішінде аяқталғаннан кейін ішкі және сыртқы жұмыстары үшін 12 мың жұмыскер қызмет еткен. Шығындарының өтелуі үшін Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) тұсында Мысыр алынып, оның байлығы Айя Софияға жұмсалған.

«Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келгенін хабарлаған түнде жер сілкінісі болып, Айя София күмбездері қиратылғанын» мәлімдеген Әулие Челеби, 300-ге жуық дін қызметшісі (священник) Меккеге барып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ауыз суын (түкірік), қарақұйрық терісіне сызылған оның қол үлгісін, сондай-ақ топырақ пен зәмзәм суын алып келіп, күмбезге жөндеу жұмыстары жасалғаны айтылады.

Әулие Челебидің бұл еңбегінде «Күмбездің құбыла жағында Пайғамбардың сілекейі арқылы салынған 32 нақышты бөлігі осылайша оңай қалпына келтірілген. Күмбездің басқа жағымен салыстырғанда бұл жер анық әрі нұрлы көрінеді. Ыстамбұлды жаулап алғаннан кейін Фатих Сұлтан Мехмет: «Бұл күмбез ардақты Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ауыз суымен тұрғызылған» деп үлкен күмбездің ортасына сәттілік ретінде топшылап, шынжыр арқылы алтын шар іліп қойған», – деген көзқарасын білдіреді.

Айя Софияның мешіт болуы

 

Сонымен қатар Әулие Челеби, 1453 жылы II Сұлтан Мехмед Ыстамбұлды алғаннан кейін Айя Софияда алғашқы жұма намазы оқылғанын да тілге тиек етіп, мына деректерге тоқталады:

«Гази Мехмет хан бұл ескі ғибадатхананы қоқыстардан, пұттардан, иісті ағаш пен тастардан тазартып, мешіт ішіне михраб, мінбер, махфил[1] мен мұнаралар жасау арқылы жәннәт көріністі мақамы – ғибратты мешіт халіне айналдырды.

Алғашқы жұмада барлық ғазилер[2] дайын болып, салауаттар оқылып, муаззиндер «Инналлаһә уә мәлайкәтәху» аятын қайғылы дауыспен оқи бастағанда Ақшамсаддин Хазреті, Сұлтан Мехметтің қолынан ұстап, оны зор құрметпен мінберге шығарып бар даусымен: «Ғаламдардың Раббысына сансыз мадақ» деп айтқан кезде үлкен ғазилердің қуаныштан көздеріне жас келеді.

Сол жұмада Айя Софияның жер астына жасырынған рухбанлар[3], Исламның құрметіне ие болған ең қарт кісінің біріне «Әке Мехмет» есімін қояды. «Михрабының оң жағындағы қараңғылау жер – Хазреті Сүлейменге арналған ескі ғибадат орны», – деп Әке Мехмет айтқан кезде, Сұлтан Мехмет сол жерді құтты орын санап, екі рәкәғат қажет намазын оқиды. Жер астында жасырылған қазыналар Терсане бақша сарайымен бірге Хазине-и Хүмаюнға[4] (Hazine-i Hümayun) көшіріледі».

«Аспанмен таласқан үлкен ғимарат»

Әулие Челеби Айя Софияны: «Ыстамбұл шаһарының шығыс бөлігінің соңында, Ахыркапы теңізіне қарай мың қадам және Сарайбурнуға мың қадам қашықтықтағы бір биік төбеде аспанмен таласқан, тастан соғылған биік ғимарат» деп сипаттап, оның күмбезіндей күмбез ешқашан салынбағанын өзінің «Саяхатнамасында» былай деп түсіндіреді:

«Ортадағы күмбездің төрт жағы айнала хрусталь әрі кристал тастар мен терезелер арқылы безендірілген. Бұл күмбез әйнектерінен басқа сыртқы және ішкі терезелердің барлық саны – 1070. Осы күмбездің барлығының ішіне декорация мен кестелі ою-өрнек жапсырма қасбет, алтын және эмальмен жасалған ерекше пішінді суреттер, сондай-ақ таңқаларлық түрде боялған періштелер мен басқа да адамдардың бейнелері – тамашалаған жанның таңданысын туғызатыны белгілі. Осы суреттерден басқа үлкен күмбездің төрт үлкен аяғының жоғарғы бөліктерінің төрт бұрышында бір-бір періште суреті бейнеленген».

Періштелерді суреттеу

 

Әулие Челеби Ыстамбұлдың таңғажайыптарын бағалай отырып, Айя Софиядағы бұл тылсым кереметтікті былай суреттейді:

«14-ші таңғажайып нәрсе – Айя Софияның оңтүстігіндегі 4 ақ мәрмәрге Әзірейіл, Исрафил, Микаил және Жәбірейіл періштелердің бейнеленуі. Олар төрт жаққа қарап орналастырылған. Жылда бір рет Жәбірейіл бейнесіндегі періште қанат қағып айқайлайтын болса, шығыс жақта молшылық болады деп топшылаған. Ал Исрафил бейнесіндегі айқайласа, батыс жақта ашаршылық пен қымбатшылықты білдіреді. Егер Микаил бейнесіндегі періште айқайласа, солтүстіктен ұлы батыр шығады, ал Әзірейіл бейнесі айқайласа, бүкіл әлемде оба дерті шығады деп сенген. Пайғамбарымыз заманында болған үлкен жер сілкінісі кезінде бұлар түбегейлі жойылған».

Айя Софияның таңғажайыптары

 

Едені аппақ мәрмәрдан төселген мешіттің 3 жағында жамағатқа арналған екі қабатты ғибадат ету орны бар екенін тілге тиек еткен Әулие Челеби, саяхат кітабының «Айя Софияның таңғажайыптары» бөлімінде былай дейді:

«Мешіттің 361 есігі бар, оның 100-і өте үлкен. Олардың бәрі тылсым әрі таңғажайып… Қанша рет санасыңыз да, бір есік тағы артық шығады. Оларға белгі қойып тағы бір санасаңыз да, белгісіз тағы бір есікті табасыз. Құбыла жақтың орта есігі бәрінен де өте үлкен. Мұның тақтайлары Хз. Нұхтың (ғ.с.) Әл-Джуди тауындағы қираған кемесінен алынған есіктікі екені айтылады.

Бұл орта құбыла есік (қақпа) үстінде сары металдан жасалған табытқа ұқсас ұзын сандық ішінде София патшайымының денесі мумияланған делінеді. Көптеген жандар бұл сандыққа қолдарын созып батылдық танытқан кезде мешітте үлкен шу мен діріл болып, олар бұл әрекеттерінен бас тартуға мәжбүр болған. Үлкен тылсым күш осы!

Оның (есік) жоғары жағында кішкентай бағана-тіректердегі мәрмәр жазбасында Иерусалимнің құбыла болған кезіндегі ескі суреті бейнеленген. Бұл да тылсым күш ретінде қолмен ұстауға болмайтын нәрсе. Төрт бұрышты ақ мәрмәр бағаналар есіктің ішкі жағына құбыла есіктерінің батыс жағының соңында орналастырылған.

Құбыла есіктерінің батыс жағының соңындағы есіктің ішкі бетінің шетінде төрт бұрышты ақ мәрмәр тірек орналасқан. Төменгі бөлігі адам бойы ұзындығында мыспен қапталған. Ол осылайша үнемі терлеп тұрады. Бір риуаятқа сәйкес, оның іргетасында тылсым жәдігер бар көрінеді. Тағы бір риуаят бойынша, қамалда жабық қалып қойған Абдулведуд (Иа Ведуд) Сұлтанның азапталған жүрегінің буы осы кезге шейін терлеп тұрады-мыс.

Келесі бір риуаятта, Хз. Пайғамбар (с.ғ.с.) ауыз суы тиген саз балшық осы тірек астына қолданылғаны үшін оның ылғал әсерімен терлеп тұратын көрінеді. Бұл нағыз көрілетін таңғажайып нәрсе!».

 

Дайындаған Руслан БЕГЕН

 

[1] Мешіт ішінде жиналыс жасайтын жер.

[2] Исламда жауға қарсы соғысқан немесе соғысқа қатысқан кез келген адам.

[3] Діни қызметкер.

[4] Cоғыстарда қолға түскен бағалы олжа-ғаниметтер, падишахтардан қалған құнды заттар, т.б.

 

0 пікір