АБДУЛЛАТИФ ӘЛ-БАҒДАДИ
АБДУЛЛАТИФ ӘЛ-БАҒДАДИ
13.11.2019 11:16
232
0

АБДУЛЛАТИФ ӘЛ-БАҒДАДИ (һижри 557-629, миләди 1162-1231 ж.ж.) Алтыншы ғасырдың атақты дәрігері   Аты-жөні, шыққан тегі: Муаффақуддин Абдуллатиф ибн Юсуф әл-Бағдади. Һижрамен 557, миләдимен 11632 жылы Бағдат шаһарының әл-Фәлудж ауданыныда дүниеге келген. Ата-тегі Мосул қаласынан. Ғылыми ортада Абдуллатиф әл-Бағдади деген атпен мәшһүр. Сонымен бірге Ибн әл-Луббәд деген лақабы да болған. Әкесі хадис, Құран оқулары ілімдерімен шұғылданған ғалым әрі шариғат негіздері – фиқһ ғылымының білгірі еді. Сондықтан да Абдуллатиф жастайынан өзіне ең жақын білімнің бұлағы – әкесінен нәр алды. Әкесі оған хадистерді үйретіп, ерекше ғылыми ортада тәрбиеледі. Сондай қамқорлықта өскен шәкірт білімге құштар, өте алғыр әрі әдепті, тақуа жігіт болып ер жетті. Ол араб тілі ілімдерін әсіресе грамматиканы және кәләм ілімін (теологияны) терең меңгерді.

Абдуллатиф әл-Бағдади жастайынан ойын-сауық пен уақытын бос өткізуден бойын аулақ ұстады. Барлық уақытын оқу мен білім алуға жұмсады. Ұлының білім дәрежесін өзі тексерген соң әкесі оны әрқайсысы бір ғылымды терең меңгерген ұстаздарға жіберді. Бұл уақытта жас шәкірт каллиграфия хұсни хатты жақсы игеріп, Құран Кәрімді толық жаттаған еді. Әрі шешендік өнердің қыр-сырын меңгеріп, атақты ақын әл-Мутәнәббидің диуанын (өлеңдер жинағы) жатқа білді. Алайда әкесі оны араб грамматикасының білгірінің алдына апарып дәріс тыңдатқанда жас Абдуллатиф ұстаздың сөзінен ештеңе түсінбегендігін айтты. Сонда ұстаз: «Мен жас балаларды оқытпаймын», – деп оған әуелі өзінің шәкірттерінен дәріс алуды ұсынады. Алайда бұл ұстаз екі көзі көрмейтін соқыр еді. Сондықтан да Абдуллатиф оның дәрістеріне қатысып жүрді. Ол шейхтың айтқан дәрістерін түні бойы қайталап, жаттайтын. Тіпті ол көп уақыт өтпей ұстазының өзінен асып түсті. Ол грамматика саласында жазылған барлық кітаптарды оқып түгесіп, өзге шәкірттерге дәріс бере бастайды. Осылайша әл-Бағдади грамматиканың әрбір бабы туралы ұзақ түсіндірмелер жасайтын. Ол ғылымның осы бір саласында жазылған кітаптарды қысқа мерзімде жаттап шықты. Тіпті ұстазы әл-Әнбәридің алдында атақты тіл ғалымы Сибәуидің кітаптарын жатқа айтып, сосын оларға түсініктеме жасайтын болған. Арада көп уақыт өтпей жас шәкірт айтулы ғалымға айналып, енді медицина, химия ғылымдарына ден қоя бастайды.Ол химия ғылымында жазылған кітаптардың барлығын оқып шығып, кейбір мәселелерде өзінің сыни пікірлерін де білдірген. Уақыт өте келе ізденімпаз ғалым ғылымның барлық салаларын бірдей толық игерді. Ақырында ол Бағдат қаласында өзінен асқан ғалым таба алмайды.

Миләди Мосул ғылым іздеп қаласына барады. Онда математика мен фиқһ ғылымдары жетік меңгерген бір ғалымды ғана кездестіріп, одан дәріс алады. Ол ғалымның аты Кәмәл ибн Юнус еді. Осыдан соң әл-Бағдадиге сол кездегі биліктегілер Мосул қаласындағы біраз мансаптарды ұсынады. Ол Муһаджир әл-Муаллақа атты медресе мен соның қасында орналасқан Дар әл-Хадисті басқаруға келісім береді. Ұлы ғұламаның мол білімінен тәнті болған Мосул жұрты бұрын-соңды дәл осындай кемеңгер ғұламаны көрмегендігін айтты. Сосын әл-Бағдади Мосулды тастап Дамаск қаласына барады. Ол мұнда Шам аймағының ғұламаларымен мәжіліс құрады. Мұнда да оның басқа ғұламалардан шоқтығы биік екендігі көрінеді. Осы қалада ол хадис пен түрлі діни ғылымдардағы еңбектерін жазып шығады. Мосулдағыдай Дамаск қаласы жұртының алғысы мен қошеметіне бөленеді. Содан кейін әл-Бағдади Акка қаласына барады. Мұнда қаланың қазысымен кездесіп сұхбат құрады. Қазы оған осы қалада тұрақтап қалуды сұрайды. Бірақ әл-Бағдади оған алғыс айтып, Мысырға бет бұрады.

 Абдуллатиф әл-Бағдадидың тұлғасы туралы Расында да Абдуллатиф әл-Бағдадидың тұлғасы оның замандастарына үлкен әсер қалдырды. Олардың көпшілігі оны аса зеректігіне қайран қалысатын.Ал енді біреулері оны күндеп, қызғаныш білдіретін. Осылайша ұлы ғұлама туралы замандастары мақтаушылар және даттаушылар болып екіге бөлінді. Мақтаушылар оны ғұлама, биік ахлақтың иесі, көп еңбектердің авторы, араб тілі мен грамматикасының, теология мен медицинаның білгірі деседі. Сондай-ақ ұлы ғұламаның Дамаск қаласында жүргенде медицинамен көбірек айналысып, осы ғылымның одан әрі дамуы үшін көп тер төгіп, көптеген шәкірттер тәрбиелегендігі туралы айтады. Ал оны даттаушылар болса ол бәкене бойлы, мінез-құлқы нашар, басқа ғұламалардың еңбектерін пайдаланып кітаптар шығарған, жазған кітаптары сын көтермейді деген пікірде болды. Осы екі түрлі пікір әл-Бағдадидің басқа ғалымдар сияқты көп сынақтарға сабыр еткендігі туралы білдірсе керек. Тарихшылар екінші топтағылардың әл-Бағдадиге қиянат жасағандықтарын айтады. Шындығында ол барлық ғылымдардың шегіне жеткен, көптеген кітаптардың авторы ұлы ғұлама, философ әрі дәрігер. Ол ғылымы мен білгірлігі жағынан өзінің замандастарынан биік тұрды,  ғылым десе ішкен асын жерге қоятын кішіпейіл болатын деседі.

Әл-Бағдадидың өнерге деген құштарлығы Абдуллатиф әл-Бағдади тұңғиық терең білімнің иесі болуымен қатар өнердің қадірін жете түсінетін биік талғамның да иесі болатын. Оның өнерге деген құштарлығы Мысырда жүрген кезінде байқалды. Ол мұнда жүргенде ежелгі мысырлық перғауындардан қалған көне ескерткіштерді көріп, олардағы жоғары мәдениеттің іздерін байқап қатты әсерленеді. Содан соң осы тақырыпта әл-Ифада уа әл-Иътибар фи әл-умур әл-мушәһәдә уа әл-хауадис әл-муъайана би ард Миср («Мысыр жерінде көрген істер мен оқиғалардан алынған пайда және ғибраттар») деген кітабын жазады. Бұл кітабында ғұлама мысыр ескерткіштері туралы ой толғайды.

Осылайша әл-Бағдади өзінің таным көкжиегінің кеңдігін, білімпаздығының сан қырлылығын тағы да дәлелдей түседі. Аталмыш кітабында әл-Бағдади Мысырдағы Гиза пирамидалары мен, Манаф, Бусир елдімекендеріндегі ескерткіштерді дәл сипаттап, олардың пішіні мен аудандарын нақты сандармен жеткізген. Ескерткіштер туралы мағлұматтардың толық әрі тура болуы үшін ғұлама бір адамды жалдап пирамиданың биіктігін өлшеткен екен. Әл-Бағдади басқа да зерттеушілер сияқты пирамиданың қалай салынғандығы туралы сырды білуге құштар болады. Құрылыс материалдарының қайдан әрі қалай жеткізілгендігі туралы, пирамида тастарының құрамы туралы, оның қабырғаларындағы жазулар туралы көп зерттейді. Әл-Бағдадидің өнерге деген құштарлығын дәлелдейтін тағы бір нәрсе оның араб риторикасын жетік меңгеріп, өзіндік жазу стилін қалыптастыруы. Ол араб шешендік дәстүрін жаңғыртып, ескі сөз қолданыстарын өз заманына сай қылып жаза білді. Ғұламалардың бірі: «Әл-Бағдадидің жазу тәсілі өзгелердікіне ұқсамайды. Оның сөз жеткізу мәнері өте жеңіл, өз заманына сай. Ол нақтылық пен ғылыми дәлдікті ұнататын», – деген пікір білдірген.

Әл-Бағдади еңбектері Абдуллатиф әл-Бағдади артына мол ғылыми мұра тастап кеткен ғалым. Оның ғылымның сан алуан салаларында жазған жетпістен астам кітаптары бар. Ғұламаның еңбектерін сараптап, бөлген зерттеушілер оның он үш кітабының араб тілі мен ілімдеріне туралы, екі кітабының фиқһ ғылымына туралы, тоғыз кітабының әдеби сын тақырыбында, елу үш кітабының медицина ғылымында, төрт кітабының тәрбие-тағлым, үш кітабының математика, тағы үш кітабының тарих саласында жазылғандығын айтады. Өкінішке орай ұлы данышпанның еңбектерінің көпішілігі, әсіресе логика ғылымында жазған кітаптары біздің заманымызға дейін сақталмаған. Бірақ ең жақсы сақталған кітабының бірі әл-Ифада уа әл-Иътибар. Расында да әл-Бағдади һижри алтыншы ғасырдың мәшһүр ғұламаларының бірі. Оның теңіздей шалқар білімі мен еңбектері кітаптары мен шәкірттері арқылы шартарапты шарлап кетті.

Ұлы данышпан һижри 629 миләди 1231 жылы Бағдат шаһарында дүние салды. Алла Тағала арабтан шыққан ұлы данышпан Абдуллатиф әл-Бағдадиге рахым еткей.

 

0 пікір