ТАСАТТЫҚ ЖАЙЛЫ
ТАСАТТЫҚ ЖАЙЛЫ
24.05.2022 11:05
239
0

Бірде жұма күні Алла елшісі құтпа оқып тұрғанда мешітке бір кісі кіріп келіп, пайғамбарға қарата:

 «Уа, Алланың елшісі! Тұрмыс-тіршілігіміз нашарлап, құрғақшылықтан көзіміз ашылмады. Көлік қылып пайдаланып отырған түйелеріміз де әлсіреп, жандары қыл үстінде тұр. Алладан біз үшін нөсерлеп жаңбыр жаудыруын сұрашы», – деген өтінішін білдіреді.

Мұны естіген пайғамбар:

 «Уа, Аллаһым! Жаңбырыңды жаудыра гөр. Жәрдеміңді бер», – деп дұға тілейді.

Бір мәтінде «اسقنا» деп келсе, екінші мәтінде «أغثنا» деп айтылады. Екеуі де бір мағынаны білдіреді.

 Бұл оқиғаға куә болып отырған сахаба Әнәс (пайғамбардың дұғасынан бұрын) аспанда бұлт түгілі, оның ізі де жоқ екенін айтады. Мәдинаның жанындағы Салғ тауы мен біздің арамызда ешнәрсе жоқ еді. Яғни барлығын көріп тұрмыз. Ашық аспан болатын. Пайғамбардың дұғасынан кейін әлгі таудың арт жағынан қою, қалың бұлт көріне бастады. Сәлден соң нөсерлетіп жаңбыр жауды. Әнәс сөзін жалғастыра келе:

 «Алланың атымен ант етейін! Біз күннің сәулесін алты күн бойы көрмедік», – дейді. Содан келесі жұмада пайғамбар құтпа оқып тұрған сәтте, тағы бір кісі келіп:

 «Уа, Алланың елшісі! (Мына жаңбырдың көптігінен) барлығы құрдымға кетті. Құдайдан мына жаңбырдың тоқтатуын сұрашы», – деп жалбарынады.

Бұл өтінішті естіген Алла елшісі:

«Уа, Аллаһым! Зиянға ұшырататын емес, біздің игілігімізге жаудыра гөр. Айналамыздағы кішкене таулар мен төмпешіктерге, алқап, аңғарлар мен ағаш (жеміс-жидек) егілетін жерлерге жауыныңды жібер», – деп дұға тілейді. Пайғамбардың дұғасынан кейін жауын тоқтап, күннің шуағын көре бастағандығы баяндалады.

 

Сахих Бұхари, 389-390-бб, 1013, 1014-хадис.

0 пікір