САХАБАЛАРДЫҢ ІЗІМЕН ЖҮРУ – СҮННЕТПЕН ЖҮРУ
САХАБАЛАРДЫҢ ІЗІМЕН ЖҮРУ – СҮННЕТПЕН ЖҮРУ
15.09.2021 10:56
112
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үмметімнің ішінен үнемі дін дұшпандарынан басым түсетін, хақ жолда қадамдары нық және қарсы келгендер өздеріне зиян бере алмайтын бір топ (қияметке дейін) еш үзілмейтін болады». (Сахих Мүслим)

Омар ибн Абдулазиз (рах.) Басра әкімі Адии ибн Әртатқа жазған хатында былай дейді: 

«Мен саған Алла алдында тақуа болуға, діни мәселеде орта жолды ұстануға, астамшылық етпеуге, Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетіне еруге, сүннетпен бекіген мәселеде бидғатшылардың сөзіне ермеуге өсиет етемін.

Сүннетті мықтап ұстан. Өйткені сүннетті мүміндерге жол қылып берген Пайғамбарымыз (с.а.у.), сүннетке қайшы жүргенде қандай қауіптің, нендей жамандықтың туатынын жақсы біледі.

Сахабалар разылық танытқан нәрсеге сен де риза бол. Өйткені олар жасаған істерін, үйренген ілімдерін пайдаланып жүзеге асырған. Ал тәрк еткендерін биік парасаттарымен тәрк еткен. Олар әр істің ақиқатын өте жақсы білетін. Егер бидғатта бір жақсылық болса, күмәнсіз, оны сахабалар жасайтын еді.

Егер «сахабалардан кейін көптеген нәрсе шықты, заман өзгерді» десеңіз, біздің айтарымыз мынау: «Ол бидғаттарды сахабаның ізімен жүрмеген, өздерін сахабадан артық көретіндер шығарған. Алайда сахабалар дінде ең алда болғандар. Олар қажетті мөлшерде айтарын айтты. Көңілге шипа болар сөздерін қалдырып кетті. Сахабалардың ізімен жүрмей, олардың көрсеткеніне қосымша бір нәрсе қосқысы келгендердің өзегін өкініш кернейтін болады. Бидғатшылардың кейбіреуі кем жасайды, кейбіреуі асыра сілтейді. Ең дұрыс жол – орта жол, сахабалардың жолы».

 

 

0 пікір