Қонақта отыру әдебі
Қонақта отыру әдебі
21.08.2019 11:31
3391
0

Қазақ – қонақжай, тойшыл халық. Қонақ күткенді де, қонаққа барғанды да ұнатады. Қонақ болу өз алдына, ал сол дастархан басында отыру әдебіне мән беріп жүрміз бе? Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дастарханда отыру әдебіне қатысты мәні мен маңызы зор хадистерінен бастайық:

       «Ешбірің отырған адамды орнынан тұрғызып, оның орнына отырушы болмаңдар. Араларыңа біреу келіп қосылса, ортаны кеңейтіп, сығылыспай кең отырыңдар».

       «Кімде-кім даурықпасы көп пайдасыз әңгіме айтылған отырыста болса, кетерінде: «Уа, Алла тағалам! Сен кемшілік атаулыдан пәксің. Саған сансыз мадақ айтып, шексіз алғыс білдіремін. Сенен басқа тәңір жоқ екеніне куәмін. Сенен күнәларым үшін кешірім сұрап, тәубе етемін» - деп дұға етсе, уақытын текке кетіріп, мәнсіз, мағынасыз отырыстан тапқан күнәсі кешіріледі».

       Ибн Омар (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) адамдардың басын қосқан отырыстың соңында мына дұғаларды оқып бата қылмастан орнынан тұрмайтын. Ол орнынан тұрарда: «Уа, Алла тағалам! Бізге Өзіңе бойсұнбай кетуден сақтайтын қорқыныш сезімін нәсіп ет! Бізді жұмағыңа жетелейтін бір Өзіңе ғана бойсұнушылықты нәсіп ет! Бізге фәни дүниенің ауыртпалықтарын болмашы етіп көрсететін шынайы иман нәсіп ет! Уа, Алла тағалам! Бізге өміріміздің соңына дейін есту және көру қабілетіміздің һәм бойымыздағы күш-қуатымыздың қызығын көруді нәсіп ет! Ажалымыз жеткенше (он екі мүшемізге) денсаулық, күш-қуат бере гөр! Мына жалған дүниені біздің ең үлкен қамымыз және іліміміздің жеткен шегі ете көрме! Сондай-ақ, бізге жаны ашымайтындарды басшы ете көрме!», - деп дұға жасайтын», деген.

       Сонымен қатар, халқымызда жасы үлкендерді төрге шығарып, жасы кішілердің қариялардың қолына су құюы, қарттың дастарханға бата беріп, «бісміллә» деп бастауы, «болдым» деп тұрып кетпей, үлкендерден рұқсат алуы сияқты тәрбиелік мәні зор әдеп-ғұрыптар бар. Мұның барлығының түп- төркіні қасиетті Құран аяттары мен асыл хадистерде, қазақи менталитетте жатса керек.

 

0 пікір