ҚАРЫЗ БЕН НЕСИЕНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
ҚАРЫЗ БЕН НЕСИЕНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
09.08.2022 11:08
341
0

Пенде болған соң кей жағдайда адамдардан қарыз алып, қарыз беріп жатамыз. Бірақ көп адамдар қарызды беру шарттары мен оны сұраудың әдептерін білмейді. Соның нәтижесінде қарыз беруші мен борышкер арасында келіспеушіліктер туындап жатады. Осы тұста қарыз бен несиенің айырмашылығын айтып өтсек.

Алла Тағала құранда: “Әй, мүміндер! Егер белгілі бip мерзімге дейін бip-бipiңe борыштансаңдар, сонда оны жазыңдар. Араларыңда бip хатшы дұрыс жазсын”, — деген. Осы аятты көп адам қарыз берген кезде оны жазу керек деп түсінеді. Негізі бұл аяттың мақсаты басқа. Оның білу үшін алдымен қарыз бен несиенің айырмашылығын білу керек. Шариғатымызда несиенің және қарыздың анықтамасы бар. Әрі бұл екеуі үкім жағынан екі түрлі болады.

Несие дегеніміз - бір затты немесе тауарды нақты қаражатқа алмай, төлемін белгілі уақытқа дейін кешіктіру.

Қарыз дегеніміз - бір адамның екінші бір адамға қаржылай пұл беруі. Әрі берілген қаражаттың қарымтасы ретінде ешнәрсе алмау. Біздің елде осы екеуіне де қарыз деп айтылып, сол мағынада қолданылып кеткен. Бірақ фиқһ тұрғысынан екеуі екі бөлек нәрсе.

 Фиқһта несиеге -дәйн деп айтылса, қарызға - қард, деп айтылады. Біздің елде несиені -өсім (пайызға зат, немесе ақша беру) деп түсініп кеткен. Бұл нәрсеге фиқһта - риба деп айтылады. Несие емес.

Несие мен қарыздың айырмашылығы

Несиеде бір затты нақты пұлға алмай, төлемін кейінге қалдыру шартымен сатып алатын кезде арнайы уақыт тағайындалады. Мысалы, "мына затты қазір сатып аламын, бірақ төлемін келесі айдың біріне беремін" деп айту. Жоғарыдағы аятта айтылған нәрсе осы еді, яғни несиеге зат сатқан кезде оны жазып қою -мұстахаб амал. Ал қарызға пұл берген кезде арнайы уақыт тағайындалмайды.

Мысалы, "саған 100 мың теңге қарызға беремін, келесі айдың алғашқы жұмасында қайтарып бересің" деп шарт қою. Бұлай жасау — жәйіз емес. (Нақтылық үшін сұрау бұдан басқа.) Қарызда арнайы күн тағайындалса да, жүзеге аспайды, яғни арнайы уақыт тағайындалмайды. Сондай-ақ, қарыз беруші адам қарызын қалаған уақытында сұрай алады. Ал несиеге зат сатып, оның өтелетін күні белгіленсе, қарыз беруші мерзімнен бұрын талап ете алмайды. Осы көзқарасты Ханафи, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары ұстанған.

Имам Мәлик қана:«Қарыз да несие сияқты кешіктіріліп, арнайы уақыт қойылады», - деген. Ханафи мәзһабының беделді имамы Әл-Аъйни: «Ғұламалар арасында несиеге және қарызға арнайы уақыт тағайындалуда түрлі көзқарастар айтылған.

Имам Әбу Ханифа және оның шәкірттері: «Қарыз берген адам өзінің пұлын қалаған уақытта барып сұрай алады. Екеуі арнайы бір уақытқа келіскен күннің өзінде, бұл сөздің еш қуаты болмайды», - деген. Бұл көзқарас әл-Харис әл-Уълки және оның шәкірті Ибраһим ән-Нахаъидің ұстанымы. Ибн Әбу Шәйба осы көзқарасты аламыз деген.

 Алайда имам Мәлик: «Егер бір адам екінші бір адамға белгілі уақытқа дейін қарыз берсе, уақыты келмей тұрып оны талап ете алмайды», — деген тұжырымға барған. Қорыта келе, қарыз берген кезде оған арнайы уақыт тағайындау — дұрыс емес. Тағайындалған күннің өзінде бұл келісімге амал ету міндет болмайды. Қарыз беруші адам қарызын өзі қалаған кезде барып сұрай алады. Қарыз алушы бұл нәрсеге ренжімеуі тиіс.

0 пікір