Қабірлерді зиярат етіңдер, ол сендерге ақырет күнін еске түсіреді (хадис)
Қабірлерді зиярат етіңдер, ол сендерге ақырет күнін еске түсіреді (хадис)
02.12.2019 11:46
1508
0

Бейіт  деп қайтыс болған адамның зиратта жерленіп белгі қойылған орнын атайтынын бәріміз білеміз..

Бейіт- араб тілінде «үй», «пәтер», «шатыр», «бөлім», қалта», «қын» дегендерді білдіретін көп мағыналы сөз.

Халық арасында зират деп белгілі бір  ортадағы (ауыл, аудан, қала т.б.) қауымға тән  ұжымдык жерлеу орны болса, бейіт - соның ішінде мәйітті қоятын бір «бөлімі», «үйі».

Ал қабір деп жерді терең етіп қазып, мәйітті арулап қоятын орын, яғни көр.

Соңғы кездері ел арасында қабірлерді әшекейлеп, құрылысын зәулім үйлер іспетті етіп соғып жатқандар көп. Мазарларымыз ахуалына назар аударып қарасақ, олардың көбі ертегілердегі ескі қалалар сипатын елестетеді.

Әрине, қабірге құрметпен қарау, оны аяқасты етпей, баспай, сый-құрмет көрсету орынды. Бірақ оның жөні осылай екен деп қабірдің үстіне қала көтеру, кесене салу, күмбез тұрғызу деген дұрыс емес. Шындығында мәйітті топыраққа салғаннан кейін шағын бір белгі қою немесе малдың тұяғының тапталуынан сақтау мақсатында қоршап қоюға болады.

Мазарларды көркейту исламда тыйым салынған нәрсе емес. Қабірді қоршап, оның басына тым әшекейлемей тас та қоюға болады. Онда тек бір қабірді ғана емес, сол қабір жатқан моланың шекарасын сырт жағынан қоршау керек. Үй ішінен үй тігіп, қабірдің өзін оңаша қоршауға болмайды. Сондай-ақ бейітті темір, ағаш және т.б. заттармен қоршау шариғат бойынша дұрыс емес. Ал жан-жағын биік дуалдармен өріп қоршаудың тіпті жөні жоқ. Ең маңыздысы – бейіт үстіндегі топырақтардың ашық болуы, көгеретіндей халге келтірілуі. Өйткені ислам шариғаты бойынша жеміс-жидек, гүл, ағаш, отырғызса, соның сауабы әлдеқайда көп болмақ.

Бейіттегі мәйітке сый-құрмет көрсеткіміз келсе, оларды көгалдандырып, жеміс-жидек отырғызу, түрлі жеміс ағаштарын егу абзалырақ екен. Өйткені әрбір көгерген көкөніс, жеміс мәйіт үшін тасбих айтып тұрады деседі.

Бүгінде  таңда небір қалталы азаматтар өз ата-анасы мен бауырларына аспанмен теңестіріп, бағалы тастар мен мәрмәрлардан безендіріп, түрлі кесенелер салып жатқанын көріп те, естіп те жүрміз. Әр нәрсенің өз шегі болғаны секілді, қабірдің де белгілі үкімі бар екенін ұмытпаған жөн. Қабірге деп пайдасыз амалдарды жасағанша, сол сарп еткен ақшаңызды Алла ризалығы үшін оқып жүрген келешек ұрпаққа жұмсасаңыз, оның сауабы әлденеше рет пайдалырақ. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадисінде: «Қабірлерді зиярат етіңдер, ол сендерге ақырет күнін еске түсіреді»,- деген.

Сондықтан әр амалымызға абай болайық. Себебі біз шариғат үкімдеріне сай келмейтін әрекеттеріміз арқылы Алланың қаһарына ұшырап қалуымыз мүмкін.

0 пікір