Пайғамбар(с.ғ.с)-ға салауат айтып, жақсылығын тілеу не үшін қажет?
Пайғамбар(с.ғ.с)-ға салауат айтып,  жақсылығын тілеу не үшін қажет?
26.12.2017 12:29
1677
0

Алла Тағаланың рақымы мен берекетіне бөленген, абырой-дәрежесі жоғары Пайғамбарға салауат айтып, жақсылығын тілеу не үшін қажет?

Біріншіден, ақырғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айтуымыз - мойнымыздағы қарызымыз. Оның алдындағы жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі. Оған деген көл-көсір алғысымызды тілек ретінде жеткізу. Оған деген жүректегі сағынышымыз бен құрметімізді салауат түрінде жеткізу болмақ.

Егер пайғамбарымыз жіберілмегенде, біз Ұлы Жаратушыны барлық кемел сипаттарымен танып, қатесіз түсіне алатын ба едік? Пайғамбарымыз келмес бұрын адамзат ай, жұлдызға, жансыз, тілсіз, меңіреу, қолдан жасалған пұттарға Құдай деп табынғаны баршаға белгілі. Ендеше, адамзатқа тәухид дінін үйретіп, Раббымызбен табыстырған Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айту - әрбір мұсылманның пайғамбары алдындағы адал борышы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне білдірілген ақиқаттарды сан алуан қиыншылықтармен қырқыса жүріп адамзатқа жеткізді. Сол жолда малын да, жанын да аямады. Сол үшін апталап емес айлап аш қалып, мүшріктердің:  «Әбдімүттәліптің жетімегінен басқа пайғамбарлыққа адам табылмай қалып па?!» дейтіндей қорлық сөздерін естіп, келеке-мазағына душар болды.  Мүбәрак жүзіне дұшпандары сан рет түкіріп, ғибадат жасап жатқан кезде түйенің қан-жынын әкеп төбесіне қотарып айыздары қана алшаң басып кете барған кездері де болды. Жаңа дінге қарсы шыққан Мекке мүшріктері Пайғамбарызды өлтіруге ант ішіп, мүбәрак өмірін қауіп-қатерге кіріптар етті. Жақын туыстары мен жора-жолдастарын өлтіріп, мал-мүліктерін талан-таражға салды. Бірақ, хақ діннің адамзатқа жетуі үшін пайғамбарымыз (с.а.у.) осының бәріне мойымай шыдады. Пайғамбарымыз бұл жан түршігерлік қиыншылықтарға  қияметке дейін келіп-кетер жалпы адамзаттың бақыты үшін душар болды. Иә, ол ақырғы дін исламды бізге жеткізбегенде, ақ пен қараны, дүние мен ақыретті, тозақ пен жұмақты, адамдықтың асыл қасиеттері мен құндылықтарын, Ұлы Жаратушының бізді екі дүниеде де бақытты ететін, адамзатты тура жолға бастайтын   ескірмейтін заңдарын қайдан біліп, кімнен үйренетін едік? Осының бәрін бізге тұнық күйінде үйреткен хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айту - біздің Оған деген шексіз алғысымыз бен сүйіспеншілігіміздің рәмізі.

Салауат - сан ғасырлар бойы жалғасып келген әрбір үмметінің «Уа, Пайғамбарым! Мен де сенің үмметіңмін» деп көкірек кере қуаныштан жар салуының көрінісі.

Салауат - сан ғасырды артқа тастаса да үмметінің Пайғамбарына деген түгесілмес сағыныш сазының әуені.

Салауат - үмметінің Оған (с.а.у.) бір қадам болса да өзін жақын сезінуінің шарасы болса керек.

Екіншіден, үмметінің әрбір істеген жақсылығының сауабы Пайғамбарымыздың да амал дәптеріне жазылып отырады. Сол себепті, Оның «махмуд мақамы» биіктеген сайын биіктеп, ақыретте көптеген үмметіне шапағат ете алатын болады. Салауат арқылы Пайғамбарға Алла Тағаладан берекет, рақым тілеп, дәрежесінің көтеріліп, мейірімінің үстем етілуін сұрау - Оның (с.а.у.) ақыретте шапағатына кенелуімізге себеп болады. Үмметі Оған салауап айтқан сайын оның биіктегі дәрежесі одан әрі асқақтап, шапағат ету ауқымы кеңейе түседі.

Хақ Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) хадисте: «Қиямет күні адамдардың маған ең жақыны - мына дүниеде маған көп салауат айтқан адам»,-деген. Пайғамбарына салауат айтып, сәлем жолдаған құл,  иншаллаһ, ана дүниеде пайғамбарға анағұрлым жақын тұрады. Сөйтіп Хақ алдында есебімді қалай беремін деп ақ тер, көк терге түсіп абдыраған құл күтпеген жерден пайғамбарының кең шапағатына ие болады. Сондықтан салауат айтудың пайдасы Пайғамбарымыздан бұрын Оның үмметі, бізге тиеді. Шындап келгенде, салауат айтуға Ол емес біз мұқтажбыз.

Үшіншіден, біз пайғамбарымызға салауат айтқан сайын Алла Тағала бізге он рет салауат айтады. Он күнәміз кешіріліп, дәрежеміз он есе көтеріледі.

Әнас атты сахаба риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай дейді:

«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса,  Алла Тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі».

Демек, Ұлы Жаратушының рақымына бөленіп, күнәларымыздың кешіріліп, дәрежеміздің өсуіне себеп болар салауатқа Пайғамбарымыз емес, керісінше біз зәруміз.

0 пікір