ПАЙҒАМБАРДЫҢ (С.Ғ.С) ЖЫЛАҒАН СӘТТЕРІ
ПАЙҒАМБАРДЫҢ (С.Ғ.С) ЖЫЛАҒАН СӘТТЕРІ
26.12.2016 12:48
11179
0

Әлемдердің Раббысына бойсұнғандардың Мырзасы, Қиямет күнінің Патшасынан қорыққандардың имамы және елшілердің ақыры Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) көзінен жас кетпейтін, өте сезімтал, жүрегі жұмсақ, өзі көңілшек, көздері жасқа тола салатын кісі болған. Оның жасы шын әрі таза, Алладан қорқып әрі жасырын ағыл-тегіл жылаған уақытта еңкілдеген дыбысы естілетін еді.

Алла елшісінің (с.ғ.с) жас төгуі біздер үшін ғибрат. Ол кісінің жылауы алда күтіп тұрған есеп күнінің ақиқат екенінің, ол күндегі қорқыныштың өте қатты екендігінің және Алланың алдына баратын күнге барынша әзірліктің қажет екенінің дәлелі. Сондай-ақ, пайғамбардың (с.ғ.с) жылауы оның айтқан нәрселері рас екенін және жасаған амалға сай жазаның бар екенін растайды.

Пайғамбардың (с.ғ.с) жасаған іс-әрекеттерінің барлығы амал атаулының ең жоғарғы мәртебесі, ең биік дәрежесі саналады. Ол дүние нәпақасы үшін уайымға салынбаған, дүниедегі кәсіптен айырылып қаламын деп қорықпаған. Оның бойында қиындықтарды шешпейтін, ешкімде жақсы ой қалдырмайтын қатыгездік, менмендік қасиеті болмады. Керісінше жылап жас төгуі, өкініші мен тәубе етуі де Алланың разылығы үшін жасалған.

Алла елшісінің (с.ғ.с) күлімсіреуі мен шаттыққа толып қуануы Алланың көрсеткен шеңберінде жүзеге асты. Мақалада пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ақыретті ойлап, көзіне жас алған сәттерінен үзінділер келтірмекпіз. Өйткені, ол кісінің бойындағы күллі бекзаттық қасиеттер, ізгілік сипаттар біздер үшін жоғары мәртебелік үлгі:

«Расында сендер үшін, Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін, Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» (Әл-Ахзаб, 21).

Пайғамбардың (с.ғ.с) көзінен төгілген шынайы көз жасы -  сахабалардың жүрегінде тіпті көркем хұтбалар мен керемет уағыздар қалдыра алмайтын тәрбиелік із, өнегелі әсер қалдырған. Алланың елшісі (с.ғ.с) бір түні намазға тұрып «Мәйда» сүресінің: «Егер оларды азаптасаң да олар құлдарың, егер оларды жарылқасаң да күдіксіз Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Әл-Мәйда, 118) – деген аятын қайта-қайта оқып еңіреп жылаған. Осылайша түндерді көптеп жылаумен өткізген.

Сонымен қатар пайғамбар (с.ғ.с) Құранды ұйып тыңдайтын әрі аяттарды естіген сәттерде де көздеріндегі жасты тізгіндей алмайтын. Алланың елшісі (с.ғ.с) Ибн Масғудқа: «Маған Құран оқышы»,—деді. Ибн Масғуд: «Мен сізге Құранды қалай оқимын, Құран өзіңізге түскен жоқ па?» – деп айтады. Пайғамбар (с.ғ.с): «Құран оқышы, күмәнсіз мен басқаның оқыған Құранын тыңдағанды жақсы көремін», – деп тіл қатты.

Сонда ибн Масғуд: «Ниса» сүресінің басынан бастап оқиды да: «(Мұхаммед) әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» деген «Ниса» сүресінің қырық бірінші аятына жеткен кезде Алланың елшісі (с.ғ.с): «Жетеді. Тоқта», – деп әмір етеді. Ибн Масғуд Құран оқуын доғарып Алланың елшісіне (с.ғ.с) қараған кезде оның көздерінен аққан жасты көреді (Бұхари).

Абдуллаһ ибн Шурайх сахих хадисте: «Алла елшісінің (с.ғ.с) құзырына бардым, ол кісі намаз оқып жатыр екен. Оның кеудесінен адам жылаған сәтте шығатын еңкілдеп жылаған дыбысты естідім», – деп айтқан (Нәсәй).

Алланың елшісі (с.ғ.с) қызы Зайнаб қайтыс болғанда оның жаназасына қатысты. Қабірдегі сұрақ-жауапты және азапты ойлады, қызының қабірінің басында отырып көздеріндегі жасқа жол берді, сахабалар осы әсерлі жағдайды көзімен көрді. Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларға Алладан қорқып жылаудың қасиеті жайында хабар беріп, Алланың көлеңкесінен басқа көлеңке болмайтын (қиямет) күні Алла өзінің көлеңкесіне алатын жеті адам турасында әңгіме қозғайды (жеті адамның бірі): « ...Жалғыз өзі болған кезде Алланы еске алып, көзіне жас толып жылаған кісі» жайында мысал келтіреді (Бұхари). Сондай–ақ, Алланың елшісі (с.ғ.с): «Оттың жалыны мәңгі тимейтін екі көз бар. Ол екеуі: Алладан қорқып жас толып жылаған көз және Алланың жолында күзет қылған көз», – деген (Термизи).

Енді мына хадисте Әбу Һурайра: «Алланың елшісі (с.ғ.с): «Алланың көлеңкесінен басқа паналайтын көлеңке болмайтын күні Алла жеті адамды Өз көлеңкесіне алады: әділ имам (басшы), жастайынан Раббысына құлшылық етіп өскен бала, жүрегі мешітке ынтызар болған адам, бірін–бірі Алла үшін жақсы көріп, Оның жолында дос болған және айырылысқан екі адам, мансапты әрі сұлу әйелдің көңілі тоқтаған ер. Ол (ер)Күмәнсіз, мен Алладан қорқамын-деп айтады (яғни, әйелмен зина жасаудан бас тартады). Оң қолы берген садақаны сол қолы білмейтін садақа беруші және жалғыз отырып (оңаша) Алланы есіне алып көзі жасқа толған адам», – деген хадисті риуаят қылған (Бұһари).

«Бәдр шайқасынан алдыңғы сындарлы сағаттар болатын. Шатырда мүбәрак пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) Әбу  Бәкір Сиддық (р.а.) екеуі отырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі алақанын көкке көтеріп, Жаратушыны зікір етіп, Оның  әуелде берген жеңісін сұрап: «Уа, Алла! Егер де Сен бүгін мына әскеріңе жәрдем бермей қырып салсаң, онда Саған жер бетінде құлшылық жасайтын жан қалмайды!» – деп кейін:

«Ей, Алла! Маған уәде еткен нәрсеңді жібер! Ей, Алла! Маған жеңіс нәсіп қыл!» – деген сөздермен Алладан мінәжат қылып, дұға жасайды.

Алладан жәрдем сұрап, екі қолдарын жоғары көтергені сонша үстіндегі шапаны иықтарынан түсіп кетеді. Әбу Бәкір Сиддық (р.а.) ол кісінің артында тұрып шапанын иығына жапты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алладан қатты мінәжат қылып тынымсыз сұрап тұрғанын көрген ол оған жаны ашып:

«О, Алланың елшісі! Сенің жасаған мінәжатың Раббыңның хұзырына жетті. Күмән жоқ Алла саған берген уәдесін орындайды», – дейді. Бір уақытта пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі ілініп кетеді. Кейін ұйқысынан оянып:

«Ей, Әбу Бәкір! Қуанышты хабар бар! Алланың жеңісі келеді. Бұл аттың жүгенін ұстап, шаң көтеріп келе жатқан Жәбірейіл», – деді. Дәл осы оқиға турасында Құранда «Әнфал» сүресінің 9-15 аяттары түсірілген. Бұл хадис  ибн Аббастың (р.ғ.) риуаятында да келеді.

Асыл пайғамбарымыз (с.ғ.с)  ауруы асқынып  жанына батып, қиналса да, өмірден өтерінен екі күн бұрын «Ухуд» шайқасында қаза болған шәһидтер мазарына зиарат етуге барады. «Ухуд» әскерлеріне сәлем беріп үйіне кері қайтар жолда ағыл-тегіл жылайды. Мұны көрген сахабалары:

–  Я, Расул Алла, неге сонша жыладыңыз? - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) :

–  Мен бауырларымды сағындым, - дейді. Сахабалар таңырқап:

–  Сіздің бауырларыңыз біз емес пе едік?! – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

 – Сендер менің сахабаларымсыңдар, ал мені көзімен көрмей-ақ маған иман келтіргендер, міне солар менің бауырларым, – деп жауап береді.

Біз Алла елшісінің (с.ғ.с) өмірінен үйренуіміз керек. Ол әлсіз болған жәбірленушілерге жәрдем сұрап, Ислам мен мұсылмандарға дем беруін тілеп Аллаға мінәжат қылған кездерінде оның жүрегі қалайша соқты, өкпелері қалайша дем алды, еріндері қалайша күбірледі?

Расында Пайғамбардың (с.ғ.с) жылаған сәттері пендеге ой салады, Аллаға бойсұнушылығын күшейтеді, нәпсіні өзіне жігерлендіреді. Ұйқыда жатқан арды оятады, бейқамдықтың құлы болған адамның есін жиғызады.

Иәә, біз мына өмірдің жалған сынақ екендігін мойындадық па? Қарын толтыру мен бейқамдықтан арылып Алладан қорқып, ақырет азабынан тітіреп жыладық па? Біз кашан құлшылығымызда Жаратушымыздың жүзіне ғашық болып, махаббатына бөленіп, бергеніне шүкіршілікпен жылап намаз оқыдық?  Біз қашан Пайғамбарға (c.ғ.с) тіліміз талғанша салауат айтып және оған (с.ғ.с) , әулетіне, сахабаларына болған сағыныштан жас төктік?

  «Жылау» дегеніміз – Алладан қорқатындар мен ғалымдардың сипаты. Алланың жақын құлдары Құран аяттарын естіген сәтте Алланы естеріне алып ынтызар болып әрі Одан қорқып жылайды. Себебі, олар аяттардың мағыналарын жақсы біледі, сондықтан аяттар оларды үнемі жақсы көретін Жаратушы Раббыларына  және ақыретке асықтырады. Олар Құран аяттарын естіген сәтте денелері түршігіп, жүректері елжіреп көздері жасқа толған. Мұның барлығы Раббыны ұлықтау, Оған бас ұрып бойсыну, тәубе ету және Құранға құрмет көрсету.

Алланың елшісі (с.ғ.с) көзінен жас шыққан кезде Жаратушыға үрей мен қорқыныш толған жүрегімен жылады. Аллаға деген махаббат билеп алған нәпсісімен еңіреді. Оның көздерінен аққан жастарына тіл бітіп адамдарға насихат айтуға шақ қалды. Оның жылауы болса күллі насихатты он асып түсуге, кез келген сөзді орап алуға әзір тұрды.

 

Гүлнар Жаладинқызы

0 пікір