ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ТҮСІ
ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ТҮСІ
11.04.2018 11:49
1360
0

Түс жайлы Убада бин Сомит (Алла оған разы болсын) «Мұсылманның түсі – пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің бірі[1]» деген хадис риуаят етеді. Жалпы, кейбір риуаяттарда қырық бес, қырық, тіпті жетпіс бөлігінің бірі деп те айтылған. Оның мән-мағынасы, ізгі де жақсы адам болса оған қатысты қырық алты бөлігінің бірі, ал пасық адам болса жетпістен бірі болады деп түсіндірген[2]. Қырық алты саны айтылуының сыры – Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жиырма үш жыл уахи түсті. Бастапқыда, уахидан алдын алты ай түс көрді деп талқылаған.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз аузымен көрген түстерін сахабаларына әңгімелеп беруші еді. Сондай әңгімелердің бірі Бұхари мен Тирмизи еңбектерінде жазылған. Ол сахаба Жабир (р.а.) риуаят еткен хадис. Жабир (р.а.) былай дейді: «Бір күн Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге шығып: «Бүгін түс көрдім. Жәбірейіл менің бас жағымда, ал Микаил[3] аяқ жағымда тұрған екен. Екеуі бір-бірімен әңгімелесіп: «Оған мысалдатып айтшы», - деді. Екіншісі: «Тыңда, құлағың (сөзімді) тыңдасын. Зер сал, (айтқанымды) жүрегің ұғып алсын. Сен және үмбетіңнің мысалы мынадай, патша бір қамалда үй тұрғызады. Сосын онда бір дастарқан жаяды да адамдарды дастарқанға шақыру үшін бір елшісін жібереді. Адамдардың кейбірі елшінің шақыруын қабыл алды, ал кейбірі бас тартты. Міне, сол патша – Алла Тағала, ал қамал – Ислам, үй – жәннат. Ал, сен Мұхаммед – дастарқанға шақырушысың. Кім сенің шақыруыңды қабыл алса, Исламға кіреді. Исламға кірген адам жәннатқа кіреді. Ал, жәннатқа кірген адам ондағы нығметтердің дәмін татады[4]», - деп әңгімелеп береді.

Жалпы, екі дүние сұлтаны сахабаларының түсін жорып беретін болған. Ал түс жоруға қатысты «Түс адамның басында оны айтпайынша қалықтап тұрады, ал айтса орындалады. Түсті тек ақылды немесе жақсы көрген адамға ғана айт[5]» деген риуаят бар.

Бұл хадистің мәні, түсті жорымайынша, ол бейне бір ауада қалыптап тұрғандай күйде болады. Ал, енді кім жорыса соның жорығанындай боп жүзеге асады. Міне, сондықтан түсті ақыл-парасатты немесе жанашыр бауырыңа, яки болмаса досқа айтқан дұрыс.

Осыған орай, Әбу Сағид (р.а.): «Сендер жағымды бір түс көрсеңдер, ол Алла Тағала құзырынан болғаны. Аллаға мақтау айтып, түсіңді айтып бер. Ал егер, ондай емес боп, жағымсыз бір түс көрсеңдер, ол шайтаннан болғаны. Түстің жамандығынан сақта деп Алла Тағаладан сұрап, ол түсті ешкімге айтпасын. Міне, сонда оның зияны тимейді[6]», - деген хадис риуаят етеді.

Негізі, біз көрген түсті хадис түсіндірме еңбектерінде үш түрге бөледі. Біріншісі, адамды мазалаған бір ой немесе шаруаға қатысты көрген түсі. Ондай түс жорылмайды. Екіншісі, адамның көңілін құлазытып, жүрекке мұң мен қайғы әкелетін түстер. Бұл шайтаннан келген түс. Шайтани түсті ешкімге айтпай, Хақ Тағаладан әлгіндей түстің кесірінен қорғауын сұрау керек. Үшіншісі, сүйінші түс. Ендеше, адамның түсі тікелей өзіне байланысты. Жақсы адам – жақсы түс көреді. Ал, жаман адам...

Мұса ЕРБАТЫР


[1] Төрт хадис еңбегінде

[2] әт-Таж Жамиъ лил Усул фи ахадис расул, 3-4 том, 304-бет

[3] Жәбірейіл және Микаил періштелер

[4] Бұхари, Тирмизи

[5] Тирмизи, Әбу Дауд

[6] Бұхари

0 пікір