КЕҢЕСУДІҢ ХИКМЕТТЕРІ
КЕҢЕСУДІҢ ХИКМЕТТЕРІ
23.06.2022 16:11
155
0

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَرَادَ أَمْرًا فَشَاوَرَ فِيهِ امْرَأً مُسْلِمًا وَفَّقَهُ اللهُ لِأَرْشَدِ أُمُورِهِ. (طس)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Кімде-кім бір нәрсе істемек болып, сол іс жайында (білетін) бір мұсылманмен кеңессе, Aлла Tағала oл адамға істің ең дұрысын бұйыртады”. (Taбәрани, әл-Mуғжәм ул-әусат)

Ақылдасу, пікірлесу, ойласу, кеңесу дегеннің бәрі осы мағынаға саяды. Әлдебір мәселе не іс жайын лайықты кей кісілермен кеңесу, солардың ой-пікіріне жүгіну, пікір алмасу дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) уахи түспеген, дін негіздеріне қатысты емес кей дүнияуи істерді сахабалармен кеңесетін. Оған сол міндеттелген. Себебі “…Сондай-ақ олармен әр істе кеңесіп отыр…” деген мағынадағы Али-Имран сүресінің 159- аятында ақылдасу керектігі білдірілген.

Пайғамбарымыздың (с.a.у.) сахабалармен кеңесуінде көп хикмет, пайда бар. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асхаб кираммен пікір алмасуы оларға деген сүйіспеншілігін, көңілінің ықыласын көрсетіп, сахабалардың қадірін, бағасын арттырған. 

Пайғамбарымыз (с.a.у.), сөз жоқ, ақыл жағынан барша адамнан озық. Оның сахабалармен кеңесуі олардың ақыл-ойын пайдалану үшін емес, бәлкім, олардың ақылының, пікірінің деңгейін біліп, ой-сезімін, адалдығын түсіну үшін керек болған шығар.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кеңесіп тұруға міндеттелуі үмметінің де пікір алмасуға құрметпен қарауға тиіс екендігін көрсетеді. Расында, бір хадисте былай дейді: “Кез келген қауым кеңесетін болса, істің ең дұрысына жол табады”. Былайша айтқанда, жұмысында табысқа қол жеткізеді.

Кеңесу мәселесінде үмметі оның ізімен жүріп, бұл сүннет нәбәуийәға айналған. 

Омар (р.a.) айтқан: “Бір адамның пікірі жалаң жалғыз жіп тәрізді, екі адамның пікірі бір-біріне байланған берік жіп секілді, ал үш адамның пікірі (үзу мүмкін емес) арқан тәрізді”.

0 пікір