ЖАҚСЫЛЫҚҚА ШАҚЫРУ ҮШІН...
ЖАҚСЫЛЫҚҚА ШАҚЫРУ ҮШІН...
22.09.2019 16:47
287
0

Жақсылыққа шақыру үшін білім, тақуалық, көркем мінез деген 3 сипат керек.

 1. Білім. Надандықты жою үшін әрбір мұсылман баласына білім парыз етілген. Алла тағала алғаш Адамды (а.с.) жаратып, оған барлық нәрселердің есімдерін үйрету арқылы періштелерден де үстем етті, әрі жер бетіне халифа етіп жіберді. Сондықтан Алла тағала адам баласына өзі дарытқан ілімін үйренуге, алған  білімімен халықты жақсылыққа шақыруға бұйырған. Адамзатқа тура жол нұсқаушы, ақ пен қараның ара жігін ажыратушы етіп жіберілген Құран Кәрімнің ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Раббыңнын атымен!» деген әмірмен басталған. Құран кәрімнің 670 жерінде білім жайында баян етіледі. Сондықтан да халықты жақсылыққа шақыру үшін білімді болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Білімді адамдардың өзге адамдардан айырмашылығын Құран Кәрім: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зумар» сүресі, 9-аят),-деп көрсеткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шарифінде: «Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді» деген.

 Мұсылман үшін білімді болу оң-солын, әлемнің жаратылу мәнін ұғынуға, қала берді халықтың ғибадатын кемшіліксіз орындауына жол ашады. Дұрыс діни білімі болмаса ғибадаттарына нұқсан келтіріп, Исламда бұйырылмаған бидғат істерді үйретуіне, тіпті кейбір теріс жолдарға кетуіне себепкер болады.

Омардың (р.а.) бір сөзінде: «Мен бір мұсылманның күнә жасауынан қорықпаймын. Мен тек Құранды негізсіз (білімсіз) түсіндіретін адамнан қорқамын» деген. Білімсіздіктің көптеген адасушылыққа жол ашады тіпті Алла тағала бір халықты жазалағанда олардың арасынан білімділерді алып қояды екен. Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а.) жеткізген хадисте Әз елші (с.ғ.с): «Алла ілімді адамдардың көкірегінен суырып алмайды, олардың ішіндегі шынайы ғалымдардың бірде-бірін қалдырмайды. Сол кезде араларында бірде-бір білімді  жан қалмаған соң адамдар надандарды өздеріне басшы етіп алады. Халық олардан пәтуа сұрағанда білмесе де пәтуа беріп, өз білгендерінше үкім шығарады. Нәтижесінде өздері де адасып, өзгелерді де адастырады», – деп айтқан.

 2. Тақуалық. Тақуа деп Алла тағала харам қылған нәрселерден тиылып, бұйырған әмірлерін бұлжытпай орындап жүрген құлға айтылады. Басқаларды жамандықтан қайтарып, жақсылыққа шақыру үшін өзі иләһи әмірлерді орындап, тыйым салынған істерден сақтанып тақуалығы олардан үстем болуы керек. Әрбір білімді адамның білгенімен амал етуінде де тақуалық өте қажет. Өйткені тақуалығы арқылы басқалар оның сөзіне, ісіне мән бере тыңдайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларын бір жерге Ислам дінін уағыздау үшін басшылық қызметіне тағайындап «Қай жерде болсаң да Алладан қорық!» дейтін. Өйткені бұл өсиеті халықты жақсылыққа шақыруға, игілікке жетелеуге және кез келген зұлымдықтан құтылуға жол ашады. Расында абырой адамның байлығында, үйінде, мінген көлігінде емес. Адамның қадірі – ілімінде, көркем мінезділігінде, тақуалығында. Алла ол жайында «Хұжұрат» сүресінің 13-аятында: «Алланың қасында ең ардақтылар – тақуалар», – деген. Осы жерде бір оқиғаны баяндайын:

Куфа қаласында бір мешітте екі топтың арасында бүлік шығып, ерлер қанжарлары мен қылыштарын жалаңдатып, ұрыс басталып кетеді. Араларынан бір кісі байқатпай шығып, Ахнаф ибн Қаис деген данагөй қарияға барады. Бұл дауды тоқтату тек соның қолынан келетініне сеніп, ауласына кірсе, ол кісі қойларын сауып отыр екен. Үстінде он динарға да татымайтын киімі бар, арық келген, аяқтары қисық, өзі қарапайым бір жан. Ол кісіге болып жатқан жайт жайлы хабар беріп еді, Ахнаф ибн Қаис естігеніне таң қалмады. Себебі ол кісі талай-талай оқиғаларды көрген қарт. Хабар жеткізушіге жай ғана:

«Иншалла жақсылық болсын», – деді. Артынша қарияның алдына үйіндегілері таңғы асын әкеледі. Қария ештеңе болмағандай, асықпай таңғы асын жеуге кіріседі. Алдына қойылған таңғы асы қатып қалған нан, май, тұз, бір шыны су еді. Алланың атымен таңғы асын бастап, соңында шүкірлігін айтты да өзін күтіп отырған хабаршыға былай дейді:

«Бұл бидай – Ирактан, ал май – Шамнан, бұлардың барлығы үлкен нығмет». Содан кейін киімін киіп, балдағын алып ұрыс болып жатқан жерге келді.

Даусы шыққаны сол екен, төбелесіп жатқандар бірден арттарына бұрылып қарап, кілт тоқтай қалды. Айнала жым-жырт. Бәрі де қарияны үнсіз тыңдай қалады. Қария екі жаққа да көкейге қонымды бітім айтып, дауларын тоқтатып, үйді-үйлеріне тарқатады. Ешбірі қарсы келместен, қаруларын қынаптарына салып, жөндеріне кетеді.

Демек бақыт дегеніміз байлық, зәулім сарай немесе алтын-күмісте емес. Керісінше иманды, тағдырына риза, көпшіл және иманы асқан тақуалығында.

3. Көркем мінез. Дінді түсіндіргенде көркем мінез, жұмсақтық аса маңызды. Көркем мінез болмаса, білім мен тақуалық жетпейді. Адам өз бойындағы жақсы мінез-құлық қасиеттерімен халықты жақсылыққа шақыруы қажет. Екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көркем мінезді ең кемеліне жеткізіп, жанындағы сахабаларына өнеге қыла білген. Ол жайында Алла тағала Құранда: «Расында сен сондай тамаша мінезге  иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят.),- деп ардақты елшінің мінез-құлқының қандай жоғары деңгейде болғандығын баяндайды. Ол сахабаларына халықты Алланың тура жолына шақыру үшін көркем мінез-құлықтың Исламда аса маңызды екенін ескертіп және ақыретте жаннаттың төрінен зәулім сарай берілетінін айтып сүйіншілейтін. Алла елшісі Муаз ибн Жәбәлға «Адамдарға жақсы мінез-құлық көрсет»,-деген. Осы қасиеттерді бойымызға сіңіре отырып қана халықты игілікке тәрбиелей аламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтаруды тек мейрімді, жұмсақ әрі фақиһ (дінді терең түсінген) адам ғана жасай алады» деген.

 Насихат жасағанда жұмсақтық аса қажет.

Бірде халифа Мамунға бір насихатшы келіп, намысына тиетін ауыр сөздер айтып, масқаралаған кезде халифа Мамун оған былай дейді: «Мына жерден жақсылықпен аттанғаның дұрыс. Алла Тағала сенен де жақсыны (Мұсаны) менен де жаманға (Перғауынға) жібергенде жұмсақ болуды бұйырып: «Оған жұмсақ сөз айт. Мүмкін ол насихатты тыңдар немесе қорқар», - деген болатын («Таһа» сүресі, 44-аят).

Алла Елшісінің (с.ғ.с) жұмсақтығы жайлы мына оқиғаны мысал ете кетейік. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше сахабасымен мешітте отыр еді. Бір кезде бір жас жігіт кіріп келді. Сахабалар бұл кісінің есімін ашық айтпайды, бірақ кейбір риуаяттардан оның есімінің Жуләйбиб (р.а.) екенін білеміз. Әлгі кісі:

«Пайғамбарым, маған зина жасауға рұқсат бер, төзімім таусылып барады», – дейді. Отырғандар ашумен өре түрегелді.

Кейбірі қабағын түйіп: «Алла елшісіне бұлай деуге қалай дәтің барды?» деп дүрсе қоя берді. Алайда мейірімді пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған ашуланбады. Әлгі жігітті жанына шақырып алды. Сөйтті де оған сұрақ қойды:

 − Мұндай зинаны анаңа жасалуын қалар ма едің?

 − Әке-шешем сен үшін пида болсын, уа, Алла елшісі, қаламаймын!

 − Ешкім де анасына мұндай арсыздықты қаламайды! Туған қызыңның зина жасағанын қалар ма едің?

− Жаным саған құрбан болсын, уа, Алла елшісі, қаламайтын едім!

 − Ешкім өз қызына мұны тілемейді! Әпкеңе жасалуын қалар ма едің?

 − Жоқ, қаламаймын.

 − Біреу қарындасыңмен зинаға барғанын қалар ма едің?

 − Жоқ, жоқ, қаламаймын!

− Ешкім әпкесіне де, қарындасына да зина жасалуын қаламайды! Бұл ең соңғы сөзі еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдында әлгі жігіт жуасып сала берді. Сонда мейірімді Пайғамбар (с.ғ.с) қолын жас жігіттің көкірегіне қойып:

 «Алла Тағалам, мұның күнәларын кешір, жүрегін тазалап, ар намысын сақта!» деп дұға етті. Жуләйбиб осы дұғадан кейін арлы тұлғаға айналды.

Тарихта қай кезеңді алып қарасақ та мұсылмандар халықты жақсылыққа шақыру насихатын тоқтатпаған. Өйткені Ислам насихатпен ғана пенделерге бақи өмірдің артықшылығын еске салып, олардың ықылас, ниеттерін дұрыстауға және амалдарын түзетуге ынтықтырады.

Қасиетті Құранда: «(Уа, мүміндер) Сендердің араларыңда игілікке шақыратын, жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар нағыз жетістікке жеткендер» («Әли Имран» сүресі, 104-аят) деп айтылған.

Иә, уағыз айта білу үшін терең білім, парасат-пайым, тақуалық әрі көркем мінез қажет. Жақсылыққа шақырушы адам қашан да өзіне сын көзбен қарауды, тақуалығынан айнымай сөзі мен ісінің бір жерден шығуына мән беріп, әрдайым есеп беруді әдетке айналдыруы тиіс. Өйткені Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі ісін жалғастырып, дін атынан сөз сөйлеудің ақыретте де сұрағы жеңіл болмасы сөзсіз. Сондықтан қай кезде де дінге үлкен жауапкершілікпен қарап, шынайы болу қажет.

 «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

- Дін дегеніміз шынайылық таныту – дегенде, сахабалар:

Кімге шынайылық таныту? – деп сұрағанда ол (с.ғ.с.):

- Аллаһқа, Кітабына, пайғамбарына, мұсылман басшыларға және жалпы мұсылмандарға – деп жауап берді.

Яғни Аллаһқа шынайы түрде иман етіп, риясыз бойсұну, Кітабына кәміл иман келтіріп, үкімдерімен амал ету, пайғамбарына адал үмбет болу, мұсылман басшыларға бойсұнып, игі істерде қолдау көрсетіп, шалыс басып жатса, насихат айтып тура жолға шақыру және жалпы мұсылмандарға риясыз бауырмалдық көрсетіп, насихат айтуды меңзеген.

0 пікір