ҒАЖАЙЫП ДИІРМЕН
ҒАЖАЙЫП ДИІРМЕН
06.09.2017 10:58
285
0

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір қиссасын әңгімелеп береді:

«Бір кісі жоқшылыққа тап болып, несібе іздеп далаға кетеді. Жұбайы: «Уа, Алла! Илеп нан жасайтын ұн бере гөр», - деп дұға етеді. Еркек үйіне қайтып келсе, шара толған қамыр, ал тандырда ет пісіп тұр. Тас диірмен болса айналуда еді. «Мұның барлығы қайдан келді?», - деген сұрағына әйелі: «Алланың берген ризығы ғой», - деп жауап қатты. Сөйтіп кісі диірмен айналасындағы ұнды жинап теріп алады».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол кісі тас диірменге тиіспесе, қиямет күніне дейін ұн тартып шығара берер еді[1]», - деген екен. Бұл ғажайып оқиғаның жай-жапсарына тоқталмай, Алла елшісі (с.ғ.с.) екі ауыз сөзбен қорытындылаған.

Жалған дүние алуан түрлі сынақ пен қиыншылықтан тұратыны әмбеге аян. Өмір емтиханымен Алла Тағала пенделерін сынайды. Сынақ болмаса, жер қойнауындағы қазына сияқты адам ішіндегі жауһарын білу мүмкін емес болар еді. Сынақ – шыншыл мен өтірікшіні, ықыласты мен немқұрайлыны, мұсылман мен екіжүздіні ажыратып береді. Демек, сынақ – Алланың жер бетіне орнатқан заңының бірі. Ол – адам баласын тәрбиелейтін маңызды құрал. Сынақтан сүрінбей өту арқылы адам әрбір қиындықты қасқайып қарсы алуды және түйінді мәселелердің шешу жолын табуды үйренеді. Әрі келешекте күтіп тұрған жағдайларға бойы бейімделеді. Демек, сынақ шыңдайды. Өйткені, адам кеудесінде жаны бар шақта өмірдің сынағы таусылмайды. Әрі оны айналып та өту мүмкін емес. Сынаққа қарсы тек бір ғана шара бар. Ол – сынақтан сүрінбей өту. Қашу емес, қарсы тұру және еңсере білу. Жалпы, иманды адам қиыншылықтың аяқталар кезі болатынын һәм артынан іле-шала қуаныш келетінін біледі. Әрбір қиыншылықтың артынан кеңшілік келіп, әрбір сынақтың сыры барына иман етеді.

Міне, жоғарыда айтылған хадисте де қиыншылық құрсауына түссе де, Алланың көрсеткеніне шүкіршілік еткен кісі мен оның жұбайы жайлы қисса баяндалады. Ерлі-зайыптылардың тіске басар асы қалмай, шарасыздықтан олар ұзақ жолға шығып, қорек іздеуге аттанады. Ұзақ жүрсе де, олжасыз оралады. Сонда, әйелі бір дұға жасайды. Иман және дұғаның берекетімен олардың босағасынан сығалаған несібе қиямет күніне дейін елге бір ғибрат берер оқиға боп қалды. Ерлі-зайыпты табалдырықтан аттай бергенде адам нанғысыз ғажайыпқа куә болды. Таңдырда ет пісіп тұр, шара толған қамыр. Ал, тас диірмен тоқтаусыз айналып жатыр.

Бұл иләһи ғажайып жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісі тас диірменге тиіспесе ол қиямет күніне дейін ұн тартып шығара берер еді», - деп түйіндеген екен. Бұл шағын қисса бірқатар өнегені өн бойында сақтауда. Аса маңызды ақиқатты паш етуде. Мұны мұсылман біліп, білгенін өмірде қолдануы тиіс. Құран Кәрімде: «Әлде қиыншылыққа тап болып Одан тілегенде, оған жауап беретін, жамандықты кетіретін және сендерді жерге бір-біріңнің орнын басушы жасаған Алламен бірге басқа Құдай бар ма? Сендер аз еске аласыңдар[2]», - деп әмір еткендей, қисса ең әуелі Алла Тағаланың шексіз құдіретін жеткізуде. Әрине, бұл мұсылманның иманын күшейте түседі. Расында, Хақ Тағаланың құдіреті еш таусылмайды. Тек оны көретін көз қажет. Қиссаның түйіні, Алланың құдіретіне шынайы иман еткен адамға Хақ Тағаланың көмегі кешікпей жетіп келеді. Шындығында, қажетті дүниені сұрамай берген Алла сұраған тілегімізді де жауапсыз қалдырмасы анық.

 

Мұса ЕРБАТЫР



[1] Табарани

[2] Нәміл сүресі, 62-аят

0 пікір