БҰЛАРДЫҢ ДА АЗҒЫРА АЛМАЙТЫН АДАМДАРЫ БАР ЕКЕН ҒОЙ...
БҰЛАРДЫҢ ДА АЗҒЫРА АЛМАЙТЫН  АДАМДАРЫ БАР ЕКЕН ҒОЙ...
28.07.2020 12:49
357
0

Аллаһ Тағала ардақты жаратылыс ретінде ерекше махаббатпен Адам атаны жаратқанда оған құрмет көрсетулері үшін періштелер мен Ібіліске сәжде етулерін әмір етеді. Алайда, Адамның ішіне емес, сыртқы пішініне ғана үңілген Ібіліс Адамға сәжде етуден бас тартып, Раббысының әміріне қарсы шығады. Сол үшін Әлемдердің Раббысы Ібілісті өзінің рахымынан ұзақтатып, оның тағдырына «жәһәннамдық» деп таңбаны басады. Осы сәттен бастап Ібіліс «Алланың рахымынан үмітсіз – шайтанға» айналып әрі мұнысын өзінің тәкәппарлығы мен қызғанышынан көрмей, Алладан көріп, Адамға жауласып, содан бері біздерге «атажау» болды. Қияметке дейін тірі жүруге мұрсат сұраған Ібіліс бұл рұқсатқа қол жеткізген соң: «Сенің ұлылығыңмен ант етейін! Мені азғырып, адастырғаның үшін (ант етемін), адам ұрпағына жер бетіндегі (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп безендіріп қоямын, сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Адам ұрпағының басым көпшілігін өзіме бағындырып аламын!» («Исра» 17/62, «Хижр» 15/39, «Сад» 38/82) – деп Аллаға серт береді.

Бірақ, осы жерде Ібіліс белгілі бір құлдарға ғана ықпал ете алмайтынын, ол құлдардың алдында дәрменсіз екендігін мойындайды. Ол – ЫҚЫЛАСТЫ ҚҰЛДАР. Жоғарыда келтірген Құран аяттарының жалғасында Ібіліс: «Алайда ықыласты құлдарыңның жөні бөлек, (өйткені оларды қанша жерден азғырсам да, тура жолдан тайдыра алмаймын)» («Сад» 38/83, «Хижр» 15/40), – дейді. Аллаһ Тағала да ықыласты құлының шайтанның етегінен ұстап, жетегіне кетпейтінін білдіріп: «Менің таңдаулы һәм ықыласты құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді», – дейді («Исра 17/65).

Ендеше шайтанның өзін құлды азғыруда дәрменсіз қылатын «ЫҚЫЛАС» ДЕГЕНІМІЗ НЕ? Оның шайтанның азғыруына жол бермейтіндей қандай ерекшелігі бар?

«Ықылас» дегеніміз – арылу, құтылу, саф болу, тазалану деген мағыналарға келетін халәса (خلص) түбірінен түрленген сөз. Терминдік мағынасына келсек, «ғибадат пен игілікті амалдарды риядан, қандай да мүдде мен пайдададан арылтып, тек қана Аллаһ Тағала үшін жасау» және «құлдың барлық іс-әрекетінде, амалдары мен сөздерінде тек қана Алланың разылығын көздеу» дегенді білдіреді.

Имам Ғазали ықыласқа қатысты: «Бір нәрсенің басқа бір нәрсемен араласуы қашан да мүмкін. Ол нәрсе өзімен араласқан нәрседен арылғанда «халис» болады. Бұл тазалану және тұну ісіне «ықылас» делінеді», – деп ықыластың мысалын «Нахл» сүресінің 66-аятымен байланыстырады. «Расында төрт түлік малда да сендер үшін ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың ішек-қарнындағы жын мен қанның арасынан бөлініп шығатын, ішкен адамның тамағынан жеңіл өтетін, жағымды тап-таза сүт ішкіземіз», – деген аятта Аллаһ Тағала «тап-таза сүтке» «ләбәнән халисан» (لبنا خالصا) сөзін қолданады. Яғни, сүтті ықылас сөзімен түбірлес «халис» сөзімен сипаттайды. Демек, сүт жын мен қаннан арылып қалайша тап-таза болса, ықыласты амал мен ғибадат та рия мен мақтаннан арылғанда сүттей әппақ, тап-таза, кіршіксіз болады деген сөз.

Ал енді шайтан неге ықыласты құлды азғырып, жолдан тайдыра алмайды?

Себебі, ЫҚЫЛАС БІР СЫР екен. Ал сырдың екі ұшы бар: айтушы мен естуші. Оның арасына үшінші біреу кірсе, сыр сыр болудан қалады. Ол кезде сыр жария болады. Жария болған соң, ол хабардан әркімнің бір үлесі бар деген сөз. Демек, ықылас та Аллаһ Тағала мен құлдың арасындағы бір сыр. Оның үстіне екеудің біреуі Аллаһ Тағала болғаны үшін бұл сырдан басқа біреудің үлесі болуы деген мүлдем мүмкін емес. Атақты сопы Жүнейд әл-Бағдади: «Ықылас – Аллаһ Тағала мен құл арасындағы бір сыр. Ол сырды періште де біле алмайды сауабын жазатындай, шайтан да біле алмайды бұзатындай, нәпсілік қалаулары да біле алмайды адастыратындай», – дейді. Демек, құлдағы ықылас тек Раббысына ғана мәлім бір сыр екен. Сыр болғандықтан да оның тұнығын лайлауға шайтанның да, нәпсінің де шамасы келмейді. Тіпті, періште де сауабының қаншалықты екенін жаза алмайды. Бұл дегеніміз ықыласты амалдың қаншалықты сауапты екені бір Аллаға ғана мәлім деген сөз. Осыны меңзеп Сәһл бин Абдуллаһ: «Ықыласта нәпсінің үлесі жоқ», – дейді.

Ирақи Имам Ғазалидің «Ихясына» түсіндірмесінде мына бір хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жәбірейілден (а.с.), Жәбірейіл де Аллаһ Тағаладан мына хабарды жеткізген: «Ықылас менің сырларымнан бір сыр. Оны құлдарымнан сүйікті құлымның жүрегіне саламын», – дейді Аллаһ. Қазақтың «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде. Мал аласы иесіне мәлім, адам аласы Аллаға мәлім» деуі де адамның жүрегіндегі дүниенің Аллаға ғана мәлім меңзесе керек.

Ал ықыласты не бұзады? Ықыласты өзінің қарама-қарсы мәні бұзады. Ықыластың қарама-қарсы мағынасы – рия. «Рия» дегеніміз, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтпақшы, кіші серікқосушылық. Яғни, амал мен құлшылық-ғибадатқа Аллаға ортақ ретінде адамдардың назарын, мақтау сөздерін немесе өзінің жеке-бас мүддесі мен пайдасын қосу – осы рияға жатады. Бұл болса, жеміске түскен құрт секілді. Сырты бүтін көрінгенімен іші бүлінген. Аллаға ондай тағат-ғибадатың жол емес. Өйткені, Алланың құлдары үшін әмірі: «...Оларға хақ дінді шын көңілден толық қабылдап, «таухид» сенімімен бір Аллаға риясыз (халис) құлшылық ету бұйырылған». Немесе тағы бір аятында: «Кімде-кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын», – деп әмір еткен.

Демек, Аллаһ Тағала қияметте құлының амалынан ықылас іздейді екен. Себебі, Алланың құзырында амалдың құны тек ықыласына қарай өлшенеді. Ықылассыз, ізгі ниетсіз амалдардың Аллаһ құзырында бес тиындық құны жоқ. Бұл мәселені Жәләләддин Руми қалай көркем сипаттаған десеңізші: «Дүниеде екі грамм алтын үшін екі тонна топырақ електен өткізіледі. Ақыретте де солай. Ниет алтын секілді. Көп амал емес, ықыласты амал керек. Осыншама амалдан ниет ізделеді, ниетке қаралады. Аллаһ үшін болған амалдар ғана таңдап алынып, қалғандары лақтырылады»...

Ендеше әрбір амалымыз бен ғибадат-құлшылығымыз риясыз, ықыласты болсын деп тілейміз!

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

0 пікір