БОЙ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КЕЙ ӘДЕБІ
БОЙ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КЕЙ ӘДЕБІ
11.08.2022 11:07
721
0

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اِغْسِلُوا ثِيَابَكُمْ وَخُذُوا مِنْ شُعُورِكُمْ وَاسْتَاكُوا وَتَزَيَّنُوا وَتَنَظَّفُوا. (الجامع الصغير)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Киім-кешектеріңді жуыңдар, сақал-шаштарыңды қысқартыңдар, мисуак қолданыңдар, (әдемі киініп) сәнденіңдер, бойларыңды (кірден тазартып, хош иіс жағып) таза ұстаңдар”. (Суюти, әл-Жами ус-сағир)

Тым өскен шашты алу сүннет. Бірақ бір жағын алып, бір жағын қалдыру дұрыс емес. Расында Пайғамбарымыз (с.a.у.) шашының бір жағы тықыр, бір жағы ұзын баланы көргенде “Шашын толық алыңдар, не бәрін алмаңдар” деген. Және фиқһ кітаптарында бастың төбесін қалдырып, арты мен жанын алу мәкруһ екені айтылған. 

Әйелдердің шашын ер кісілерге ұқсатып алуы үлкен күнә. Тіпті ері рұқсат берсе де, жайыз емес. 

Шашты жұма сайын, қысқарту, артығын алу мустахаб. Шашты жуып, тарап тазалығына мән беру керек.

Үстіңгі ерінге түскенше өскен мұртты бастыру, қысқарту да мустахаб. 

Табиғин Имам Шағби (рaх.) мұртын үстіңгі ерні толық көрініп тұратындай етіп қысқартып, екі езуіне шыққандарын қиятын. Фатх ул-бари атты еңбегінде мұрт алудың ең жақсы үлгісі сол екенін айтқан.

Сақалда сүннет болғаны адамның өз қолына ұсталардан артығын және жан-жағының да артық-ауысын қию.

Сақал мен мұрттың тұтасқан тұсындағы талдары жұлу – бидғат. 

Мұрын ішіндегі артық өскен қылдарды түбімен жұлу алапес тәрізді түрлі кеселге себеп болатындықтан, қысқартып қиған дұрыс. 

Бетке шыққан қылдар мен қастың көзге оғаш көрінетін жерлерін жұлуға–әйелдерге ұқсамау шартымен- бейіс жоқ.

Aғарған шашты –aз болса- әдемі көрінуді мақсат етпей, жұлуда бейіс емес. Бірақ көп болса, “Aғарған шаштарыңды жұлмаңдар. Өйткені ол қиямет күні мұсылман үшін нұр” деген хадис бойынша, мәкруһ.

Қолтық және кіндік астын аптасына бір рет қыру мустахаб. Ол мүмкін болмаса, он бес күнде бір алады. Қырық күннен асыру тахримен мәкруһ.

Кеуде мен арқадағы қылды қыру, жұлу Ислам әдебіне сай емес. 

0 пікір