БАРЛЫҚ НӘРСЕДЕН АУЫР СӨЗ
БАРЛЫҚ НӘРСЕДЕН АУЫР СӨЗ
01.06.2020 12:55
1192
0

«Алла Тағала Қиямет күні үмметімнің ішінен бір адамды сығылыса жиналған халықтың арасынан шығарып алып, оған қатталған тоқсан тоғыз дәптерді көрсетеді. Әр дәптердің үлкендігіне кім де болса бас шайқап таңырқай қарайды.

Алла Тағала әлгі адамнан:

— Мына дәптерде жазылғандарға не айтасың? Менің жазушы періштелерім саған қиянат жасамап па? — деп сұрайды.

Құл:

— Уа, Раббым! Жоқ, әрине. Бәрі де дұрыс, — дейді.

Алла Тағала одан қайта сұрайды:

— Осыларды жасағандығың рас болса маған айтар дауың бар ма?

Құл:

— Уа, Алла Тағала! Айтар дауым жоқ, — дейді. Іле барлық амалдары таразыға тартылғанда, сауаптары аз болып қалады. Бұны көргенде Жаратушы Ие:

— Бұдан тыс сенің үлкен жақсылық-сауабың да бар. Біз бүгін сені ешқандай жамандыққа ұшыратпаймыз, — дейді.

Таразыға тілдей бір қағаз салынады. Құл ол қағаз не салмақ берер дейсің деп үмітсізденіп тұрады. Бірден дәптерлер таразының бір басына, әлгіндегі бір жапырақ қағаз болса таразының екінші басына қойылады. Таразы тартылғанда дәптерлер жеңіл тартып, қағаз ауыр басады.  Сөйтсе, қағазда «Әшхәду ән лә иләха илла Аллаһ уәәшхәду әнна Мұхаммадан расулаллаһ» (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі) деген кәлимасы жазулы екен».

Негізінде, Алла Тағаланың атымен не салыстырылса да онымен бәрібір тең келе алмасы анық.

 

«Тағлым тамшылары» кітабынан

 

0 пікір