АШУЛАНБА, АШУЛАНБА, АШУЛАНБА!..
АШУЛАНБА, АШУЛАНБА, АШУЛАНБА!..
29.05.2020 12:58
2917
0

Әбу Дарда:«Мен: –Уа, Алланың елшісі!Маған жәннатқа кіретін амалды көрсетіңіз – деп өтіндім. Пайғамбар (с.ғ.с.): – Ашуланба, сонда сен жаннатта боласың – деді» – деп айтты»

Бүгінде қазақ елінің тарихи және мәдени діні Исламның және оның құндылықтарының қайта жаңғыруы – халықтың өзінің рухани түп-тамырын толық түсінуге деген ұмтылысын ашып көрсетеді. Қазақ халқының діни-рухани мәдениетін танып білуге ұмтылуы заңды. Ұлттық дүниетаным мен ділдің қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтарды зерттеу, оларды насихаттау – қазіргі қазақ қоғамының рухани түлеуі десек те болады.

Дін исламдағы рухани құндылықтарды тану арқылы жастарымыз имандылыққа, инабаттылыққа бет бұрмақ. Осындай құндылықтардың бірі – ашуға берілмеу. Ашу – мұсылман үшін жат дүние. Аят-хадистерде ашуды тежеу, ашуға берілмеу қасиеттері туралы көп айтылады. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан кеңінен танымал хадисын бар. Олар:

Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте бір адам Пайғамбарға (с.ғ.с.):

– Маған кеңес беріңіз – деп өтінеді.

Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ашуланба – деп кеңес береді. Осыдан кейін әлгі адам (өз өтінішін) бірнеше рет қайталады. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр жолы:

– Ашуланба – деуден танбады (әл-Бұхари).

Хадистегі «ашуланба» деген сөзді былай деп түсінген жөн: «Адам өзін ашуландыратын нәрседен аулақ ұстағаны мақұл, мүмкіндігінше ашу-ызаға берілмеуі керек, ұсақ-түйекке көңіл бөліп, өзін және өзгелердің мазасын алмауы тиіс және т.б.».

Пайғамбарға (с.ғ.с.) кеңес беруін сұраған адам Әбу Дарда (р.а.) есімді сахаба екендігі туралы хабар бар. Әбу Дарда:«Мен:

Уа, Алланың елшісі!Маған жәннатқа кіретін амалды көрсетіңіз – деп өтіндім.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ашуланба, сонда сен жаннатта боласың – деді» – деп айтты»(Табарани).

Сондай-ақ, Пайғамбарға (с.ғ.с.) бұл өтінішті айтқан адам Жарийа ибн Қудама (р.а.) еді деген де хабар бар.

Бұл жайында Жарийа ибн Қудама (р.а.) былай деген:

«Бір күні мен Алла елшісіне (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың елшісі!Мен түсінетіндей қысқа бір насихат айтынызшы – деп өтіндім.

Пайғамбар (с.ғ.с.) маған:

– Ашуланба – деді. Бұдан кейін мен әлгі өтінішімді бірнеше рет қайталадым, бірақ пайғамбар (с.ғ.с.) әр жолы:

– Ашуланба – деп жауап берді» (Ахмад).

Әрине, мұндай оқиғаның бірнеше рет қайталануы әбден мүмкін, осыған ұқсас өтініштермен Пайғамбарға (с.ғ.с.) сауал берушілер көп болған. Өйткені Ислам кемел әрі жаңа дін ретінде түскендіктен барлық адам жаңа білім алуға ұмтылған еді.

Мұсылман – биік адамгершілік қасиеттер иесі. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадис арқылы бізге осыны айтуда. Басқаша айтқанда, мұсылманның мінезі көркем болуы керек. Хадис иманды адамның қандай болу керектігін меңзейді. Мұсылман адамның бойында ұялшақтық, кішіпейілділік, өзін қоршаған адамдарға мейірімді, ұстамдылық пен сабырлылық қасиеттері басымды болмақ.

Пайғамбар (с.ғ.с.) жәннатқа апаратын амалды үйрену үшін не істеу керектігі жайлы сұрап келетін сахабаларға үнемі көркем мінезді насихаттап отырған:

– Менің ең жақсы көретінім – пенденіңөз ашу-ызасын тоқтатуы. Себебі, ол Алланың разылығы үшін ашуын тоқтатқан сайын Алла оның жанын міндетті түрде иманмен толтырады (Ахмад).

Ия, хадистерден көргеніміздей ашу – мұсылманға жат. Мұсылман адам ашуын тежеген сайын Алла тағала оның иманын кемелдете түседі. Ал иманы кемел адам Абай атамыз айтқандай «толық адам». Мұндай адам өзін жаман пиғылдан, бұзық амалдардан аулақ ұстайды.

Ойымызды сабақтар болсақ, мұсылман адамның бейнесі – жұмсақ мінезді адамға келіп саяды. Өкінішке орай, біз қабағы қатулы, жүзі сұсты мұсылман бауырларымызды жие көреміз. Оларға қараған уақытта жанын жайсан болмақ түгілі жақындап сөйлесуге де бата алмайсың. Сөйтіп, еріксіз «Исламда теория мен практика бір-бірінен қалайша алшақ», – деген ойға келесіз. Әрине, мұсылман адамның ислам этикасынан мұнша алшақ болуы – оның білімсіздігінен. Білімсіз адам өзін басқалардан жоғары ұстайды, қабағын шытып, білімді адамға ұқсағысы келеді. Сөйлесе, дөрекі сөйлейді, ал қимылдары қопал болады.

Ал енді имандылыққа бет бұрып, мұсылманшылықты үйренгісі келетін қара көзді бауырларымыз керісінше, мұсылман бауырларын жылы жүзді, көркем сөзді және жақсы мінезді суретінде көргісі келеді. Исламның бұйыратыны да осы – жақсы адам болу. Олай болса, құрметті оқырмандар Ислам насихаттайтын жақсы мінездер тек жуан діни кітаптар беттерінде емес, біздің бойымыздан көрініс тапсын демекпіз. 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 

0 пікір