«АҚЫРЕТТЕГІ ТАБЫСЫҢ ДА САҚТАЛУДА» ДЕДІ...
«АҚЫРЕТТЕГІ ТАБЫСЫҢ ДА САҚТАЛУДА» ДЕДІ...
03.06.2020 11:46
280
0

Малик бин Динардың (Алланың рақымы болсын)  айтып бергені: 
«Бір жылы нәпіл қажылық жасауға ниет еткен едім. Сол жылдың бір күнінде қираған үйдің жанынан өтіп бара жатып, сол үйге кірген бір әйелді көріп қалдым. Шығарда біреулерден жасырынғандай жан-жағына қарап, бір өлген тауықты қолтығына қыстырып қиранды үйден шығып кетті. Әлгі әйел үйіне келгенге дейін мен де артынан қалмай жүрдім. Есіктен кіре бергенінде бірнеше бала алдынан жүгіріп шығып:

 «Анашым! Бізге жейтін нәрсе әкелдіңіз бе?» деп сұрады.

 Анасы:

«Иә, сендерге бір тауық алып келдім. Қазір пісіріп беремін, жейсіңдер» деді. Бұл жағдайды көріп таң қалдым. Әлгі әйелдің не үшін бұлай істегенін білгім келді.

Оған:

 «Қазір сенің артыңнан андып келдім. Өлген тауықты алғаныңды көрдім. Өлген тауықты жеу күнә ғой. Неге бұлай істедің?» деп сұрадым.

 Ол:

 «Қанша күннен бері үйде бірде-бір жейтін нәрсе жоқ. Көршіміз ет пісірген еді, сол еттің иісі балаларымды мұңайтты. Сосын өлі тауық болса да алып келдім»,- деді. Мұны естіп жаным ашып кетті, қажылыққа деп жинап қойған шамамен он мың дирхам ақшамды соған бердім.» 

Қажылар қажылықтан қайтқан кезде Маликті көріп:

 «Сен қашан келдің? Біз сені Минада және Арафатта көрген едік қой» дейді.

 Малик:

«Бұл қызық екен! Мен Куфада (Ирак) едім» деп жауап береді.

 Сол арада бір кісі Малик бин Динардың жанына келіп:

 «Сіз Малик бин Динарсыз ба?» деп сұрайды.

 Малик:

«Иә» дейді.

Әлгі кісі:

 «Мына ақшаларыңызды санап алыңыз, сізге беруім керек болған аманатыңыз.

Қажылықта Минадағы шатырда отырған кезде бір кісі келіп:

«Сіздер Куфалықсыздар ма?» деп сұрады.

 Мен «иә» дегенімде, «Куфаға барғаныңда мына әмиянды Малик бин Динарға беріп қойсаңыз»?- деп кетіп қалды. Малик ақшаны алып санап қараса тура он мың дирхам шығады.

 Сол түні түсінде бір дауыс естиді:

 «Бұл сенің дүниелік табысың, игі ісіңнің дүниедегі қайтарымы. Одан басқа ақыреттегі табысың да сақталуда».

 

0 пікір