Үміт пен үрей-3
Үміт пен үрей-3
30.06.2017 13:00
2079
0

Үміт − Құдіреті шексіз Алла Тағаланың рақымдылық пен кешірімінің кеңдігіне сену. Алла Тағала Құранда: «Менің рақымым барлығын сыйдыратын өте кең» (Ағраф, 156) дейді. Ал Пайғамбарымыз бір құдси хадисте Алла Тағаланың мейірімі азабынан үстем екендігін айтады. (Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14) Тіпті, шайтанның өзінің ақиретте үміт етерліктей кең рақымынан үміт үзу – Алланың рақымдылығын жоққа шығарып, үміт сәулесін сөндіріп, үмітсіздікке түсу кешірілмейтін күнә болса керек. Үміт – Алла жайлы жақсы ойда болуды білдіреді. Бұл жайлы екі жаһан сардары (с.а.с.) бір құдси хадисінде: «Құлым мен жайлы қалай ойласа, Мен оған солай қараймын» (Бухари, Таухид, 15;35; Муслим, Зикр 2, (2675), Тәубә, (2675)),-деген.

***

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, шайтанның өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді» дейді, (Ибн Әбуд-Дуния Ибн Мәсудтан риуаят еткен Ихя, 4/1, 278 б7)- дейді. Адамдар түстерінде тақуалығымен аты шыққан ғалым Әбу Сәһілді ерекше нығметке бөленгенін көріп, мұның мәнісін сұрағанда: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі» деген екен. Демек, үміт − Алланың рақымдылығын төгу үшін бір себеп болса, жақсы-жаман қай жағдайда болмасын бұл себептен қол үзбеу керек.

***

Әнастан жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі (с.а.с.) өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?»– деп сұрады. Ол: «Уа, Расулаллаһ! Аллаһтың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын»,- деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Аллаһ үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды» (Тирмизи, Жанаиз, 11, (983); Ибн Мәжә, Зуһд, 31 (4261)),- деген.

***

Хазірет Бара: «Алла Расулы былай деді: «Жатар кезде мына дұғаны оқы: «Аллаһым, нәпсімді өзіңе тапсырдым, бетімді саған бұрдым, істерімді саған аманат еттім, сені сүйеніш еттім. Сенің рақымыңнан үміт етемін, азабыңнан қорқамын. Сенің берер жазаңа қарсы тұрар Өзіңнен басқа жар болушы әрі құтқарушы ешкім жоқ. Түсірген Кітабыңа, жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім». Егер осы дұғаны оқып жатқан күні өлер болсаң, онда мұсылман болып өлесің, егер келесі таңға аман-есен жетсең, жақсылық табасың».

***

Ғазали өз кітабында үміт етуге байланысты көптеген риуаяттар келтіреді: Алла Тағала Дәуіт пайғамбарға:

– Ей, Дәуіт! Мені сүй. Мені сүйгендерді сүй және құлдарыма мені сүйдір, құлдарым мені жақсы көрсін, – деп әмір бергенде, Дәуіт пайғамбар:

– Бұны қалай жүзеге асырайын? – деп сұрайды. Алла:

– Сен Мені жақсылап зікір ет. Менің нығметтерім мен жақсылықтарымды олардың есіне сал. Олар менен тек жақсылық күтсін, – деген екен.

 

 

0 пікір