Уақыттың қадірін біліп жүрміз бе?
Уақыттың қадірін біліп жүрміз бе?
14.11.2016 15:14
4891
0

...Бұл дүние ойлап тұрсам, шолақ екен,  деп ата-бабаларымыз уақыт пен ғұмырдың қамшының сабындай келте екендігін әлденеше ғасырлар бұрын айтып кеткен екен.

Дүние өтер кетер ескен желдей, деп халық өлеңдерінде қысқа ғана уақыттың қадір-қасиеті туралы айтқан.

 Халқымыз сырғып өтіп жатқан уақытты қамшының сабындай қысқа күн, бес күндік дәурен деп ән мен жырға қосып, осынау қысқа дәуренді берекелі өткізуге шақырған. Уақыттың берекесін білуді бабаларымыз ұрпағына айтып кеткен. Себебі уақыттың қадірін білген адам ғана шынайы өмірдің мән мағынасын сезіне алады.

 Құранда: «Бір іс біткенде дереу екінші іске кіріс, сонымен айналыс, Раббыңа жөнел», – дейді («Инширақ» сүресі, 7-8-аят). Мұнда екі шаруаның арасында уақытты бос өткізбеу, уақытты бағалау туралы Ұлы Жаратушы өз пендесіне ескертіп тұр. Сонынмен қатар мұнда Раббыңа құлшылық қыл дейді.

«Жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз»,- Алла Тағала (Кәһф сүресі 30-31):  мұнда өз ғұмырын пайдалы іске жұмсаған адамның амалын жоймаймыз дейді, Ұлы Жаратушы. Адам  өз өмірінде неғұрлым қоғамға пайдалы, берекелі іспен айналысса ғана Ұлы Алла Тағаланың шапағатына ие болады. Уақытты ысырап етпеу туралы Құран Кәрімде: «Ысырап етпеңдер, расында Ол ысырапшылдарды жақсы көрмейді»,-делінген. Демек, уақытты ысырап ету деген адам өз өмірін ысырап етіп, босқа өткізгенмен тең деген сөз.  

 Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Бес нәрсе келместен бұрын мына бесеудің қадірін біліңдер: қаусаған қарттықтан бұрын желкілдеген жастықтың, сырқаттанбастан бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қарбаластан бұрын бос уақыттың, өлместен бұрын өмірдің», – деген өсиет айтылған (Бұхари, Риқақ, 3. Тирмизи, Зүһд, 23). Яғни ертең қартайып қарттық келмес бұрын біз осы жасап жатқан уақытымыздың қадір- қасиетін түсінуіміз керек

 Уақыттың қадірі туралы ислам ғұламалары да көптеген татымды нақылдар қалдырған.   «Екі нығмет бар, адамдардың көпшілігі бұл екеуінің қадір-қасиетін білмей опық жеп қор болады. Біріншісі – денсаулық, ал екіншісі – бос уақыт», – деген хадисте де уақыттың бағасына жетудің маңызы сөз болады. (Бұхари, Риқақ, 1).

«Тәңірім! Үмбетім үшін таң сәрінің ерте уақыттарын берекелі қыл», – деп тілеген (Әбудәуіт, Жиһат, 78, Тирмизи, Буюғ, 6) хадистің өзі қазақтың «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», деген нақыл сөзімен астасып жатыр. Күнделікті бес уақыт намаз белгілі аралықпен, мұсылман қауым уақытты тиімді қолдану тәсіліне негізделген.

 Уақыттың қадір-қасиетін бағалап, әр мезетімізді пайдалы, қайырлы іске жұмсауымыз қажет.

Бауыржан қажы Нығызбекұлы

Шығыс Қазақстан облысы

 «Өскемен қалалық мешіттінің» бас имамы

0 пікір