УАҚЫТТЫ ҚАДІРЛЕМЕЙТІН АДАМДАРДЫҢ СИПАТЫ
УАҚЫТТЫ ҚАДІРЛЕМЕЙТІН АДАМДАРДЫҢ СИПАТЫ
06.12.2019 10:54
367
0

Мұндай адамдар өз өмір кешірмесіне қарата алдын-ала айқын мақсат-нысана, жоба-жоспар, талап-тілек қоя білмейді. Бұлардың көбі дүрмекке ілескіш болып, артық ұйқы, яғни орынсыз күлкімен тозады, не болмаса екі қолын алдына сыйғыза алмай өмірін жалығумен, зерігумен, өзін алдаумен өткізеді. Олар көбінесе сөйлесе, сөздің майын тамызатын, зырылдауық, құбылмалы қу, өзгелердің көркейгенін көргісі келмейтін іші тар, өсек-өтірікпен жақсыларды даттай жүретін зиянкес, еңбек етіп тер төгуді, бас қатырып ғылым-білім үйренуді қаламайтын жалқау болады. Ондайлар өз үйінің шаруасына қол ұшын беруі былай тұрсын, өз басын дұрыс алып жүруінің өзі мұң болады. Олардың көбі кезеген аяқ, қаңғыбас ішімдік құмар, содыр болып жаман әдеттерді өзіне тез жұқтырғыш келеді. Қоғамдық өмірде сол жағымсыз әдеттерінен тиісті жазаларын да тартады, бірақ одан сабақ қабылдаулары аз ұшырайды. Олар кейде түрлі қылмыстық әрекеттерге араласып түрмеге түседі, әкімшілік жазаға тартылып әке-шеше, туыс-туғандарына айып төлетіп, оларды қарызға батыра жүреді. Тіпті олардың қатарынан өз малын өзі ұрлап сататындар да табылады. Бұлардың көбі өзіндегі олқылықты өз басынан емес, өзгеден іздейді. Өз басындағы кемшілігін әке-шешесімен туыс-туғандарынан, қоғамнан, үкіметтен көреді, соларға міндетси жүреді.

Әуелі олар қоңырқалта не кедей отбасынан шыққанына қарамай, жасанды серілікке бой алдырып, өзін сырттай қарамаққа, парасатты, ақылды, қолы ұзын, жомарт, мырза етіп көрсетуге тырысады да, көп жағдайда өзін-өзі жұбатып, сырт көзге жүнін қампайтып көрсетіп, рухани сорлы болып тозып жүреді. Ол өзгелер істеп жүрген шаруаны менсінбегендей, ол шаруамен айланысудан арланған, ұялған, қорланғандай бейне байқатады, іс жүзінде әлгі шаруаның ыңғайын келтіріп істеу оның қолынан келмейді. Бірақ, қолынан іс келмей құр сенделіспен жүргеніне арланбайды. Қашанда барды киіп, бақанын қолына алып, өзі сияқтылардың қатарына қосылғыш болады.

Олар алуан сылтаумен отырыс жасағыш, сейіл құрғыш болады. Өзі не бір тиын таппайды, не отбасына бір тиындық қарайласпайды. Өз үйіне өзі қонақ тәрізді өмір өткізеді. Мұндай адамдардың өмірі ата-анасы қартайған шақта да оларға ауыртпалық, масыл болып өтеді. Бұл топтағы адамдар саны жағынан өмірде аз ұшырайды, өкінішке орай, олардың саны аз болғанымен қоғамдық өмірге тигізер кері ықпалы төтенше зор болады. Бұндай адамдар өздерінің тіршілік дағдысын әрқашан оңды санап, оны өзгертуді ойлап та қоймайды.

Олардың тұтас ғұмыры өз отбасына айықпас алапат дерт, жасап отырған қоғамдық ортасына ауыртпалық болады. Осылайша, бұндай адамдардың өмірі мән-мағынасыз өзін-өзі алдаумен өтіп, түптің-түбінде опық жеумен арпалысады. Күнделікті өмірде бір адамның уақытты қадрлеуі, өз өмірін қадірлеуі, уақыттың құнын дұрыс түсініп, оны ардақтауы болып табылады. Олардың тұтас ғұмыры өз отбасына айықпас алапат дерт, жасап отырған қоғамдық ортасына ауыртпалық болады. Осылайша, бұндай адамдардың өмірі мән-мағынасыз өзін-өзі алдаумен өтіп, түптің-түбінде опық жеумен арпалысады. 

 

0 пікір