Тыныштықты сөз бұзады
Тыныштықты сөз бұзады
06.09.2018 09:42
442
0

Абай атамыз 40-шы қарасөзінде «Ты­ныш­тық іздеп таба алмай жүрген жұрт ты­ныштық көрсе, сәтке тұрмай, ты­ныш­­­тықтан жалыға қалатұғыны қалай?» де­гені сияқты адам баласы таби­ғаты­­нан жалыққыш келеді. Әсіресе бей­бітші­лік пен тыныштықтың қадірін біл­мей­ді. Тіпті осы жайлы қасиетті Құран­ның «Ниса» сүресінде «өйткені адам баласы нашар жаратылған» дейтін аят та бар.

Ендеше осы бір «нашар жаратылыс» иесі неге тыныштықтан жалыққыш келеді? Оны бұзатын дүние не? Жауап: ол – бүлік. Яғни елдің берекесін кетіріп, тыныштығын шайқап, ортасына жік салатын оқиғаны ислам ғалымдары бірауыздан «бүлік» деп атаса, қазіргі заманауи әлеуметтанушылар оған «арандатушы топ» деп анықтама беріпті. Өткен ғасырда осы тақырыпта терең зерттеу жасаған тәпсірші ғалым Әбдірахмен Сағди (1889-1956) бүлік әуелі сөз арқылы басталып, уақыт өткен сайын тамыр жаяды да, ақыры ол қимыл-әрекетке ұласады сөйтіп қоғамда шайқалыс пайда болып, ол адамдарды ақиқатты тануға мүмкіндік бермейді, депті.

Расында бүлік мәселесінде адамдардың танымы, зерделеуі бірдей емес. Абайша айт­қанда, оны «жүрек көзі» барлар ғана аңғара алады. Өйткені, бүлік тұман басқан биік тау сияқты. Осы мәселе жайлы орта ғасырда өмір сүрген Құзайпа дейтін ғалым: «Бүлік ақиқат пен жалғанды айыра алмайтын адамға келеді» деген екен. Бұл – шындық. Өйткені, бүлікке бүлікқұмар адамдар ілеседі. «Кездейсоқ немесе күмәнді бастамаға ерген адамдардың ақылы мен білімі әлсіз деп айтуға болады. Аяғынан нық тұратын, ақыл-даналығы бар адам көрінген бастаманың артынан ермейді. Жүректері ауытқымалы адамдарды жалған нәрсе қызықтырып, өзіне тартады» деген пікірді келтіреді ғалым Исмаил Мұхадиннің бүлік туралы еңбегін аударған Замир Түлешов деген азамат.

Абай атамыз жоғарыдағы Исмаил ғалым пікірін қазақы таныммен тамаша тәпсірлеп, 14-ші қарасөзінде «Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері, депті. Дәл қазіргі әлеуметтік желілердегі «тисе терекке, тимесе бұтаққа» бағытталған айқай-сүрең, бүгінгі өміріне разы-қош емес әсіре «батырлар» әрекеті жоғарыда Абай атамыз айтқан «айда, батырлатулар». Басқа ештеңе емес. Сөйтіп, айда батырлатамыз деп жүріп, «жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бо­йын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» дейді тағы да Абай жарықтық. Осы орайда жазбамызға тұздық боларлық мына бір тәмсілді келтіргеніміз жөн сияқты.

 Ертеде дәулетті адам құл сататын базарға барып, аса сымбатты, сом денелі құлға көзі түседі. Бағасы да арзан. Сатушы айтады: «Мынау он адамның жұмысын жалғыз атқарып, бір адамның тамағын жейді. Айы­бы – бүлік ұйымдастырудың қас шебері, егер қорықпасаңыз алыңыз» дейді. Дәулетті адам ойланады: «Құлдың қолынан не келер дейсіз, оның бер жағында, әулетімнің берекесі нығыз, бұған алдыра қоймас». Құлды сатып алады. Айтса айтқандай, ол жұмысты жапырады, бау-бақшаны гүлге бөлейді, ауылды айналдыра тоған қазып су келтіреді, малды бағады, отты жағады…

Арада бірнеше жыл өткен соң әулеттің ішкі жайына қаныққан құл бүлікті бастайды. Байдың көрікті, ибалы, иманды жас әйелі бар екен. Бірақ бала таппаған. Бай ұзақ сапарға аттанды. Осыны пайдаланған құл әйелге келіп:

«Ханым, байекең басқа әйел іздеп кетті, жас тоқал алмақшы, оны менен басқа ешкім білмейді» деп көлгірсиді. Жас әйел қапаланып жатып қалады. Құл қайта келіп:

 «Ханым, бұдан шығатын жол бар, сіз маған сеніңіз, мен сиқыр оқуын игерген жанмын, бүгін күйеуіңіз келеді, ол ұйықтағанда қасына білдірмей барып, үш тал сақалын кесіп алып маған беріңіз, мен сиқыр жасап оны кетпейтін етпейін» дейді. Әйел көнеді. Бай сапардан оралады. Құл алдынан шығып еңірейді:

 «Байекем-ай, қайран байекем, сен жоқта әйелің бір жігітпен көңіл қосты, олар сенің көзіңді жоюға серттесті. Бүгін түнде ұйықтаған болып сақ жатыңыз, әйеліңіз сізді бауыздауға келеді» дейді. Бай сенер-сенбесін білмей, аңтарылып не болса да байқап көрмекке төсегіне қисаяды. Ұйықтаған болып ала-көбеңде бақылап жатады. Әйелі қолында өткір кездігі бар кіріп келеді. Пышағын жалаңдатып, тура тартады. Бай «қап, бәлем» деп атып тұрып, оның қолындағы пышақты жұлып алып, әйелді бауыздап жібереді.

 Осылай бүлік басталады. Әулеттің шыр­қы бұзылады. Күнде өлім. Көп адам қазаға ұшырайды. Мұны кім ұйымдастырып жүр ешкім білмейді. Суық хабар жан-жаққа та­райды. Жоғарыда құлды сатқан адам пәленің қайдан шыққанын сезеді де, ­әдейі­леп келіп, әлгі оны өлтіреді. Халықты ­жинап, «сендердің береке-бірліктеріңді бұзып, көп адамның өліміне себепкер болған ­мынау адам» дейді. Сонда барып халық есін жиған екен. Бүліктен, яғни елдің тыныштығын бұзатын сөзден, әрекеттен аулақ болайық, ағайын!

 

  Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»  


 

0 пікір