ТЕКТІЛІК ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
ТЕКТІЛІК ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
23.11.2022 10:34
488
0

Жер бетінде ТЕКТІЛІКТІ қатаң ұстаған – көшпелілер қоғамы. Яки біздің ата-бабаларымыз. Мысалы, біздің дәуірдің 575-581 жылдары Түркі қағанатын билеген Таспар (Тобо) дүниеден өткен тұста, ұлыс басқару жарғысы бойынша үлкен баласы Далобян таққа отыруы тиіс еді. Бірақ орданың би-бектері бұған келіспей басқа әйелінен туған Аньлоны таққа отырғызды. Жолы бола тұра тақсыз қалған Далобянға тағылған айып, оның шешесінің тексіз жерден шыққандығы.

 Сол сияқты моңғол үстіртінде ұлы көшпенділер империясын құрған Шыңғыстың кезінде онымен үзеңгі қағыстырып, тіпті қажет болса Шалкиіз жырау айтқандай «тепсініп келгенде тебінгінің астынан ала балта суырысып, тең атаның ұлындай» мықтылық таныта алатын Жамуқа шешен деген ноян болды. Көптеген тарихшылар бұл адам Темүжиннен артық болмаса, бір мысқал кем емес еді дейді.

Бірақ Жамуқа ешқашан хан болмайды. Себебі, Темүжиннің түп атасы Боданшардан Қабыш батыр туады. Қабыштан – Менен, одан Қаши күлік, одан Қайду, одан Байшоңқыр, одан Тұмбынай шешен, осы Тұмбынайдан қағанның ұлы атасы Қабыл хан, Қабылдан Бартан батыр туады. Бартан батыр Есукей баһадүрдің әкесі. Осы Есукейден – Темүжин.

 Біздің айтпағымыз ертеде жоғарыдағы Боданшар қол бастап барып, қоңсы отырған жадыран-жаршыт тайпасын шауып, олжаға түскен сұлу әйелді қатындыққа алыпты. Сөйтсе бұл бейбақтың аяғы ауыр екен. Одан ер бала туады. Боржығындар (тайпа атауы) баланың атын Туғадай деп қойып, оны туған ұлдарындай сіңіріп кетеді.

Жоғарыдағы атақты Жамуқа осы Туғадайдың жетінші ұрпағы. Қысқасы қанша батыр болса да түп атасы жат болғандықтан оған қағандық орын мәңгілікке бұйырмады.

Сөзімізді түйіндеп айтсақ, адам баласы тектілігін сақтаудың арқасында өзінің ұлттық қасиетін және ұлыс бірлігін жоғалтпаған. Өйткені, тектілік феномені – ұлттың бойындағы қорғаныс қабілеті.

 

 Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

 

0 пікір