Тауратта жазылған даналық
Тауратта жазылған даналық
29.11.2017 16:13
2309
0
muftyat.kz

Расында, тұла бойға біте бастаған арам шөп іспетті жаман мінезді жойып отыруы қажет. Сонымен қатар, көркем мінездің тамыр жаюуына, өсіп өнуіне қолайлы жағдай жасау керек-ақ. Сондай мінездердің бірі – қанағат. Қанағат – сарқылмас қазына. Хакім Абай да адам бойындағы асыл және жаман қасиеттер жайлы өз өлеңінде:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз[1],-деген екен.

Қанағатшыл адам ғұмырда көп жақсылық көреді. Көптеген жаманшылықтан құтылады. Қанағат – құнды қасиет. Кейде сырттай бақылап отырып тұрмысы нашар кедейді көріп, шіркін қанағатшыл екен деген жансақ ойға туады. Сол секілді, шаруасы өрге домалаған бай-дәулеттіні қанағатсыз деп жөнсіз сынауымыз әбден мүмкін. Алайда, жағдайы төмен адамның барлығы қанағатшыл, ал бай-бақуаттының баршасы ашкөз емес. Бай бола тұра қанағатшыл, кедей бола тұра қанағатсыз болуы ықтимал. Себебі қанағат жүректе. Көңілі тоқ, шүкіршілігі мол адам ғана қолындағы барына қанағат ете алады.
Әсілі, қанағат дегеніміз не? Қанағат – адам баласынан дәметпей, тек Алла Тағаладан ғана тілеу. Құдайдың ажыратып берген несібесін менсінбей, біреудің мүлкіндегі дүниені жан-тәнімен қалаудан артық арсыздық болмас. Сонымен бірге, ашкөздік етіп қалай болса да дүние табамын деп, адал мен арамды ажыратпай дүние табу да қанағатсыздық.

Соның салдарынан, қоғамда парақорлық, ұрлық секілді кісі ақысын жеу көріністері әдетке айналуда. Адам табиғатында қанағатсыздық болуы жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

«Расында Алла тағала: Шын мәнінде Біз мал-дүниені намаз оқу және зекет беру үшін түсірдік. Егер адам баласының бір сай алтыны болса, әлбетті екі сай алтыны болғанын қалар еді. Ал, екі сай алтыны болса, әлбетте екеуіне қоса үшіншісін қалайды. Адам баласының ішін тек топырақ қана толтыра алады. Алла тағала тәубе еткенді кешіреді[2]», -деген екен.

Міне, адам нәпсісі осындай. Нәпсі қанағат дегенді білмейді, қала берсе білгісі де келмейді. Қанағат ұғымы нәпсіге жат.  Керісінше нәпсі ашкөз һәм тойымсыз келеді. Демек, қанағат нәпсіні тәрбиелейтін мінездің бірі. Жоғарыдағы хадисте айтылғандай тойымсызты тек топырақ қана толтыра алады.

Хадисте дүние мақсат емес, ол құрал екені айтылуда. Демек, дүние адамның жан-жақты өсіп дамуына септігі тиетін құрал. Тойымсыздық салдарынан адам дүниенің құлы боп кеткенін аңғармай да қалады. Алайда, қанағатсыздыққа итеретін тағы бір жайт ысырапшылдық.

Ибн Масуд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзін риуаят еткен:

«Үнемшілдік еткен жоқшылық көрмейді[3]». Расында, дүниесін оңды-сол шашпай, байыппен жұмсай білген үнемшіл кісінің қолындағы қаражат берекелді болады. Хадисте: «Үш құтқаратын және үш құрдымға итеретін амал бар. Құтқаратыны: жұрт көзінше және оңашада да Алла Тағаладан қорқу, бай және кедей жағдайда да үнемшіл болу және ризашылық пен ашу үстінде де әділ болу. Құрдымға түсіретіні: Ашкөздік, нәпсінің құлы болу және өз-өзіне таңырқау [4]», -деген хадис жазылған.

Сөзсіз бұл адамның мәртебесін көтере түсетін қасиеттер. Алла Тағаладан тек жұрттың көзінше қорыққандай екіжүзділік пиғылда болу, қанағатсыз ысырапшыл болу және ақылы ашуына бас ұрып залым болуы адамды құрдымға тартатын әрекеттер. Алла тағала мұндайдан сақтасын!

Имам Ғазалидің (р.а.) «Ихияу улум әд-дин» кітабында мынадай риуаят бар: Мұса (ғ.с.) Раббысынан: «Сенің қай құлың ең бай?», -деп сұраған екен. Алла Тағала: «Менің бергеніме ең қанағатшылы», -депті.

-Құлдарыңның ең әділі кім?,-деп сұрағанда, Алла Тағала: «Әуелі өзіне әділ болғаны»,-деген екен.

Расында байлық дүниенің көптігінде және қолдағы уыс-уыс алтында да емес. Байлық жүректегі қанағатта. Қанағатшыл мұсылман дүниенің жылтырағына көз қиығын да салмайды. Жаратқанның өзіне тиесілі етіп бөліп берген ризқына шүкіршілік етеді. Қанағатшыл мұсылман ашкөз адамнан қарағанда құлшылыққа едәуір жақын. Оның бойындағы қанағат шүкіршілікті тудырады. Ал, шүкір етуші Раббысының бұйрығын бұлжытпай орындауға асық тұрады. Саңлақ сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:
«Діндар бол, сонда адамдардың ең ғибадатшылы боласың. Қанағатшыл бол, адамдардың ең шүкіршілі боласың. Өзің үшін жақсы көргенді адамдарға да жақсы көр, сонда мүмин боласың[5]», -деген екен.

Шынайы шүкіршілік адамды ізгі құлдар қатарына кіргізеді. Ризық-нығметінің берекетті болуына ең үлкен себеп. Ал, осы шүкіршілікке қол жеткізу үшін қанағатшыл болу қажет-ақ. Семіздікті қой ғана көтереді демекші, Ибн Масуд (р.а.):

«Әр күні бір періште: «Ей, адам баласы! Өзіңе жететін аз дүние сені шектен шығаратын көп дүниеден қайырлы», -деп жар салады», -деген екен.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) үзеңгілес жолдасының бірі Талха бин Убайдулла:

«Кімде-кім үнемшіл болса, Алла оны бай етеді. Кімде-кім ысырапшыл болса Алла оны кедей етеді. Ал, кімде-кім Алла Тағаланы зікір етсе, Хақ Тағала оны жақсы көреді[6]», -деген хадисті риуаят еткен.

Құранмен қатар Таурат кітабын да оқыған Уаһб бин Мунаббиһ әл-Йаманидің (р.а.):

«Тауратта: Ашкөз адам дүниені иеленген болса да кедей. Алла Тағалаға бойұсынған құл болса да өзгелер оған бойұсынады. Қанағатшыл адам – бай, тіпті ол аш болса да», -деп жазылған[7]», -деген екен. Міне, бұл Тауратта жазылған даналық.

[1] Абай, Алматы «Жазушы» 1986ж., 1-том, өлеңдер мен поэмалар, 41-бет.

[2] Ахмед, Байһақи

[3] Ахмад, Табарани

[4] Әбу Нағим, Байһақи

[5] Ибн Мажа

[6] Ғазали, «Ихия улум әд дин», 3-том, 2079-бет

[7] Ибн Хажар әл-Асқаланидің «Мунаббихат» кітабында

0 пікір