Таразыдан жеу...
Таразыдан жеу...
17.07.2018 15:16
3019
0

Күйеуі дүниеден озған жесір бір кемпір күнде сиырынан сауған сүттен сары май шайқап, дүңгіршекке сатуға әкеледі екен. Дүңгіршек иесі де кемпірге сенімділік танытып, майын еш өлшеместен сатып алады екен. Бір күні көңіліне күмән ұялаған дүңгіршек иесі кемпірдің сатып кеткен майын таразыға тартып көрмекші болады. Сөйтсе, 1 келі деп алған майы 900 грамм ғана шығады. Бұған қатты ашуланған дүңгіршек иесі ертесі күні тағы да майын құшақтай келген кемпірге:

- Екінші маған майыңызды әкелмей-ақ қойыңыз. Бұдан былай сізден май алмаймын, - деп дүрсе қоя береді.

 Көңіл күйі түсіп кеткен кемпір:

- Не қателік істедім, балам-ау?.. – дейді ештеңені түсінбестен.

- Сіздің маған 1 келі деп әкеп жүрген майыңыз 900 грамм ғана шықты. Таразыдан жеу күнә емес пе? Қалайша ұялмайсыз? – дейді сатушы. 
Сонда әлгі кемпір:

- Балам, менің таразым да жоқ оны өлшейтін. Мен бұл әкеп жүрген майымды өткенде өзің маған 1 келі деп сатқан қантты кір ретінде пайдаланып, өлшеп әкеп жүрмін, - дейді. 

Мұны естіген дүңгіршек иесі кірерге тесік таппай, қатты ұялады. 
«Біреуге ор қазба, өзің түсесің», «Не ексең, соны орасың» деген осындайда айтылса керек.

Салтан Сайранның фб парақшасынан...

0 пікір