Табыс көзі еріп кеткен адам
Табыс көзі еріп кеткен адам
17.05.2019 11:44
740
0

Бағдаттың жаз кезіндегі қапырық күндердің бірінде, адамдар көлеңке іздеп бұрыш-бұрышты, ағаш көлеңкелерін паналап ығысып жүр еді. Сонда базарда біреу таудан әкелген мұздарын сатуға тырысып жатты. Алайда дәл сол күні саудасы жүрмеген еді. Күн ысыған сайын мұздары ери бастайды. Табыс көзі болып табылатын мұздары ери бастаған соң әлгі адам, жан ұшырып шырқырай бастайды:

 «Табыс көзі еріп бара жатқан мына пақырдан мұз алатын ешкім жоқ па?»

Сол сәтте жақын маңнан шәкірттерімен бірге өтіп бара жатқан Жүнәйди Бағдадидің құлағына жоғарыдағы адамның жанайқайы жеткенде тоқтай қалады. Сол жерге екі қолымен басын қаусырып отыра кетті. Шәкірттер сасып қалып: «Ұстаз сізге не болды?» деп сұрайды. Сонда атақты ғалым былай дейді: «мына адамның айтып жатқандарына құлақ түріңдерші! Еріп бара жатқан тек мұз емес қой, ғұмырымыз еріп бара жатыр ғой. Ғұмырымыз еріп бара жатыр ғой. Мынау қапырық ыстық адамның табыс көзін еріткені іспетті, уақыт та ең басты байлығымыз ғұмырымызды ерітіп бара жатқан жоқ па. Әрбір секунд, минут ғұмыр деген, мұзды мүжіп жатыр, сезесіңдер ме соны? Алайда мынау адамның мұздары үшін жанайқайға салғаны іспетті ғұмыры еріп бара жатқандардың жан айқайға салмайтындардың күйі нендей өкінішті...»

0 пікір