Сүйіспеншілік күллі жаратылыс атаулының – себепкері
Сүйіспеншілік күллі жаратылыс атаулының – себепкері
04.01.2017 12:28
1096
0

Сүйіспеншілік күллі жаратылыс атаулының – себепкері. Өйткені, Алла ғаламды сүйіспеншілікпен жаратқан. Сондықтан да, сүйіспеншілікке құрылған жанұя бақытты болмақ. Жанұя немесе шаңырақ, былайша айтқанда, болашақта – жұмақтың көркем сарайларының бірі немесе азабы ауыр тозақтың терең шұңқырларының бірі болуы әбден мүмкін. Жанұяны жұмақ сарайына айналдыратын амал, ол – отбасылық сүйіспеншілік. Ал, тозақтың шұңқырына түсіртетін іс, ол – отбасы мүшелері бірін-бірі жеккөрушілік. Сүйіспеншіліктің отына жылынып өскен ұрпақ өмірде мейірімді, қайырымды, сыпайы, шынайы болады. Сол себепті, сүйішпеншілік дегеніміз – тек отбасының ғана емес, әулеттің, тұқым-жұрағаттың мұраты. Ондай әулет мың жылдар өтсе де құрымайды, өсіп-өркендейді, тәлімді-тәртіпті бала-шаға өсіреді. Ол балалар мемлекеттің тірегіне айналады.

Сонымен әулетім өссін, тұқымым құрымасын, шаңырағым шірімесін десеңіз – жанұяңызға сүйіспеншілік орнатыңыз. Жанұядағы сүйіспеншілік шартсыз болуы керек. «Осылай істесің сені сүйемін, өйтпесең сүймеймін» деу шарты сүйіспеншіліктің белгісі. Бұл баянды сүйіспеншілік болмайды. Әйтеу бір жерден жарылады. Өйткені, адамның болмыс-бітімі мен жаратылысында тағдырдың үлесі бар. Ал, тағдырдың иесі – Алла. Ақылды адам өз жарының тағдыр болмысын бағалай отырып, кейбір келеңсіз істеріне көне отырып, сабырлықпен сүйіспеншілік танытуы керек. Құранда «Расында, жақсы көргендеріңді дұрыс жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа оны тура жолға салады» (28/56) дейтін мағыналы аят бар. Аят пайғамбарымыздың (с.ғ.с) атасы Әбу Тәліпке қатысты түскені айтылады. Осы аятқа тәпсір жасаған ғалымдар, біреуді жақсы көру үшін одан тек жақсылық талап ету дұрыс емес екенін айтады.

Ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншіліктің белгісін, араларында қызғаныш бар ма, жоқ па, содан байқауға болады. Бірақ барлық қызғаныштан  сүйіспеншілік іздеуге болмайды. Қызғаныш шектен шықса, жиіркенішке ұласады. Кейде сүйіспеншіліктің өзі қызғанышқа ұласып кететін жағдайлар бар. Ондай жағдай – сүйішпеншіліктің отын өшіреді. Сондықтан осындайдан сақ болу керек. Қызғаныштың ең жаманы – сүйген нәрсесін Алладан және оның жолынан қызғану. Ондай жағдайда сол қызғанған нәрсесі пенденің өз басына пәле боп жабысады. Одан құтыла алмай әлекке түседі.

Сүйіспеншіліктің құны – шынайы ықылас. Ықылыссыз жасалған әрбір амал қабыл емес. Пайғамбарымыздан жеткен «Амалдың қабыл болуы – ықыласқа байланысты» деген өсиетті, ғұламалар бірауыздан «өсиеттердің атасы» деп баға берген. Демек, шын ықылас – сүйіспеншіліктің анасы. Ықылас-ынтық болмаса, сүйіспеншілік толық емес. Ол жылт етпе, әңгүдік сүйіспеншілікке ұласады. Жарыңа «сені сүйемін» деп қойып, ықылас-ынта танытпасаңыз, ол адам – сүйіспеншіліктің құнын білмейтін, оны төлеуден бас тартқан адам болғаны. Құнсыз сүйіспеншілік – көлденің табысқа жатады. Егер де сүйіспеншілік көрсоқырлыққа жетелейтін болса, ол – жай құмарлық. Мұндай жұптардың сүйіспеншілігі бір-бірін танығанға дейін немесе кездескенге дейін ғана жалғасады. Өйткені, бұндай сүйіспеншілікте тамыр болмайды.

Отбасылық қарым-қатынасы сүйіспеншілікке құрылмаған жанұя – тек отағасының айғайымен амалсыз өмір сүріп жүреді де, отағасының беделі әлсіреген немесе ол дүниеден өткен жағдайда быт-шыт боп тарап кетеді. Осындай диктаторлық жанұяда өскен балалар езіліп-жаншылып қалады. Мүләйім қой ауызынан шөп алмайтын адамдар болып өседі. Мұса келмей тұрғанда, перғауынның қол астындағы исрайл ұрпақтарының жағдайы осындай еді. Осы бір тұлабойына құлдық үрей сіңген адамдарды Мұса (ғ.с) 40 жыл бойы (кейбір деректерде 60 жыл) қу мекиен далада ертіп жүріп, құлдықтың қара таңбасы сүйегіне сіңген ұрпақ алмасқанша (өліп таусылғанша) тәрбиеледі.

Жалпы алғанда жанұя мүшелеріне еркіндік сүйіспеншілік арқылы беріледі. Өйткені, сүйспеншілік арқылы берілетін бұл нығмет – отбасылық бірлік-берекені арттыра түседі. Осылай қоғамда ерікті еркін тұлғалар пайда болады. Ерікті тұлғалар – ерікті қоғамды түзейді. Қоғамда бір-бірін сүйіп, сүйспеншілікпен отау құратындар көбейеді. Сөйтіп, елдің, мемлекеттің іргетасы бекиді. Біздің айтып жүрген зайырлы қоғам дегеніміз осы.

0 пікір