Сіз жаман деп ойлап жүрген адам...
Сіз жаман деп ойлап жүрген адам...
12.02.2018 16:14
4980
0

Ертеде бір хан ел билеген екен. Бір күні түсінен қатты шошып оянып кетеді. Таңертең уәзірін шақырып: 

-Дайындал. Сарайдан сыртқа шығамыз, - депті. 

Екеуі қарапайым киiм киіп, ел аралай бастайды. Бір Ауылға жеткенде, түсінде көрген жерін танып, тоқтайды. Адамдар көп, бәрі өз тіршілігін жасап жүр. Жерде бір адам өліп жатыр. Бiрақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сонда Хан жергілікті адамдардан: 

- Ей Адамдар! Бұл кім? Неге бұлай тапталып қор болып жатыр? - деп сұрапты.

- Бұл адам араққұмар біреу. Ол ешкіммен араласқан емес. Онымен 40 жылдан бері көрші тұрамын. Бірақ көрші болып бас қосқан емеспіз. Өзі - нағыз ағаш шебері. Таң атқаннан кешке дейін жұмыс жасайды. Бірақ тапқанына қай жерде арақ болса сатып алады. Тіпті үйіне жөзекшелерді ертіп барa жатқанын көретінмін. Ешбір адамға жақсылығы тимеген. Сондықтан да осылай жатыр. 

Адамдар жан-жаққа тарап кетті.

-Жүріңіз, Хан ием, біз де кетейік. 

-Жоқ. Менің түсіме бұл адам неге кіргенін түсінбедім. Алла маған оны жерле деп аян етті. Мен Алланың қалауын орындаймын. Тек оны жуындыратын жер керек. Жүр, оны мешітке алып барайық.  Мешітке алып барса, мешіттің имамы:

- Бұл адамды кіргізе алмаймын. Ол Аллаға қарсы шықты. Алла оның жазасын берді, - деп жолатпайды. 

Хан оны көрші ауылдағы мешітке алып барады. Ол мешіттің имамы оны көргенде жылай бастайды. Сонда хан: 

- Сіз оны танисыз ба? 

- Иә. Ол өте жақсы адам еді. Намазын уақытында оқып, Алланың жолында жүрген адам болатын, - дейді. Үшеуі оның жаназасын шығарып жерлейді. 
Хан "Неге адамдар ол жайында әртүрлі пікір айтады? Шын мәнінде қандай адам болды екен?"деп қызыға бастайды. Сұрастырып жүріп, үйіне барады. Есікті бір әйел ашады. Хан оған күйеуiн жерлеп келгенін, барлық мән-жайды баяндайды. Әйел көзіне жас алады. 

- Сіздің жолдасыңыз қандай адам еді? 

- Мен онымен мақтанамын! Ол өз жанын Алланың жолында құрбан етті. 

- Бірақ көршілеріңз теріс пікірде ғой. Олардың айтуы бойынша араққұмар, қатынқұмар болған екен. Ешбір адамға көмегі тимеген деп наразы. 

- Мырза, олар жолдасым қандай жақсылық жасағанын қайдан білсін?! Иә, ол арақ бар десе жанын беріп болса да сатып алатын. Бiрақ өзі ішкен емес. Өзгелер ішпесін деп ауылдағы бүкіл арақты сатып алып, дәретханаға төгетін. 

- Иә, ол жөзекшелерді үйге әкелетін. Бірақ олармен бірге болған емес. Өзгелер олармен бірге болып, күнәға батпасын деп, оларды үйге әкелетін. Мен сендердің уақыттарыңды сатып алдым. Ол уақытты қалай өткізсем де өз еркім дейтін. Түніменен оларға Алланы насихаттап, имандылыққа шақыратынбыз. Соның арқасында жеңіл жүрісті әйелдер біршама азайып қалған еді. 

- Бірақ неге көршілерге ештеңе айтпаған? 

- Мен оған қаншама рет айттым. Елге шыныңды айт. Олар теріс пікірде. Ертең біз дүние салсақ, кім жерлейді? - деп.  Бірақ ол тыңдамады "Менің жақсылығымды Алла көріп тұр. Маған сол жеткілікті. Адамдар қалай ойлатынында шаруам жоқ. Ең бастысы Алланың алдында арым таза. Адамдарға айтып олардың қошеметіне ие болу мен үшін қажет емес. Ақыретте Алланың қошеметі қажет. Сені кім жерлейді деп қорықпа. Алла сүйген құлын ешқашан ит-құсқа жем етпейді. Мен Аллаға сенем. Егер Алладан Әмір келіп жатса, тіпті ханның өзі жерлеуі мүмкін", - деп күлетін. Ол намазын көрші ауылдағы мешітке барып оқитын. "Неге өзіміздің ауылдағы Мешітте оқымайсың?"-десем, "Бар жан-тәніммен Аллаға берілген имамның артында тұрып намаз оқып жатып, көзімді жұмғанда Қағба көрінгендей болады" дейтін.

Бұдан шығатын қорытынды: 

1. Сіз жаман деп ойлап жүрген, жерден алып, жерге салып тілдеп жүрген адамыңыз Алланың алдында дәрежесі жоғары жан болуы мүмкін... Көп нәрсені білмейміз ғой. Абай болайық. 

2. Құдайға шын жүрегімен берілген жанды Алланың қараусыз қалдырмайтыны... Құдайға деген көңіліміз ақ болса, Оның да бізге берері таусылмақ емес.

 

Марфуға Шапиян

0 пікір