ШЫНШЫЛДЫҚ
ШЫНШЫЛДЫҚ
11.04.2018 14:13
547
0

Баяғы бір заманда күнәсіз күні өтпейтін біреу бопты. Бойында бір кісіден артып жығылатын міні бар екен. Күндердің күні Құдай жүрегіне һидаят беріп, түзелгісі келген көрінеді. Бірақ қалай түзелерін білмей басы қатады. Неден бастау керек деген сияқты ой мазалайды. Ақыры, бір ғалымға ақыл-кеңес сұрап іздеп барады. Осыншама күнә істен қалай құтыламын деген сауалына ғұлама бір ғана күнәдан арылуға кеңес береді. Адам баласына және өзіне өтірік айтпау керектігін түсіндіреді. Кез келген жағдайда шыншыл болуды талап етеді. Тіпті, оған ант-су ішкізіп уәдесін де алады. Бірер күннен кейін арақ ішкісі келіп жайғаса бергенде ғалымға берген уәдесі есіне түсіп: «Япырай, ғұлама сұрап қалса, ішпедім деп қалай айтам? Өтірік айтып құтыламын ба? Басқа-басқа уәдеде тұрмасам еркек атым қайда қалды? Жоқ, мұным болмас»,-деп райынан қайтады. Қанша қиын болса да, сөзінде тұруға әрекет етеді. Ақыры ішпейді. Келесі күні бұрынғы әдеті бойынша тағы бір күнә жасамақ боп тұрғанда, шындықты ғана айтамын, бір ауыз сөз өтірік айтпаймын деген уәдесі есіне түсіп тыйылады. Осылайша, әлгі кісі жалған сөйлемеу және шыншыл болу арқылы жаман істерінен бір-бірлеп түгелдей арылған екен.

Шыншылдық – адамның ең әуелі өз ар-намысы мен иманы алдындағы шынайылығы. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Алладан (жазасынан сақтанып) қорқыңдар және шын сөзділермен бірге болыңдар[1]», - деген әмір бар.

Құран Кәрімде адамзаттың ең таңдаулысы болған пайғамбарларды: «Ей, Юсуф! Ей, шыншыл!...[2]» және «Әрі Кітаптағы Идристі есіңе ал. Ол шыншыл әрі пайғамбар еді[3]» деп сипаттайды. Пайғамбарымызды да (ﷺ) иман етпеген арабтардың өзі «садықул-амин», яғни шыншыл һәм аманатшыл деп атаған. Негізгі, адамның ең әуелі Жаратушысымен, одан кейін адамдармен және міндетті түрде өз ар-намысы алдында шыншыл болуы керек. Раббысы алдындағы шыншылдығы – әрбір құлшылығын ықыласпен жасауы. Амалында рия мен мақтанқұмарлыққа жол бермеуі. Өйткені, рия араласқан құлшылық қаншалықты ауқымды болғанымен, тозаңның түйіріндей де сауабы болмайды. Демек, құлшылықтағы ең маңызды жайт – ықылас. Ықылас – қоспасыз және саф таза деген мағынаны білдіреді. Бұл дегеніңіз, ниетке рия мен мақтанқұмарлық араласпаған құлшылық.

Адамдармен шыншыл болуға келсек, хадисте: «Қиянаттың үлкені бауырың саған бір әңгіме айтқанда, ол саған бар шындығын айтады да, ал сен оған өтірік сөйлейсің[4]», - делінген.

Адам өзінің иманы алдында шыншыл болуына қатысты: «Күдіктеніп, күмәнданған шаруа тастап, ешбір күдіктенбейтін шаруаға бет ал. Анығында, өтірік – күмән, ал шыншылдық – жан тыныштығы», - деген риуаят бар.

Екі дүние сұлтанының (ﷺ): «Ақиқатында, шыншылдық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Кісі шындық сөз айта жүріп, Алла құзырында шыншыл боп жазылады. Өтірік жамандық пен арсыздыққа, ал жамандық тозаққа алып барады. Кісі өтірік сөз айта берумен, ақыры Алланың құзырында өтірікші боп жазылады[5]», - деген өсиеті адамның барлық ізгі амалы шыншыл сөзден бастау алатынын көрсетеді.

 

Мұса ЕРБАТЫР



[1] Тәубе сүресі, 119-аят

[2] Юсуф сүресі, 46-аят

[3] Мариям сүресі, 56-аят

[4] Ахмед

[5] Бұхари, Муслим

0 пікір