СЕНДЕРДІҢ ТАБЫНҒАНДАРЫҢ...
СЕНДЕРДІҢ ТАБЫНҒАНДАРЫҢ...
18.05.2020 13:49
225
0

Пайғамбарымыздан бастап барлық ғалымдар «дүниеге деген махаббат – барлық күнәнің бастауы» деген.

Иса пайғамбар: «От пен судың бір жерде басы түйіспегені секілді дүниеге деген махаббат пен Аллаға деген махаббат та бір жүрекке сыймайды», – дейді.

Қазақта «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар. Қазан үлкен болса, екі емес, бес қошқардың да басын сыйғызуға болады.

Негізінен бұл сөз дүниеге деген махаббат пен Аллаға деген махаббаттың бір жүрекке сыймайтындығын меңзеп отыр. Яғни, қазан – жүрек болса, екі қошқардың басы дүние мен Аллаға деген махаббат.

Дүниеден басқа қайғысы жоқтарды да қазақ «дүниенің құлы» деген.
Дүниенің құлы дегеннен шығады, бірде Шейх уль-Ислам атанған атақты ойшыл һәм сопы Мухиддин ибн Араби Шам қаласында мінберде уағыз айтып тұрып халыққа:

«Сендердің табынғандарың менің табанымның астында!» – дейді екен. Халық да Ибн Арабидің бұл сөзін күпірлікке балап, қазыға шағымданып, жаза беруін сұрайды.

Ибн Арабидің жанашырлары оны бұл сөзінен бастартуын сұрайды, бірақ Ибн Араби:

«Менің сырым «Син» (س) «Шин»-ге (ش) кіргенде ашылады», – дейді де қояды.

Арада үш жүз жылдан астам уақыт өтіп, Османлы патшасы Йавуз Сұлтан Селим Шам қаласына басып кіреді. Шамда жүргенінде Ибн Арабидің еңбектерімен танысып, қатты әсерленеді. Басына зиярат ету үшін жұрттан қабірін сұрастырады.

Жергілікті халық Ибн Арабидің оқиғасын баяндап беріп, «Менің сырым «Син» (س) «Шин»-ге (ش) кіргенде ашылады» деп кеткенін де айтады.

Сол кезде Сұлтан Селим «Синнің» өз есімінің бас әрпі екенін, ал «Шиннің» Шам қаласы екенін түсініп, Ибн Арабидің уағыз айтқан мешітіне барып, тұрған мінберінің астын қаздыртады.

Қаздыртса, Ибн Арабидің астынан қазына шығады. Халық Ибн Арабидің «Сендердің табынғандарың менің табанымның астында!» дегенінің мәнін және бұның бір керемет екенін сонда ғана түсінеді.
Сұлтан Селим де:

«Пайғамбарымыз күпірге толы мәжілістерге қарап: «Діндерің – ақша, құбылаларың – қатын», – демеп пе еді? Ибн Арабидің де осыны меңзеп айтқанын ешкім түсіне алмай, өлтірген екен ғой», – деген екен.

Міне, бұл әңгіме де дүниеге қатысты біраз жайттан бізді хабардар етсе керек.


Салтан Сайранұлы фб парақшасынан

 

 

0 пікір