СЕН КЕШІРЕР БОЛСАҢ!..
СЕН КЕШІРЕР БОЛСАҢ!..
09.04.2021 08:57
861
0

Сахабалардан Әнас (Оған Алла разы болсын) әңгімелеуде: 

Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бірге отырғанбыз. Әлден уақытта тісі көрінетіндей ғана сәл жымиды. Себебін сұрағанымызда былай түсіндірді: 

– О дүниеге барғанда үмметімнен екі кісі Алла Тағаланың құзырына әкелінеді. Біреуі екіншісін көрсетіп:

 – Уа, Раббым, менің мына пәленшеде кезінде ақым кеткен, сол ақымды алып бер, – деп өтінеді. 

Алла Тағала:

 – Ей, пәленше, ақысын өзіне қайтар, – дейді. 

Жеген ақысы үшін өз сауаптарынан бөліп берген екіншісі:

 – Я, Алла Тағала! Менің сауаптарымнан ештеңе қалмады ғой? – дегенде, Алла Тағала бірінші адамға:

 – Қарашы, мынаның сауабынан дым қалмады, бұған не дейсің? – деп сұрайды.

Сонда бірінші адам:

 – Олай болса менің күнәларымнан өзіне алсын, – дейді. 

Дәл осы тұсқа келгенде Пайғамбарымыздың көзі жасаурады. Сөйтті де: «Ол күн – аса бір зор күн болмақ. Адам өз күнәсінің алынғанын қалайды» деді де сөзін ары қарай жалғастырды: 

Сол кезде Алла Тағала ақысы кеткен адамға:

 – Басыңды көтер де Жұмаққа қара! – деп дауыстайды. Сонда бірінші кісі: – Я, Алла Тағала! Алтынмен апталған, күміспен күптелген, жібекпен тоқылған небір сән-салтанаттарды көріп тұрмын. Бұған қай пайғамбарлар мен әулие-шейіттер ие? – деп сұрайды. 

Алла Тағала: 

– Бұлар маған өтемін төлегендер үшін, – деп жауап береді. 

– Бұлардың өтеуін қайтіп төлейді? – деп сұрайды адам. 

– Қаласаң бұған сен де ие бола аласың, – деп жауап береді Алла Тағала.

– Қалайша? – деп таңырқағанда, Алла Тағала: 

– Сен егер ақың кеткен қасыңдағы мына жолдасыңды кешірер болсаң, – деп жауап береді. 

– Олай болса мен оны кешірдім, – деп жауап береді әуелгісі. 

– Ендеше жолдасыңды ал да, екеуің де Жұмаққа барыңдар! – деп бұйырады Алла Тағала. 

Сөйтті де Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Алладан қорқыңдар! Алладан қорқыңдар да араларыңды түзеңдер! Қараңдаршы, Алла Тағаланың өзі мүміндердің арасын жарастырып тұрған жоқ па?!», – деді.

 

 

0 пікір