Сабырлыларға берілетін сый
Сабырлыларға берілетін сый
08.08.2015 12:52
3478
0

       Қатты ашуланғанда ашуын жеңіп, шыдамдылық таныту, қиын жағдайға сабыр ете білу – адамның ең жақсы қасиеттерінің бірі. Бұл жайлы Құранда «...ешқандай қиындыққа мойымай сабырлылық танытқан жігерлі жандарға сый-сыяпаттары қисапсыз беріледі», - деп айт» - делінген («Зүмәр» сүресі, 10-аят).

       Сабырдың үш түрі бар:

       1.     Бәле-жалаға және қасіретке сабыр ету

       Пенденің жанына, малына қайғы келсе сабыр етуі тиіс. Өйткені оны қайтаруға адам дәрменсіз. Жақындардың өлімі, зілзала, су тасқыны, соғыс кезінде болатын қиыншылықтарға төзу – сабыр ету болып табылады. Сабырдың сауабына сенбегендер үмітсіздікке тап болады, Алланың берген сыйы – екі өмірдің нығметінен құр қалады. Ісіміздің берекелі болуы да сабырлылыққа байланысты.

       Қасиетті Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер» - делінген («Бақара» сүресі, 155-аят).

        2.     Ғибадат кезіндегі қиыншылықтарға сабыр ету

       Ұзақ әрі ыстық күндерде аштық пен шөлге шыдап ораза тұту, бес уақыт намазды өз уақытында орындау, қажылық жасау сияқты ғибадаттарды орындаудың өзіндік қиыншылықтары бар. Соларға шыдамдылық танытып, сабыр ете білген адам мол сауапқа кенеледі.

       Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айында оқыған құтбаларының бірінде: «Бұл – сабыр айы. Сабыр етушілердің баратын орны – сол жәннат» деген.

        3.     Күнә жасамауға сабыр ету

       Әрбір пенде – әлсіз жаратылыс. Сондықтан кейде қателіктерге ұрынып, нәпсіге еріксіз берілуі мүмкін. Алайда шайтанның арбауына қарсы тұрып, сабыр ете  білу – күнәлі іс жасамаудың жолы, яғни Алланың ақ жолынан таймау деген сөз.

       Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күшті адам – күрескен кезде қарсыласын жеңген адам емес, ашуланған кезде сабыр етіп, өз ашуын жеңген кісі» - деген.

       Міне, сондықтан сабыр әрдайым серігіміз болсын. Алла бізді сабыр етушілердің қатарынан етсін!

 

 

0 пікір