Ризыққа сенеміз бе?
Ризыққа сенеміз бе?
16.06.2017 11:08
3966
0

Алланың көркем есімдерінің бірі - әр-Роззақ (Ризық беруші) екені көпшілігімзге белгілі. Алайда бүгінде мұсылман бауырларымыз Құдай қорексіз, панасыз қалдырмайды дегенді жиі ұмытып кете береді. Мұсылман адам ризық Алладан екеніне шын сеніп, үнемі сол үмітіне сүйене өмір сүруі керек. Алла неше жыл өмір нәсіп етсе, сонша жылғы ризығыңыз бар екені сізді жігерлендіре алса, бұл – жетістік. Ал егер ертең не ішем, не жеймін деп уайыммен өмір сүрсеңіз, бұл – қауіп. Сахабалардың заманындағы кедейлер ертеңгі, әрі кетсе бір апталық ауқатын қалай тапсам десе, біздер бүгінде бір ай бұрын уайымдай бастаймыз. Біреулерде алдағы уақытқа 2-3 айға жетер азық-түлігі бар болса да алаңдаумен жүреді. Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» романында айтқандай адам баласы осы өмірден атау-кересін, яғни соңғы дәмін тауыспай өтпейді.

Қазақта «қуған жетпес, бұйырған кетпес» деген  сөздің түп мағынасы сізге бұйырған ризық сізден басқа ешкімнің қолына өтіп кетпейді дегені. Дегенмен бүгінде біздің мұсылман деген қазақ халқымыз да осыны жете түсіне бермейді. Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан келген бауырларымызға мемлекетіміз еліне оралғаны үшін ақшалай көмек (квота) берген кезде, жергілікті халықтан: «Өзімізге жетпей жатқан ақшаны шеттен келгендерге бергені несі» деген сөздерін естіп жағамды ұстадым. «Абай жолында» жігітек халқы өздері тарығып жүрсе де Ресейден келген босқындарға   айран-сүтін ақысыз берген, 1941-1945 жж. соғыста  шет елден келген кәріс, шешен т.б. ұлттарға соңғы ас-суымен бөліскен бабаларымыздан қалған ұрпақ неге айналған? Құрметті мұсылман бауырлар осы жайлы ойланайық және басқа бауырларымызға жеткізейік!

 

Азамат Мұратұлы

Маралды ауылының имамы

0 пікір