Распенен таласпа мүмин болсаң...
Распенен таласпа мүмин болсаң...
22.02.2019 17:27
1462
0

Баласы намаз оқып, қызы орамал тақса көп ата-ана перзентім адасушылыққа ұшырады деп діннен бөліп алғысы келіп жанталасып жүр…
Ата-ана баласына жамандық ойлаған емес. Ал Құран аяттарында Алладан кейінгі орында әке-шешеңді сыйлау тұрады.

 Ислам «Әке-шешең жамандық істесе, оған жақсылық істе, әке-шешең саған қатты сөйлесе, оған жұмсақ сөйле» дегенді бұйырады. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек. Иә, ата-ана баласына жақсылық ойлайды. Бірақ Алла Тағала адамзатқа әкеден де, шешеден де артық жақсылық ойлайды. Алла Тағаланың көрсетіп берген діні адамзат баласы үшін зиян емес. Әрбір бұйрығында адамның рухани дамуына жан-жақты пайдасы бар. Ондай үрейде болған ата-аналарға қазақтың мына бір сөзін еске алсын дейміз.

Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Құдайдан қорқып жатқан балалары үшін қорықпасын. Мысалы,  бір кісінің баласы намаз оқи бастағанда әке-шешесі қатты уайымдап, баласының соңына түсіп, мешіттегілерге «Менің баламды мешітке кіргізбеңдер. Мен баламды молда, діндар болсын деп жүрген жоқпын» деп, оны достарымен де араластырмай, баласын ары-бері алып қашып жүрді. Ата-анасы соңына шындап түскеннен кейін әлгі бала намазын қалдыра бастады. Намазсыз достарына қосылды. Соңында бала маскүнемдікке салынып, бұзылып кетті. Бала отбасын құруға қауқары жоқ, келешегіне жоспар құра алмайтын жанға айналды. Қалай болса солай өмір сүрген баласын көрген анасы оның намаз оқитын достарына келіп, «Баламды қайтадан қатарларыңа қосыңдаршы» деп жалынып жүрді. Өмірде осындай жағдайлар жиі кездеседі.

Біз адамды аздыратын арақ, есірткі сияқты нәрселерден қорқуымыз керек. Адам Құдайдың сөзіне жақындап жатса, оған ешқандай қорқыныш жоқ. Өйткені, Алла Тағаланың Құраны екі дүниенің ізгілігіне бастайтын нәрсеге үйретеді. Алла Құранда Пайғамбарымызға: «Әй, Мұхаммед!СағанАлланыңжібергенҚұранкітабыадамзаттардыбүкілқараңғылықатаулыдан:күнәнің, бақытсыздықтың, уайымныңүкілжамандықпензұлымдықтыңқараңғылығынанҚұдайдыңнұрынашығарады» дейді.

Ата-ана баласының дінін, дінінен кейін келешегіне деген сауатты көзқарасын қадағалап отырса болғаны. Егер сіздің балаңыз Жаратушысын ойлай бастаса, сіз оған қам жемеңіз. Өйткені, Алла оған ешқашан «Ата-анаңды басынан теп!», «Ата-анаңның берген тамағын жеме!», «Ата-анаңды зар жылатып, қаңғып кет!», «Еліңді шулатып, шет-елге барып, соғысқа қатыс!», «Сенен басқаның барлығы адам емес, сен ғана дұрыс пендесің», «Зиратқа барып ата-бабаңның моласына түкір!» демейді. Алла сіздің балаңызға «Алланың разылығынан кейінгі парызың - ата-ананың разылығын алу», «Үш рет анаңа жақсылық жаса, сосын барып әкеңе, өйткені, анаң сені тоғыз ай көтеріп, ес білгенше өсірді, бақты, қақты. Сен оның ақ сүтін Меккеге жеті рет жаяу арқалап апарсаң да ақтай алмайсың», «Әкенің ашуы - Алланың ашуы», «Жәннат - анаңның аяғының астында», «Кім қартайған әке-шешесін бағып-қақса, сол оған жиһад» деп үйретеді.

Ислам - ол сыпайылық! Ислам - ол білімділік! Ислам - ол көркемділік. Яғни, Исламның не екенін балаңызға сіз үйретуіңіз керек. Себебі, сіз балаңыз үшін әрқашан жауап бересіз. Бұл өмірде де, ол дүниеде де! Сіз ата-бабаңыз ұстанып өткен дінді балаңыз ұстана бастағанда: «Мынау қайдан шыққан пәле?» деп төбе шашыңыз тік тұрмасын. Бірінші болып: «Бәрекелді балам, дұрыс жолға түскен екенсің, енді ауытқыма! Ислам деген ол екі дүниенің бақыты ғой.

 Абай атаң «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар бұл өмірде одан басқа?!» деген екен» деудің орнына, «Тұқымымызда жоқ бәлені шығарып діншіл болған не теңің? Ел қатарлы жүре бермейсің бе?» деп ұрыссаңыз балаңызды одан сайын тұйыққа тіреуге жарап-ақ жатыр. Осы сөз арқылы сіз өзіңізді де, балаңызды да жарға жығасыз. Өйткені, сіз садақаға күніне неше рет барсаңыз да, сол садақа не үшін беріліп жатқанына назар аудармайсыз. Өлік шыққан үйден ғибрат алмайсыз, жыртыс аласыз да қайтасыз... Ата-ана, біліңіз! Ислам - ол лаңкестікке үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ислам - ол озбырлық діні емес! Ислам - ол дөрекілік пен көкбеттік, бірбеткейлік пен екі жүзділік, көргенсіздік діні емес! Ойланыңыз! Балаңыз: «Мұсылман болдым!» десе, қуаныңыз. Оған тура жол көрсетіңіз. Оқыған кітабыңыздан, естіген хадистеріңізден әңгімелеп беріңіз. Ислам ешқашан ана мен қыздың, ата мен баланың арасын айырған емес, айырмайды да! Ендеше, құрметті ата-ана, теледидардан ислам атын жамылған содырларды көрген сайын намаз оқитын балаңызға айқай салғанша, өзіңіз діннің не екеніне ой жүгіртіңіз. Балаңыздың не істеп жүргеніне көңіл бөліңіз. Сөйлесіңіз! Сырласыңыз! Бәлкім, балаңыздың да сізге айтары бар болар. Бәлкім, ол сізді құшағына қатты қысып, құшақтағысы келетін шығар! Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі арқылы алған тәрбиесін: «Анаңа әрдайым жылы сөз сөйле!» деген өсиетін сізге жеткізгісі келетін болар. Бәлкім, «Анашым, мені жарық дүниеге әкелгеніңіз үшін мың да бір рахмет» дегісі келетін шығар. Бәлкім, «Анашым, мен сізді өте қатты жақсы көремін» деп бетіңізден сүйгісі келетін болар. Ал Сіз...

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү'мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма! (Абай Құнанбайұлы)

Алла Тағала барлығымызға Өзіне ғана құлшылық етуді бұйырған. Кімді Алла Тағала тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды.Ал кімді Алла Тағала тастап қойса оны ешкім де тура жолға сала алмайды. Хақпен таласпайық, иман келтірген ұрпақты кінәлап Алла Тағалаға қарсы келгендерден болмайық!

 

Бодаубек СОЛДАТҰЛЫ (Майқайың кенті имамы)

 

0 пікір