ҚАСҚЫР
ҚАСҚЫР
03.12.2019 13:23
373
0

Бір жылдары Америкадағы Иеллоустоун паркінде қасқыр құрып кетеді. Сосын 1995 жылы Канададан он шақты қасқыр алып келеді де, паркке қоя береді. Ол жерде 70 жылдай қасқыр болмапты. Қасқыр болмағаннан кейін бұғы көбейіп, бір жылдары олар тіпті қаптап кетеді. Иелоустоундағы өсімдіктің бәрін жеп бітіріп, паркті қу тақырға айналдырып жібере жаздайды. Қасқыр келгенде парктің өмірі де өзгере бастапты. Олар бұғының біразын жеп қояды да, бұғылар парктің басқа жағына қарай ауып кетеді. Бұғы кеткен жерге кейін шөп шығып, өсімдік қаулап тұрып өсіп, құстарға дейін қайтып келеді. Кейбір жерде ағаштың ұзындығы бес метрге дейін биіктеп, көктерек пен ақтерек қаптап өседі де, бұғы ауып кеткен аудан біртіндеп орманға айналады. Құндыз көбейіп, ол да өз кезегінде басқа жануарлардың өсіміне әсер етеді. Құндыз салған тоғанды кәмшат пен ондатра, үйрек пен балық келіп паналайды. Қасқыр келе салысымен шибөріні (койот) де біраз қырып жібереді. Шибөрі азайған соң қоян мен тышқан қаптапты. Қоян мен тышқан көбейген кезде – борсық, бүркіт, ақ тышқан (ласка), қаршыға мен түлкінің саны өсіпті паркте. Бүркіт пен қарғалар қасқырдан қалған жемтікті жеп, әлгі жерді тазалап кетіп отырады. Қасқыр келісімен аюдың қарасы да көбейеді. Аюлар да кейде қасқырдың олжасына ортақтасатын. Аю жейтін жидек те қаулап шығады. Қасқыр келген кезде өзеннің ағысына дейін өзгеріп кетіпті. Орманды жердің ауқымы ұлғайғанда өзеннің жағасы да бұрынғыдай кеңеюін, ойылуын қойып, арнасына шым бітіп, бұралаңдап аға бастаған. Бір ғана итқұстың (қаcқырдың) өзі табиғаттағы қаншама тепе-теңдікті қалпына келтірген екен өстіп. Құдай қалай бәрін бір-бірімен байланыстырып қойған, таң қаласың!

Қайрат НҰРЛЫҚАСЫМҰЛЫ‎ 

0 пікір