ҚАЙЫРШЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
ҚАЙЫРШЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
01.10.2019 22:56
1674
0

Бір адам қайыр сұрап, көп ақша жиып, әбден байыса да, қайыр жиған әдетін қоймапты.

Бір күні оны хан есітіп, әлгі қайыршы байды шақырып алып:

 «Сенде көп ақша бар дейді, соны қазынаға қарыз берсең, өсімінен қазына пайдаланып, ақшаның басын өзіңе қайтарар едік», — дегенде, қайыршы бай:

 «Тақсыр! Менің ақшам қанағатсыз, арсыздықпен жиылған арам ақша ғой, тырнақтап жиналған арам ақшаға тырнағыңызды былғағаныңыз жарай ма?» - депті.

Сонда хан айтыпты:

 «Балшық керек қылған бір бай балшық жасаушы біреуге бір арба балшықты сатамысың десе, арам суға басылған балшық еді, онысын айтпай сатсам, арамдық болады ғой», — деген екен.

Сонда балшық алушы:

 «Дәретхананың жыртығын жамауға жарар» — деп алған екен. Ақшаңды сондай орынға жұмсармыз», — десе қайыршы бай:

 «Тақсыр! Сіздің дәретханаңыз біздің үйімізден таза ғой, менің ақшам оған жарамас», — депті.

Сонда хан:

 «Бір адам бір бөшке су алып келе жатса, біреу суыңды сатамысың десе:

 «Суым арам су еді», — депті.

Су алушы:

 «Олай болса өлген (жәһудті) жебірейді жуғанға жарар», — деп алған екен. Ақшаңның өсімін сондай орынға жұмсармыз», — дегенде, қайыршы бай айтыпты:

 «Құрама жиып ел қылған, құрақ жиып топ қылған, мейірімді ханымыз, сіздің қол астыңызда әлденеше дінді елдер бар ғой, жебірейді арам сумен жуды дегенді естісе, сізден елдің көңілі қалар. Сондықтан менің ақшамды алғаныңыз өзіңізге зиян болады ғой», — депті.

Сонда хан билік айтатын қазыны шақырып алып:

«Біреу әркімді алдап, арам оймен ақша жиса, ол көп ақшаның анық иесі табылмаса, сол ақшаны қалай қылу керек?», — деп сұрағанда, қазы:

 «Ондай ақша екенін не жиып алушы мойнына алса, не екі таза куә мойнына салса, ол ақшаны түгел қазынаға алып, кәріп-қасірге, оқу-білім жолына жұмсалады»,—депті.

Хан жалма-жан қала билеушіні шақырып, әлгі қайыршы байдың ақша-мүлкін қазынаға алғызыпты да:

 «Көрінгенде келмесең,

Көз ұшына кетерсің.

Орындыға бермесең,

Өкініп зарлап өтерсің!» —деп, қайыршы байды бастапқы сорлы қалпына түсіріпті.

Бұл қиссада қай заман үшін де ғибрат бары сөзсіз.

 

 Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

 

 

 

 

0 пікір