ӨЗІҢНІҢ КІМ ЕКЕНІҢДІ БІЛІП АЛ!..
ӨЗІҢНІҢ КІМ ЕКЕНІҢДІ БІЛІП АЛ!..
14.11.2020 10:45
1397
0

Баяғыда бір жас жігіт ұзақ жолға шығыпты. Асқар белдерді асып, атақты данагөйге жолығып, өзінің бұл тірлішіктегі мақсатын білгісі келіпті. Ұзақ жол неше түрлі ойға жетелейді. Дананың үйі қандай екен, өзі қандай екен деп қиялы сан қиырды шарлайды. Сөйтіп келе жатса, күн сіңген алаңқайда қуыршақтың үйіндей ағаш үй тұр екен. Үй ерекше парасат иесінің емес, қарапайым отбасылы адамның шаңырағына көп ұқсайды. 
Орта бойлы, мығым денелі азамат қарсы алады. Құшағын кең жайып, жайдары күліп, «Қош келдің» дейді. 

– Құдайы қонақты көретін күн бар екен ғой, шай ішесіз бе? – депті. 
Жас жігіт көршісінің үйіне кіріп кеткендей күй кешеді. 

– Бұл өмірдің мәнісі не? Соны білейін деп келіп ем, - дейді. 

– Солай ма? Бұл сұраққа мен жауап бере алады деп келдің бе? – депті. 

– Сұрағыма сіз жауап берер деген үмітпен келдім, - дейді жас жігіт. 
Анау адам жымиыпты. Үйден шығады да, жұпары аңқыған бір құшақ гүл алып келеді. Шағын құмыраны алып, түбіне ғана азғантай су құяды да, сол құмыраға гүлді салып қояды. 

– Сен мына құмырасың. Гүл – сенің мақсатың.

– Бірақ тамыры суға жетпесе, гүл солып қалмай ма? – дейді жігіт. 

– Дәл солай. Сол үшін су деген не екенін түсінуің керек. Қарсы бөлмеде жиналмалы күрке бар, соны ал да, маңайдағы тау-тасты аралап кел. Судың не екенін түсінгенде ғана орал. 

Жас жігіт мұндай жауапқа қанағаттанбайды. Қатты ашуланады. Бірақ әлгі адамның ақылын алады. Осынша биік тауға тектен тек келмеген шығармын деген ой маза таптырмайды. 

Жалғыз өзі көп күн бойы тау аралайды. Жыртқыштан қорғанатын түгі жоқ. Талғажау етер малтасына мәз бопты. Кеш бата от жағып, күркесін тігіп, соған қонады. Сұрақтың жауабын ойлап, санасы сарсылады. Сәл уақыттан соң бұрынғы күйбең өмірде ойлаған ойлары мен қазіргі ойларының арасы мүлде алшақ екенін сезіне бастайды. Көп ойлануға уақыт қалмапты. Ол айналасындағы сұлу табиғатқа тамсанып, қоршаған ортаның ғажаптығына сүйсінеді. Құстардың сайрағанын естіп, соларға елітеді. Таудың таза ауасы, жаңбырдан кейінгі ылғал жердің иісі танауын жарады. Әр шөптің өз жұпары бар екенін байқайды. Ойланғысы да келмей бара жатқанын түсінеді. Дене қимылы ширап, желге қарсы жүреді, талтүсте сая болар жер іздейді. Талай қызықты байқап, жадыға түйіп қояды. Өзін жаңадан танып жатқандай күй кешеді. Ешкім ренжіте алмайтын, өкпе артпайтын жерде өзінің жаны жадырап, көңілі жайдарыланып, жүрегін әлемге айқара ашқандай болады. Қоршаған әлем бұның жүрегінің төріне орнығып жатқандай.

Үшінші күн дегенде жаман ойдың бәрі өшіп, жаны рақаттанады. Мен кім болам деген сауал көмескілене берді. Бір таудан екіншісіне сейіл құрып, өзінің болмысына етене жақын бола бастады. Өзін танымай тұрып адам жан тыныштығын таппайтынын, немен айналысқысы келетінін анықтай алмайтынын түсінді. Өзінің кім екенін білмей тұрып не істесем деп әуреленгеніне күлкісі келді. Осындай оңашалықта өзін ертерек білуге тырыспағанына қынжылды.

Жігіт данагөйдің үйіне жан тыныштығын тапқан соң келеді. Өзін бақытты сезінеді. Кешке таман екеуі от жағып, данагөй жігіттен саяхаты қалай өтті деп жөн сұрайды. Үстел үстінде аз ғана су құйылған құмыра әлі тұр екен. Жас жігіт құмыраға келіп тағы да су құяды.

Сосын: 

- Осы уақытқа дейін басқа бағытқа қарап келгеніме таң қалдым. Не істесем екен деп армандайтынмын. Тек өзгелерден артық болу үшін солай талпыныппын. Басқалар істей алмағанды істесем деп келіппін. Маған тәкәппарлығым маза таптырмаған екен. Өзімнің қаншалықты ерекше адам екенімді білмей өтіппін. Өзімді танымаппын. Жан жүрегімнің түкпіріндегі бос кеңістікті толтыру үшін ғана өзгеден асып түссем деп жанталасыппын. Су деген өзіме деген сүйіспеншілігім екен. Өзіме деген сенімім мен өзімді түсінуім.  Бұдан былай өзгемен жарысудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Немен айналысқым келгенді білдім. Жүрегім сезді. Мен жүрегіме сенем, - дейді. 

Үш жылдан кейін әлгі данагөй асай-мүсей сатып алмаққа қалаға келіпті. Жергілікті газеттен соңғы жылы үлкен жетістікке жеткен ірі компания туралы оқып, біледі. Суреттен өзіне келіп кеткен жас жігітті таниды. 

 

Аударған Шынар Әбілдә

 

 

0 пікір