ӨСИЕТ
ӨСИЕТ
30.08.2019 10:14
4676
0

Бауыржан Қарағызұлының термесі  

Адамнан дос табылмас,
Хақ Алладай дос бар ма?!
Аңдап басқан жаңылмас,
Нәпсідей – сор, қас бар ма?!
Иман кетсе адамнан,
Кие қашар ғаламнан,
Иман сұра Алладан,
Азаптанған сорлы адам. 

Жан көзінен тамған жас –
Шын Дұғаның сәлемі.
Бес уақыт намазың,
Періштедей әдемі.
Тілегіңе Хақ тұнса,
Жүрегіңе құт қонар.
Зұлымдықтың зәрінен
Жалғыз Алла құтқарар. 

Өмір берген әуелі,
Қабыл еткен тәубені.
Ақыл берген мәуелі,
Сезім берген сәулелі.
Жүзіңнен нұр таратқан,
Құран сөйлеп сертінде,
Әділетпен жаратқан,
Хаққа күмән келтірме! 

Болмашыға ашынып,
Білімсізбен ұрыспа
Алла берер ниетке,
Ниетіңді дұрыста.
Жаратқанға пұлданып,
Жанбай жатып сорлама.
Өз-өзіңе құл болып,
Өміріңді қорлама. 

Адамнан бай болсаңда,
Алладан бай емессің.
Төрде сыйлы болсаңда
Көрде сыйлы емессің.
Қол көтерме әкеңе,
Ар қорланып жылайды.
Қарсыласпа анаңа,
Қарғағаның Құдайды. 

Ата салтын білмесең,
Қорлатқаның атаңды,
Ана тілін білмесең,
Сорлатқаның анаңды.
Сансыратып санаңды,
Дінді бұзсаң оңбайсың
Алдасаң да адамды
Алланы алдай алмайсың. 

Өз қадірін білмеген,
Дін қадірін біле ме?!
Өз Отанын күндеген,
Өз-өзіне күле ме?
Серік етіп ғылымды,
Азамат бол қайраттан,
Аулақ ұста тіліңді,
Тозақ тілі – ғайбаттан. 

Кербезденіп баптанып,
Түзете алмай мініңді.
Бос нәрсеге мақтанып,
Босқа өткізбе күніңді.
Құмарлыққа кетпесін,
Бауыздалып арманың,
Уақытты қадірле,
Аманаты Алланың 

Жұбайыңды ардақта,
Жүрегіңді түсінген.
Әр сөзіңді салмақта,
Қайыр тіле ісіңнен.
Алтын сарай салсаң да,
Қайырлы болсын дегейсің,
Пышақ сатып алсаң да,
Қайырлы болсын дегейсің. 

Ағайыннан не қайыр,
Қадіріңді білмесе.
Бір туғаннан не қайыр,
Бірін бірі күндесе.
Ару қыздан не қайыр,
Арын сақтап жүрмесе,
Ақсақалдан не қайыр,
Арақ ішіп жүр десе. 

Бәйбішеден не қайыр,
Жақсыларды тілдесе.
Айтқан сөзден не қайыр,
Құлағына ілмесе.
Бірлік тіле еліңе,
Жаудың көзі өтпесін.
Бақыт тіле жеріңе,
Жат қолында кетпесін. 

Адамнан дос табылмас,
Хақ Алладай дос бар ма?!
Аңдап басқан жаңылмас,
Нәпсідей – сор, қас бар ма?!
Жұмақ кілті – кешірім.
Ақыл көзі – иманда,
Еленсін де есімің,
Махшар күні жиғанда.
Құдіретті хақ Алла. 

Сөзі: Бауыржан Қарағызұлы
Орындаған: Сәрсенбай Қасенов

 

0 пікір