ОН ПӘЛЕНІҢ ТОҒЫЗЫ ТІЛДЕН!..
ОН ПӘЛЕНІҢ ТОҒЫЗЫ ТІЛДЕН!..
20.09.2019 16:35
202
0

Ақиқатты жеткізуде айтылған сөз шынайы көңілден шығып, тыңдаушының жүрегіне жол табуы тиіс. Қазақ халқында «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл – тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген мақалдар бар.

Сондықтан қай жерде қалай сөйлеуге айрықша мән беру керек. Ауызға келгенді айта беру сөз қадірін ғана кетіріп қоймай, сөйлеушінің де мәдениетінің төмендігін елге паш етіп, кейін опық жеуіне әкеп соғады. Одан қалса тыңдаушының жүрегіне жазықсыз жара түсіруі мүмкін. «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз» дегендей, қисық сөзден аулақ болып, керісінше дуалы ауызды сөзбен тілімізді әрлегеніміз дұрыс емес пе?!

Ыбырай Алтынсарин атамыздың «Мұсылманның белгісі – тілінен тамар шырасы» деп айтқанындай, сөйлеген сөзіміз ішкі жан дүниеміздің белгісі ретінде сыртқа жайылады. Сондай-ақ біздің әрбір айтқан сөзімізді екі иығымыздағы періште жазып отыратынын да естен шығармаған жөн.

 Ибн Масғуд: «Мен Пайғамбардың (с.ғ.с) былай дегенін естідім: «Шындығында, адам баласының қателіктерінің көбі тілінен». Алла елшісі (с.ғ.с): «Әлдекім Алланың разылығын алатындай бір сөз сөйлейді, осы сөз иесін жоғары дәрежеге жеткізеді деп ойламайды. Сол сөзі үшін Алла Тағала ол адамға деген разылығын ақыретке дейін жазып қояды. Енді бірі Алланың ашуын шақыратын бір сөз сөйлейді, бұл сөзі басына бәле әкелетінін ойламайды. Алла Тағала сол сөзі үшін әлгі адамға ақыретке дейін ашулы екенін жазып қояды».

 Келесі бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» деп, жақсы сөзі мен жарым ырыс сыйлайтын, ешкімге зияны тимейтін тілді айтқан.

Орынды сөйлеу – әдептілік пен сыпайылықтың белгісі. Сондықтан шәкірт ұстаздың, кіші үлкеннің айыбын бетіне баспағаны дұрыс. Тіпті әрбір адамға айтар сөзіміз құлаққа жағымды, бас шұлғытатындай қисынды болуы тиіс.

Әлішер Науаидың:

Аузына келгенін айту – наданның ісі,

Алдына келгенін жеу – хайуанның ісі, – дегені орынды ескерту.

 Бос сөйлеу де жаман қасиеттердің бірі. Алла елшісі үмбетіне: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, сөйлегенде жақсы сөз сөйлесін, әйтпесе үндемесін», – деп, тілін жамандықтан сақтау керектігін ескерткен. Демек, кей жағдайда үнсіз қалу, бос сөзден абзал. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» деген ғой аталарымыз.

0 пікір