Он күнәнің тоғызы тілден!
Он күнәнің тоғызы тілден!
12.11.2019 08:56
5024
0

-Көшеде өзімен-өзі сөйлесіп, біресе күліп, біресе жылап, енді бірде айқайға басып: «Жоқ...Жоқ!Мүмкін емес,мүмкін емес...тірі,тірі...»,-деп келе жатқан жігітті көрдің бе? Біле білсең,ол осыдан бір емес бірнеше жыл бұрын бүкіл отбасынан айрылған. Ал сен бір күнде әкеңнен, анаңнан, әпкең (қарындасың, сіңілің), ағаң (ініңнен) мәңгіге көз жазып қалу қаншалықты ауыр екенін тіпті елестете алмайсың! 

— Ал анау қолында бөпесін көтеріп тұрған қызды көріп:

«Өй, мынауың жап-жас боп алып...»,- деген шығарсың. Бірақ сен,ол қызды 15 жасында зорлап кеткені туралы білмейсің ғой. 

— Автобуста басына орамал қымтап, бұтына шалбар киіп алған қызды көріп:

«Осылар ғой дінді «модаға» айналдыратын»,- дедің. Бірақ ол қыз осыдан бірнеше ай бұрын ісік ауруына шалдығып, шашын ұстарамен қырып тастаған. Неге сен осылардан хабарың болмаса да, сырттай шешім шығарасың?! 

— Қоғамдық жерлерде танысың, досыңды кездестіргенде, сатып алған соңғы үлгідегі телефоныңды, су жаңа киіміңді, бутиктен алған қымбат етігіңді жыр қылып айтып бітіре алмайсың. Бірақ та сол уақытта қара нанға ақшасы жоқ адам сенің әңгімеңді тыңдап қатты қиналып тұрғанына тіпті мән бермедің! 

— Ал анау бір оқушы ҰБТ-ға кіруден қорқып, қашып жүр. Оны көріп білімі таяз деп ойлаған шығарсың. Жо-жоқ! Олай емес! Біле білсең оқу үлгерімі үздік ағасы өткен жылы ҰБТ-дан сүрініп, өз-өзіне қол жұмсаған. Ол ағасының тағдырын қайталаудан қорқып жүр. Қарап тұрсаң оның білімі емес, сенің санаң таяз! 

— Ешқашан туылған күнге бармайтын, ойын-сауықтарға қосылмайтын, сабақтан соң бірден үйге қайтып кететін қызды «адамдарға қосылмайтын жабайы»,- дерсің. Бірақ сен ол қыздың анасы жазылмайтын дертке ұшырап, ажал аузында жатқанын, ол қыз күнде сабақтан соң анасының дәрісіне ақша табу үшін жергілікті цехта еден жуушы болып жұмыс істейтінін білмейсің. 

— Сақал қойған жігіттерді көрсең болды:

«Уахаб, уахаббист»,-деп ат тоныңды ала қашасың. Онда маған мынаны айтшы: Абай, Ыбырай, Абылай хан, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке биде не үшін сақал бар?! 

— Ал үнемі ұзын жеңді көйлек киетін жігітті танып тұрсың ба? Оның әкесі қатты ашуланған кезінде, жігіттің қолын пышақпен тіліп тастаған. Содан қалған тыртықты, осылай жасырып жүр...

«Он күнәнің тоғызы — тілден» екенін ұмытпайық достар. Білмей жатып,  адамның сыртынан сөз айтуды қояйық.  Бұл — ғайбат, яғни ең ауыр күнә! 

0 пікір