Өміріңізде жазуыңыз тиіс 5 хат
Өміріңізде жазуыңыз тиіс 5 хат
13.01.2017 15:21
7410
1

Интернет торабындағы хат алмасу қызметін дәстүрлі хат алмасу романтикасымен салыстыруға келмейді. Себебі әрбір алған қағаз хат жүрегімізге жақын, жылы тисе, электронды хат мұндай әсер сыйлай алмасы анық. Ендігі күнде дәстүрлі хат жолдау түрі хоббиге айналатын да шығар деген болжам жасай беруге де болатындай. Енді осы хоббиді ұнататындарға қызықты хаттар жолдау жолдарын айтып бермекпіз. Бұл бес түрлі хат жазу жолын өміріңізде тым болмағанда бір рет болсын жазып көруіңіз керек.

1. Құттықтау хат

Алға қойған жоспарымызды орындағанда қатты қуанатынымыз белгілі. Ал жеткен жетістігімізді айтып, марапатқа шомғанда одан да бақыттырақ бола түсеміз. Біздің мерейімізді өзгелер асырып жатса екен дейтініміз жасырын емес. Құттықтау хат – жеке қасиеттерді де, кәсіби біліктілікті де көтеретін құрал. Дәл сол сияқты өзге де адамдардың, жұмыстастардың жетістігіне қол алысып, құттықтай салғаннан гөрі бар ізгі тілегіңізді көрсететін құттықтау хат жазуға берілген мүмкіндік. Ініңіздің оқудағы жетістігіне немесе әпкеңіздің тұрмыс құруына, тіпті болмаса әріптесіңіздің қызметтен жоғарылағанына бар ниетіңізді, тілегіңізді жазып, хат жолдаңыз.

 2.Әкеге хат

Әке – әрбір адамның мақтанышы, асқар тауы. Әрбір балаға әке нағыз ер адамның үлгісі болса, қыз бала үшін әке қамқоршының, сүйенішінің жиынтық кейіпкері. Көбіміз ата-анаға, оның ішінде әкеге деген шексіз құрметімізді жеткізе алмаймыз. Жүрегіңіздің түбінде көмілген құрметіңізді хатпен жеткізіп көріңіз. Егер әке алдында әлсіздігіңізді көрсеткіңіз келмесе жазған хатты жібермеуіңізге де болады. Хатты жазудың өзі әкеңізге деген құрметіңізді өсіреді.

3.Көңіл айту хаты

Жазылар көп хаттардың ішіндегі ең ауыры көңіл айту хаты. Мұндай кезде көңілдегі көрікті ойды қара сөзбен жеткізу қиынға соғады. "Көңіліне тиіп аламын ба", "Ойымды дұрыс жеткізбей қалам ба" деген ой мазалайды. Сондықтан да көңіл айту хатын тым сирек жазамыз. Иә, көрісіп, қол алысып көңіл айтқанымызды дұрыс деп есептейміз. Бірақ мұндай мүмкіндік әркімде бола бермейді. Міне, осы уақытта шалғайдағы ағайынға, досқа көңіл айту хатын жіберсеңіз болады. Хатты оқыған досыңыз сіздің ақ пейіліңізді, уайымыңызды түсінеді.

4.Болашаққа хат

 Өмірде қандай да бір өзгерістің болғанын байқап қалсақ, болашағымыз қандай болатынын, өткенімізден нендей айырмашылықтар көретінімізді білгіміз келеді. Адам жеткен жетістіктерінен, бағытынан тайқып кетпеуі үшін болашаққа, келер күнге хат жаза алады. Осы секілді сіз де 5, 10, тіпті 20 жылдан кейінгі өзіңізге хат жазып көріңіз. Онда жоспарыңызды, арманыңызды, үмітіңізді сыйдырыңыз. Егер бұл хатты кейін оқитын болсаңыз қаншалықты өзгергеніңізді байқайтын боласыз. Егер армандарыңыз ақылға қонымсыз болып көрінсе бір күліп те аласыз, ал керісінше, арман-мақсаттарыңыздың тек тең жартысына жеткеніңізді байқасаңыз өзіңізді қамшылауға сеп болады.

5.Ғашықтық хаты

 Бар сезімімізді бір хатпен жеткізу оңай емес. Ер адамдар ғашықтығын сөзбен емес, іспен дәлелдегісі келеді. Ал қыз бала бар сезімін көзге қарап емес, хат арқылы жеткізе алады. Махаббат хаттарын өлеңмен де, қара сөзбен де жаза аласыз. Бастысы шынайылық қана. Шынайы жазсаңыз адресат сіздің ойыңызды жақсы түсінетін болады. Ал сіз соңғы рет қашан хат жаздыңыз?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Massaget.kz 

1 пікір
  • Ассалаумуалейкум мен өмірімде бір рет болсада хат жазбағанмын және оған менің ой пікірім жетпейді, бірақ хат жазғым келеді қалай істесем болады. Түсінгендеріңіз үшін рахмет.