Өмір-қамшының сабындай...
Өмір-қамшының сабындай...
04.01.2017 13:45
2988
0

Адам баласын қоршаған барлық нәрсе құдіреті күшті Алла Тағаланың жаратуымен болған. Құран Кәрімде: «Барлық нәрсенің жаратушысы Алла және Ол әр нәрсеге кепіл».(Зүмәр сүресі, 62 аят)  Өз құдіретімен бәрін жаратты. Сол нәрселердің бәріне кепіл. Өздігімен еш нәрсе болған жоқ және өздігімен еш нәрсе бұл дүниеде бар болып тұра алмайды. Ал бар болған, жаратылған нәрселердің бәріне Алла Тағала Өзі кепіл. Яғни бар болуы да Алланың қалауы және құдіретінің арқасы. Сонымен қатар не нәрсені жаратам десе немесе керісінше Өзі жаратқан нәрсесін құртам десе ешкім кедергі бола алмайды. Бол дейді, болады. Бұл жайында да Құранның аяттарынан оқи аламыз:  «Шын мәнінде Ол, бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола қалады». (Ясин сүресі, 82 аят)                                                                                                                     

Және сол «бол» деп жаратқан нәрселерін толық бақылаушы. Алланың рұқсатысыз еш нәрсе әлемде болмайды, болған нәрсе жоғалмайды. Алла Тағала барлық кемшіліктер мен әлсіздіктерден пәк, әлсәздәктер Оған тән емес. Бар мұсылман адам жатқа білетін Бақара сүресіндегі аятул күрсінің мағынасына қарасақ: «АллаТағала, Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы. Олқалғымайды да ұйықтамайды. Көтердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Барлық нәрсе Оның құзырында, Оның рұқсатысыз кім шапағат етеді? Олардың алдыларындағыны да арттарындағыларды да біледі. Олар Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді (Адам баласы Алла қалаған нәрседен басқа еш нәрсені білмейді). Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған ол екеуін (аспан мен жерді) қорғау ауыр келмейді. Және Ол өте биік, аса зор». (Бақара сүресі, 255 аят)

Жоғарыдағы аяттардан көргеніміздей барлық нәрсе өз еркімен болмайды. Және барлық нәрсе жаратылғаннан кейін өз еркіне тасталмайды. Бәрі Алланың қадағалауы  және білімінің құзыретінде. Сол сияқты уақытта Алланың әмірімен болып, қалауымен жаратылған. Жер мен аспандағы нәрсенің бәрі уақытқа және мекенге мұқтаж. Не нәрсенің өз орыны бар. Әр нәрсенің басталуы мен аяғы бір уақытқа байланған. Таң атып, күннің батуы. Табиғаттағың барлық құбылысы мен мезгілі өз кезеңімен болады. Аспан мен жердің де жаратылуы бір уақытқа байланған. Имам Ахмадтың, Абу Дәуід пен әт-Тирмизидің сүнәндерінде келтірілген пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде :  «Шындығында Алла ең бірінші жаратқан нәрсесі қалам болды. Содан кейін Ол оған жаз деп бұйырды. Сол сағаттан бастап қияметке дейін барлық нәрсенің жаратылысы басталды»- делінген болса, сахих Муслимде риуаят етілген хадисте Абдулла бин Амру бин әл-Ас (Оған Алла разы болсын) Алланың елшісінен(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  естідім. Ол(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  былай айтты: «Алла жер мен көкті жаратпастан елу мың жыл бұрын барлық жаратылыстың тағдырын жазды» - дейді.

Барлық жаратылыстың жаратылуының уақыты бар болғандай, бізді қоршаған нәрселер де өз уақтымен басталып, өз уақытымен бітеді. Табиғаттағы құбылыстардың жартылысы туралы Құраннан мысал іздесек, Тәубе сүресінен 36-шы аятында айтылғандай,  жылдың  он екі айдан тұратыны да Алланың қалауы екенін білеміз: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі».

Адам баласының өмірі уақытпен шектелген. Және сол өмірі осы уақытпен реттелген. Жыл он екі ай, әр апта, әр күннің өзіндік мағынасы мен мәні бар. Адам баласы  немесе басқа жаратылған мақұлықтар бәрінің өзіндік демалатын уақыты мен ырзығын тауып жейтін уақыттары бар. Мысалы түнді адам баласына  ұйықтауы үшін жамылғы қылып жаратса, күндізді ырзығын тауып жеуі мен сол берген нығметтеріне шүкір етіп, құлшылық етсін деп жаратты. Бұл айтқандардың айғағын Құраннан табамыз:  «Түнді жамылғы қылдық . Күндізді тіршілікке жараттық». (Нәбә сүресі, 10-11 аяттар)

Мұсылман адамның Аллаға қылып жүрген құлшылығының көпшілігі  уақытқа тәуелді. Мысалы оқып жүрген бес уақыт намаздың кіретін уақыты мен шығатын уақыты бар. Сол намаздардың атаулары да тәуліктің мезгілдерінің атаулары мен аталады. Таң, бесін, екінті, ақшам, құптан. Таң намазы аты айтып тұрғандай күн шығып, таң ататын уақыт болса, бесін деп күннің дәл төбеден ауған кезін айатды. Екінті дегенімз әр нәрсенің көлеңкесі өзінен екі есе болғанын айтса, ақшам деп күн батқан кезді айтады. Ал құптан уақыты күн толық батып қараңғы түскеннен кейін кіретін намаз уақыты. Құран Кәрімде Алла Тағала былай деген: «Өйткені, намаз мүминдерге белгілі бір уақытта парыз қылынды». (Ниса сүресі, 103 аят) Міне осы намаздың дүрыс болуы уақыттына байланысты. Намазды өз уақытында оқу қабыл болуының шарттарының бірі. Абдулла бин Масғут (Оған Алла разы болсын) Алланың елшісінен(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  ең абзал амал не деп сұрағанда, ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өз ауқытында оқылған намаз»- деп жауап берген.

Сахих Мүслім мен имам Ахмадтың мүснәдінде риуаят етілген. Бес уақыт намаз тәуліктің уақыттарына байланысты болса, жұма намазы аптаның жұма күніне байланысты болады. Дәл сол сияқты исламдағы намаздардың қайсысын алсақ та, белгіленген өз сағаты, күні, аптасы, айы бар.

        Дәл осылай «Рамазан» айының оразасын алсақ , олда рамазан айының туы мен бітуіне тәуелді. Бұл ай келмей немесе керісінші өтіп кеткеннен кейін тұтылған ораза парыз болып саналмайды. Бұл құлшылықтың да парыз болуына себеп болатын уақыт. Мысалы Құранда Бақара сүресінің185- ші аятында былай делінген: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын».

Рамазан айындағы ораза және сол оразаға байланысты ауыздың ашалып, жабылуы да уақытпен шектелген. Ораза кезінде оқылатын тарауих намазының өзі де құптан намазының уақытымен  байланыстырылған. Айта берсек ислам діні уақыттың қадірін білуге адамзатты үгіттеген қасиетті дін. Сондықтан адам баласы уақытының қадірін білуі керек. Бос жүріс пен бекершілікті қойып, дүниесі мен қияметіне пайда беретін нәрселермен шұғылданғаны дұрыс. Балағат жасына жеткен кезден бастап, өміріміздің соңына дейінгі өткізген әр минутымыз үшін ертең жауап береміз. Әлем бір орында тұрмайды. Уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Сондықтан бізде бәз қалыпта қалып қоймайық. Уақытымызды дұрыс пайдаланып өзімізге және қоғамымызға пайда әкелетін істермен шұғылданғанымыз дұрыс болады. Өмірді дана халқымыз «Қамшының сабындай қысқа» деп ескертіп кеткен. Қазіргі кезде осы қысқа өмірдің қарқыны мен жылдамдығы да арта түскендей. Бүгін істелінетін затты ертеңге қалтыруға болмайды. Көштің соңында қалу қаупі бар.

        Елімізді, керек десеңіз күллі әлемді таңдандырытындай, ірге тасы мықты, шаңырағы биік ел болуға ат салысайық.

        Әр уақыт өмірімізге пайдалы болсын. Алла Тағала уақытымызды берекелі қылып, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін!

 

Әбілдабек Хайрол (Екібастұз)

0 пікір