ӨМІР БІЗ ОЙЛАҒАНДАЙ ЕМЕС
ӨМІР БІЗ ОЙЛАҒАНДАЙ ЕМЕС
06.12.2019 11:05
548
0

Екі періште жолға шығыпты. Бірінші күні жолаушылар бір байдың үйіне түседі. Бірақ бұл отбасы аса қонақжай болмай шығады. Олар екі жолаушы¬-періштені қонақ бөлмеге жатқызбай, жертөлеге қонуға рұқсат етіпті. Төсектерін салып, енді жатайын дегенде періштелердің үлкені қабырғадағы тесікті көріп, оны бітеп тастапты. Кішісі неге олай істегенін сұрайды.

Сонда үлкені:

— Өмір біз ойлағандай емес, — деп жауап қатыпты.
Келесі күні олар ыңыршағы шыққан кедейдің үйіне түнейді. Бірақ үй иесі өте қонақжай екен, әйелі екеуі кешкі астарын періштелермен теңдей бөлісіп жейді. Жайлы жатасыздар деп өз төсектерін босатып береді. Ұйқыларын қандырып тұрса, ерлі-зайыптылар қатты қайғырып, жылап отыр екен. Сөйтсе сүтін сатып, содан табыс көріп отырған жалғыз сиыры өліп қалыпты. Сонда кіші періште үлкенінен сұрапты:

— Қалай болғаны бұл? Бірінші үй бақуатты болса да сен оларға көмектестің. Мына бейбақтар аузындағысын жырып, барымен бөлісті. Ал, сен олардың жалғыз сиырының өліп қалуына жол бердің…

— Өмір біз ойлағандай емес, — деп жауап береді ересек періште. — Біз жертөледе қонған кезде қабырға тесігінде олжа барын білдім. Онда көп алтын көмілген. Ол үйдің қожайыны бізді жөндемді күтіп алмаған соң, сол алтынды тауып алмасын деп тесікті бітеп тастадым. Келесі түні жатар кезде жарлының әйелінің жанын алмаққа Әзірейіл келді, бірақ мен оған сиырды бердім. Өмір біз ойлағандай емес. Біз бәрін біле бермейміз. Тіпті сенімі бола тұра, пенде не нәрсенің де оның игілігі үшін жасаларын түйсіне бермейді. Оны уақыт өте келе ғана түсінеді

 

0 пікір