«Олар тәкаппарлар!»,-деп жауап берді
«Олар тәкаппарлар!»,-деп жауап берді
25.05.2016 13:44
2727
0

Оның аты - Мусъаб ибн Умайр (Алла оған разы болсын). Ол өте ертеден келе жатқан ақсүйектер әулетінен шыққан Меккенің ең дәулетті адамдардың бірі болатын. Мусъаб Ислам дінін қабылдағанға дейін ерке, шолжаң бала болған еді. Оның анасы Хунас бинт Малик өте бай болғандықтан баласына тым аса қамқорлықпен қарап, барынша ерке қылып өсірген еді. Мусъаб құрайыш жастарының арасындағы ең табыстысы болып саналды.

Ол әрдайым тек ең қымбат киімдерді ғана киетін. Онымен қоймай, бір киген көйлегін екінші рет қайта кимейтін, ең жақсы киімдерін бір рет қана киіп, лақтырып тастайтын еді. Оның үстінен үнемі әтірдің жұпар иісі аңқып тұратын. Ол көшеден жүріп өтсе, біршама уақыттан кейін ауадағы иісті сезген адамдар осы жерден аз ғана уақыт бұрын Мусъабтың (Алла оған разы болсын) өткенін білуші еді. Сән-салтанат, ең жақсы киім, ең үздік әтір, мол байлық!
Бір күні ол Мұхаммед Пайғамбармен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) кездеседі де,оның дінге шақырған үндеуін естіп, Исламды қабылдайды. Жүрегіне иман ұялап, ақиқатқа көзі жеткен оның жүрегінде Аллаға, Оның елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және Ақыретке деген махаббат ерекше орын алды.

Осылайша, Мусъаб (Алла оған разы болсын) әлгі дүниеуи нәрселердің бәрін тәрк етіп, Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңынан ерді. Бұл жағдайдан хабардар болған анасы оған: «Сол адамға ілесетін болсаң, менен ақша да, байлық та, мұра да, түк те алмайсың!» - деп қорқытса да, Мусъаб (Алла оған разы болсын) аталғандардың барлығын құрбан етіп, анасының қарсылығына тап болғанына қарамастан Алла жолына берік болып қала берді. Тіптен бізге жеткен кейбір хабарларда оның қой терісін киіп жүргендігі туралы айтылған. Меккедегі шыжғырған күнді, жаздың аптап ыстығын көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ал сіздің бар киіміңіз – қойдың терісі!

Мусъаб (Алла оған разы болсын) осындай киім кигендіктен, үстінен бұрынғыдай жағымды жұпар иіс шықпайтын болды. Бірде Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырғанда, Мусъабтың жақындап келе жатқанын көріп, былай деді: «Мына жас жігітке қараңдаршы! Аллаға және Оның пайғамбарына деген махаббаттың оны қалай өзгерткенін көрдіңдер ме? Алланың атымен ант етейін, мен бұрын Мусъабты көргенде, оның үстінен Меккедегі ең жұпар иіс аңқып тұрушы еді!»

Сөйтіп, пайғамбарлықтың 12 жылынан кейін, хиджрадан бір жыл бұрын, Пайғамбар (оған Аланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір адамдар исламды қабылдамағандықтан, Мусъабты (Алла оған разы болсын) Мәдинаға жібереді. Сөйтіп, ол Исламның алғашқы елшісі болды, Құранды жатқа білді, өте жақсы қари болды. Ол жаңа жерде өз миссиясын жүзеге асыруға бар ынтасымен құлшына кірісіп кетті. Оның үндеулерінің пәрменді, жарқын және көңілге қонымды болғаны соншалық, Йасрибтің тұрғындары жас уағызшының уағыздарына бірінен кейін бірі ағылып кеп жатты. Көп ұзамай, Йасрибте Ислам жайлы құлағдар болмаған бірде-бір үй қалмаған еді.

 Оның игі амалдарының кітабында бүкіл Мәдина жазылған. Ол (Алла оған разы болсын), бүкіл Мәдина қаласы үшін сауапқа кенелетіні рас.
Үмбетіміздің ең ұлы қаһармандары: Муаз ибн Джабаль, Амр ибн әл-Джамух, Аббад Ибн Бишр әл-Ашхали және тағы басқалар (олардың барлығына Алла разы болсын), Исламға соның үндеулері арқылы келген. Ол өзінің даналағымен, жұмсақтығымен Йасрибттік Әл-аус тайпасының көсемдері Усайд ибн әл-Худайра мен Саағд ибн Мұғазды, сондай-ақ әл-Хазрадж тайпасының көсемдерінің бірі Сабит Ибн Кайса әл-Ансариді (Алла оларға разы болсын) Исламға келтіре білді. Оның шеберлігінің арқасында осы екі тайпаның арасындағы қаншама жылдан бері өршіп тұрған өшпенділікте жойылған болатын. Мәдинада бір жылдың ішінде кез келген үйде, кез келген отбасында Исламды қабылдамаған бірде-бір адам қалмады. Қиямет күні иманның ең жоғары дәрежесіне жеткен ансарлардың қаншама тайпасы оның алдында тұратын айтсақ, ал, біздің тіпті «әл-Фатиха» сүресін дұрыстап оқи алмайтын жастар жөнінде не деуге болады?

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшкеннен кейін көп уақыт өтпей, Мусъабқа Ухудтағы шайқасқа баратын әскердің туын ұстатқан еді. Шайқас барысында мұсылмандар қаша бастағанда, Мусъаб (Алла оған разы болсын) шегінбестен жаудың қоршауында қалып, өлтірілді. Ол қандай жағдайда жерленді дейсіздер ме? Бірде Әбдурахман ибн Ауфтың (Алла оған разы болсын) аузы берік еді.Ол алдына тамақ келгенде, жылай қоя берді. Айналасындағылар одан: «Ей, Әбдурахман, тамақ жемей неге жылап отырсың? », - деп сұрағанда, ол: «Мусъаб Ухудтағы шайқаста қаза тапты. Ол менен әлдеқайда артық болатын. Ол дүниеден озғанда, біз оның кебініне бір жапырақ шүберек те таба алмадық. Кішкентай ғана жамылғыдан басқа ештеңе таппадық. Басын жапсақ, аяғы ашылып, аяғын жапсақ, басы ашылып қала берді», - деп жауап берді. Біз Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып: «Енді не істейміз?», - деп сұрағанда, ол: «Оның басын жабыңдар да, аяғын шөппен бүркеңдер», - деп жауап берді. 

Аллаху Акбар! Бізге Құранда Мұсъаб жайлы аят түсірілгендігі туралы да хабарлар жеткізілген: «Мүміндерден, Аллаға деген серттеріне берік ерлер бар. Олардың кейбіреуі жанын құрбан қылды, ал кейбіреуі күтуде. Олар серттерін әсте ауыстырмайды.». (33-ші сүре, 23-ші аят).

Бұл - бір адамның адалдығымен, жанкештілігімен Алла Тағаланың пайғамбарлары мен елшілерінің өзіне жүктелген миссияны жүзеге асыруда көрсеткен ерліктерін қайталай білгендігінің үлгісі. Мусъаб – сенің қаһарманың. Алла Тағала үмбетіміздің осындай азаматтарға толуын нәсіп етсін!

0 пікір