Мына 5 нәрсе қолыңнан келсе, күнә жасай бер...
Мына 5 нәрсе қолыңнан келсе, күнә жасай бер...
28.11.2019 09:48
8716
0

Бірде Ибраһим Ибн Адхамға бір залым адам келіп:

 «Мен күнә жасамай жүре алмаймын, сондықтан маған көмектесетін әлдебір нәрсені кеңес етші»-дейді.

Ибраһим:

 «Егер сен мен айтқан бес нәрсенің біреуін орындасаң, қанша қаласаңда күнә жасай аласың және Алла Тағаланың бұйрығына құлақ аспағандардың қатарынан болмайсың»-деп сөзін жалғастырады.

– Бірінші – егер сен күнә жасап, Аллаға құлақ асқың келмесе, оның берген несібесінен жеме.

– Осы дүниедегі бүкіл несібе Аллаға тиесілі болса Оған тиесілі емес несібені қайдан аламын?– дейді әлгі адам.

– Онда Алла Тағаланың бергенін жеп, Оған қалай құлақ аспайсың? – дейді Ибн Адхам кейіп.

– Екінші, егер Аллаға құлақ асқың келмесе, Оның жерін тастап, Оған тиесілі емес жерлерге барып тұр.

– Бірақ барлық жер мен көк Аллаға тиесілі ғой. Күнә жасау үшін мен қайда баруым керек? - дейді әлгі адам.

– Сонда сен Алла Тағаланың жерінде, Оның иелігінде тұрып Оған қалай құлақ аспайсың? - дейді Ибраһим.

– Үшінші – күнә жасағың келген кезде өзіңді Алла Тағала көрмейтін жерге бар.

– О, Ибраһим, сен не айтып тұрсың? Ондай жерді мен қайдан табамын? Алла Тағала көрмейтін жер жоқ қой – дейді әлгі адам.

– Сен Алла Тағаланың көрмейтін жері жоқ екенін біле тұрып, Оның сен не істесеңде көретінін біле тұрып қалай ғана күнә жасамақсың? – дейді Ибраһим.

– Төртінші – жаныңды алуға ажал періштесі келгенде, күнәларыңа тәубе ету үшін оның күте тұруын сұра.

– Бұл мүмкін емес қой, ажал періштесі ешкімге уақыт бермейді ғой – дейді әлгі адам.

– Сонда сен кез-келген сәтте ажал періштесі келіп жаныңды алуы мүмкін екенін біле тұра Алла Тағаланың бұйырғанына қалай құлақ аспайсың? – деп сұрайды Ибраһим.

Сұрағына жауап болмаған соң сөзін жалғастырып:

 «Және ең соңғы бесінші шарт. Соны орындасаң, қалауыңша күнә жасай аласың. Тозаққа жауапты періштелер сені Тозаққа жетектегенде онда барудан бас тарт»-дейді.

Сол кезде айтарға жауабы, жасарға амалы қалмаған әлгі адам сол жерде жылап, қатесін түсініп, күнә жасауды қойып, дұрыс жолға түскен деседі. Шынында біздің қайсымыз жоғарыда аталған бес нәрсені жасай алады екенбіз? Ешқайсымыз! Қолымыздан келмейді өйткені! Қауқарымыздан тыс. Бірақ күнә жасауды жалғастыра береміз. Неліктен?

0 пікір