«МЫҢ САУАЛДАН» ҮЗІНДІ
«МЫҢ САУАЛДАН» ҮЗІНДІ
20.07.2016 13:30
2567
0

Ертеде бір жігіт қалыңдық іздеп жүріп, ақылды бір қыз туралы естіп, оны сынамақшы болады. Жігіт қызға түрлі сұрақтар қояды.

Жігіт: Ақылды жанның ісі қандай болады?

Қыз: Ақылды жан түзелмейтінді түзетем деп әуреленбейді, өзі білмейтін нәрсені әңгіме етпейді. Оның айтқан ақылы соқырдың көзіне нұр, көкірегіне сәуле, қараңғыға жарық бергенмен тең. Зор байлыққа сүрінбейді, тапшы өмірге күйінбейді, ақылдан-сабырды, байлықтан-қанағатты артық санайды. 

Жігіт: Өзін қайғыға душар ететіндер кімдер?

Қыз: Жауға құр қол шапқан жан, өзге елде жүрген жан, жас әйелге үйленген жеңілтек шал. 

Жігіт: Адамға жексұрын көрінетін кімдер?

Қыз: Кіріспейтін жерге киілігіп, білетінін де, білмейтінін де сөйлей беретін мылжың. Көршіге көмек бермейтін, өктем сөйлейтін есерсоқ жан. 

Жігіт: Аздан көбейетін не?

Қыз: От, жау, борыш, ауру, сөз.

Жігіт: Мен сізді ұнатып қалдым, сүйемін, - дейді сосын қыздың ақылдылығына тәнті боп.

Қыз: Менімен қанша рет кездескеніңіз есіңізде ме?

Жігіт: Білмеймін.

Қыз: Сіз білмесеңіз мен сырттай алты рет, осымен жеті рет кездестім. Маған неше рет кездескеніңізді білмей тұрып сүйдім деуіңіз әлі алдамшылық ойдан арылмаған жан екеніңізді көрсетеді, – депті....

0 пікір